Жуырда Алматы қаласында ұлттық қоғамдық қайырымдылық аясындағы «Алтын жүрек» сыйлығының үздік номинантары анықталды.
«Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының ұйымдастырушылары 11 жыл қатарынан еліміз бойынша нағыз мейірбан, жаны жомарт жандарды іздеп келеді. «Қайырымдылық» сынды асыл қасетті бойларына сіңірген алтын жүректерге алғыс айтып, ел алдында мадақтап, марапаттап жүр.
Аталмыш шара жыл сайын «Бауыржан» қайырымдылық қорының бастамасымен, «Нұр Отан» партиясы, «Алтын Қыран» компаниялар тобы, «ПетроКазахстан» АҚ, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.
Осы жылдар ішінде «Алтын жүрек» қайырымдылықтың нышаны іспеттес, қазақ халқының мейірімді әрі атымтай жомарт жандарға бай екенін байқатып келеді. Жыл бойы ұлттық сыйлық ұйымдастырушылары еліміз бойынша қайырымдылықпен айналысатын жандарды іздеді. 2017 жылы «Алтын жүрек» сыйлығына 455 өтініш келіп түсті. Олардың 100-ге жуығы жеке тұлғалардан.
Үміткерлердің қатарындағы танымал саясаттанушы «Сөз» мәдени-танымдық қорының авторы Досым Сатпаев үздіксіз халық арасында мәдениет саласына өз үлесін қосып жүр. Жыл сайынғы қайырымдылық шарасы «Алматы марафон» шарасынан жиналған қаражатты қайырымдылық жолына жұмсайды. Сондай-ақ, американдық Виктория Шарбону мен Элизабет Турнок Тараз қаласында жалғызбасты аналарға баспана беріп, жетім балалар үйлерінде тәрбиеленген балаларға көмек береді.
Үміткерлерді саралау барлық өтініштердің ішінен 3 қазанда өткен эксперттік кеңесте әр номинация бойынша 3 үміткерден анықталды.
Соңғы өткен қоғамдық кеңесте әділқазылар мүшелігіне қазақстандық қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Олардың қатарында тележүргізуші Адель Оразалинова, спортжурналисі Гений Тулегенов, қазақстандық волейболшы Марина Стороженко, сондай-ақ, «АРТиШОК» театрының негізін салушы Галина Пьянова мен қоғам қайраткері Асия Ахтанова, жарнамашы Асхат Өскембаев бар.
«Бауыржан» қайырымдылық қорының атқарушы басшысы, «Алтын жүрек» сыйлығының бас үйлестірушісі Гүлзат Рымбайқызының сөзінше, «Алтын жүрек» сыйлығының 11 жылдық тарихында қайырымды жандардың қатары 5 есе өсті, 2016-2017 жж. аралығында Қазақстан бойынша келіп түскен өтініштер бойынша 29,4 миллиард теңгеге қайырымдылық істері жүзеге асырылған. Ең көп деген игі істер қатарында жетім балаларға қолдау мен спорт және білім саласына қатысы бар шаралардың басым екені анық.
«Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары 2017 жылы 27 қазан күні сағат 19:00-де, Алматы қаласы, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында салтанатты түрде марапатталады.
Ұйымдастырушылар комитетінің мәліметтері бойынша, 2016-2017 жылдар ішінде Қазақстан бойынша 29,4 миллиард теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілген. 16 спорт мектептері, 29 бала-бақша, 23 жалпы білім беретін мектерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. 3 мүгедек балаларға арналған мамандандырылған балабақша салынды. 10 мыңнан астам жетім балалар жазғы демалыстарында түрлі демалыс лагерьлеріне баруға жолдама алды. Демеушілердің арқасында 33 компьютерлік сынып пен 8 аурухана жабдықталды. Жағдайлары төмен 800-ге тарта бала мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Ұлы Отан соғысының 26 ардагерінің үйлеріне жөндеу жұмысы жүргізілді. 500 тыл ардагерлері мен соғыс ардагерлері қаржылай көмек алды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз