Сәуле Мешітбайқызын соңғы жылдары қалың оқырман қауым қаламы жүйрік майталман журналист ретінде таниды. Апайымыздың отыз жылдан аса кәсіби мұғалім болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Иә, ол кісі ауыл мектебінде алғашқы еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, содан соң Алматы шаһарында үлкен саз мектебінде мұғалім, одан соң басшы қызметтерде жұмыс істеді. Сәуле апай сол кездері ізденгіштігімен, жаңашылдығымен танылды. Оның балалардың нәзік жан дүниесін бағындырып алатын ғажайып ұстаздық қабілеті болды. Содан ба, апайымыз мүлдем басқа салаға кетсе де, осы күнге дейін жүздеген шәкірттері қол үзбей ұстаздарымен үнемі хабарласып тұрады. Әсіресе Сәуле апайымыз қиын балалармен тез тіл табысатын.
Мінеки, Сәуле апайымыздың ұстаздық қабілеті «Қазақтелеком» компаниясында тіл майданында күрескер ретінде танылғанда да сөнбей, қайта жарқырап жұлдыздай жанды. Алпыс үш жасында журналистика әлеміне шәкірт болып қадам басса, кейін бұл салада да танымал ұстазға айналды. Ұстаз қай жерде жүрсе де ұстаз. Жақында Сәуле Мешітбайқызын ҚР Білім және ғылым министрлігі «Білім саласының еңбек ардагері» деген атақпен марапаттады. Біз «Қазақстан ZAMAN» газеті, «Елана» сайты мен “Мөлдір бұлақ” журналының ондаған мың оқырмандары атынан ұстазымызды осы марапатымен құттықтай отырып, ол кісіге Алладан ұзақ ғұмыр, таусылмас бақыт, береке-ырыздық, зор қуаныш тілейміз.

“Қазақстан ZAMAN” газеті мен “Мөлдір бұлақ”
журналының ұжымы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз