Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өткен селекторлық мәжілісте «Жер қойнауын заңсыз пайдалануды тоқтату және келісім шарт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы» баяндама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Иляс Құрамысов: «Соңғы жылдары Сайрам ауданы арқылы өтетін «Ақ су», «Сайрам су» өзендерінің жағалауларында заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілері жиі тіркеліп отыр. Бірінші кезекте Сайрам ауданы Ақсу өзені бойындағы 12 кәсіпорынға тексеру тағайындалып, жер учаскелерінің нысаналы мақсатқа сай пайдаланбағаны анықталды. Одан бөлек, тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастыру кезінде биыл 15 дерек фактіні анықтадық. Жалпы, ішкі істер органдарында ағымдағы жылы жер қойнауын заңсыз өндіру бойынша 80 дерек тіркелді. Оның ішінде 41- іс өндірістен қысқартылса, 4 – іс өндірісте, 32 – іс әкімшілік шара көру үшін облыстық экология департаментіне жолданған. Экология департаменті тарапынан 20 заңды және жеке тұлғаға – 2,7 млн теңге айыппұл салынды. Оның өндірілгені 1,93 млн теңгені құрайды»,— деген деректерді алға тартты. Жансейіт Түймебаев: «Облыста 166 заңды жер қойнауын пайдаланушыларға келісім шарт берілген болатын. Солардың тек 65-і ғана жер учаскелері карьер ретінде рәсімделген, ал қалған 101 жер учаскесі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер есебінде тұр. Жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан жер учаскесін пайдалану заңдылығын және жер учаскелерінің құқық беру құжаттарының заңдылығына басты назар аударып, тексеру жұмыстары жүргізілсін. Облысымызда жер қойнауын заңсыз пайдалануға жол берілмеуі керек. Осы ретте заңсыздықтарды қадағалауға тиісті жергілікті полиция қызметінің жұмысын ширатуды тапсырамын»,— деді. 2017 жылдың сәуір айынан бастап Сайрам ауданында 12 нысан тексеріліп, заң бұзушылықтарды жою жөнінде берілген нұсқамалардың 3 айлық мерзімі өткенімен, бүгінгі күнге кәсіпорындарға нақты шаралар қабылданбапты. Ол ол ма, бүгінге дейін облыс бойынша заңсыз жер қойнауын пайдаланушының бірде-бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылмағсн. Себебі, келтірілген зардап 1000 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, әкімшілік жауапкершілік шегінде қарастырылады екен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз