Мәжілісте өткен Үкімет сағатынан кейін журналистер соңғы күндері күрт қымбаттап, іле-шала «қасқалдақтың қанындай» болған бензин жайлы да білуге ұмтылды.

Бұл жолы нысанаға Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев ілікті.
«Дұрыс айтасыздар, неге бензин жоқ болып қалғанын анықтау керек. Алматыда да, Астанада да осы жайт. Еліміздің басқа өңірлерінің де жетісіп тұрғаны шамалы. Менің ойымша, Үкімет бұл мәселенің неден туындап отырғанын халыққа нақты түсіндіруі керек», — деді ол.
Депутат көптің көкейіндегі ойды да оқығандай тап басып айтты.
«Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы тұрақты. Демек, біздің зауыттарымыз жұмыс істеп тұрған жағдайда белгілі бір дәрежеде кіріс деңгейін ұстап тұруы керек еді. Тапшылық неден туындап отыр. Оны Үкімет нақты дәлелдермен айтуға тиіс». Депутат бензиннің қымбаттауына еш негіз көріп тұрмағанын жасырмады. Бұл жерде белгілі бір топтардың пайда табу үшін кейбір субъективті себептері, белгілі бір шешімдер мен ұстанымдар болуы мүмкіндігін де айтып қалды.
Мәжіліс депутатының түйінді сөзі мынау болды. «Біз бұған төзіп отыра алмаймыз. Бұл — ең өзекті мәселе. Үкімет бұл мәселені осы сәрсенбі күнге дейін біржақты ете алмаса, біз — депутаттар бұл мәселені қозғайтын боламыз», — деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз