Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 18 қазан күні Астанада шетелдік дипломаттармен кездесті. Кезедесуге жеті мемлекет елшілерінің ауысып, қызметтеріне кірісуі себеп болған еді. Олардың қатарында Ауғанстан, Польша, Канада, Финляндия, Бельгия, Франция және Эстонияның елшілері бар. Назарбаевқа өз президенттерінің сенім грамоталарын табыстау салтанатты рәсіміне келген дипломаттар қызыл кілеммен жүріп, көк байраққа ерекше құрмет көрсетті. Алғаш болып грамота табыстаған Эстония елшісі сәлем сөзін қазақша бастан: «Төтенше және өкілетті елші қызметіне тағайындалу туралы сенімхатты ұсынуға рұқсат етуіңізді сұраймын», — деді. Дипломаттың қазақ тіліне деген құрметін президент жылы қабылдап, қалжың алмасып, естелікке суретке түсті. Кездесу соңында сөз алған мемлекет басшысы: «Астанадағы келіссөздер Сириядағы соғыс отының саябырлауына сеп болды. Бүгін сіздер үшін еңбек жолдарыңыздың жаңа кезеңі басталып отыр. Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңыз табысты болады деп сенемін. Сіздер біздің ел тарихындағы жаңа дәуірге куә боласыздар. Біз Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыруға кірістік. Рухани жаңғыру атты ауқымды бағдарлама, әрбір азамат үшін ерекше мәнге ие болады»,— деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз