Парламент мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы жобасының екінші оқылымы өтті. Аталған заң жобасын парламент мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Омархан Өксікбаев таныстырды. Кейін халық қалаулылары өздерін толғандырған мәселелерге байласынты үкімет мүшелеріне сұрақ қойды. Депутаттар әсіресе Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтан жұмсалған қаржының есебін сұрап, сұрақтың астына алды. Себебі, 2014 жылы Ұлттық қордан квазимемлекеттік секторға бөлінген 680 млрд теңгенің 7,5 миллиарды ғана Ұлттық қорға қайтарылған. Парламент мәжілісінің депутаты Майра Айсина министрге: «Неге квазимемлекеттік секторға қомақты қаржы құйылады да, Ұлттық қорға мардымсыз 7,5 млрд теңге қайтарылады? Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, барлығы негізгі компаниялар, оның ішінде Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, «Эйр Астана», «ҚТЖ» бар. Бірақ олар 2020 жылға дейін жекешелендірілмек»,— деп сауал жолдады. Сұраққа қаржы министрі: «Қазіргі таңда кешенді түрде 113 млрд теңгеге 291 объект салынды. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 23 объект тұрғызылды. Оған бөлінген қаржы 8 млрд теңгеден асады. Коммуналды меншікке 162 объект, қаржы көлемі 33 млрд теңге, ал квазимемлекеттік секторға 106 объект сатылды. Бұл 70 млрд теңгеден астам. Яғни егер сатылған объект республика меншігінде болса, қаржы республикалық бюджетке түседі. Ал объект жергілікті меншікте болса, ақша жергілікті бюджетке түседі. Сондай-ақ, ұлттық компанияларды және олардың құрамына кіретін ұйымдарды сатудан түскен қаржы тиісті компаниялардың есебіне түсті. Биыл көктемде бюджет заңына өзгерістер енгізілді. Сіздер жекешелендіруден түскен қаржы Ұлттық қорға түссін деген тапсырманы білесіздер. Қазіргі таңда Үкіметтің қаулысы пысықталып жатыр»,— деп жауап берді.  Алайда бұл жауап парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинге ұнамай қалды. Ол: «Жауабыңыздан түк түсінбедім! Министр мырза, сіз сұраққа жауап беріңіз немесе жауап бермей-ақ қойыңыз. 2014 жылдан бері Ұлттық қордағы 680 млрд теңге квазимемлекеттік секторға бөлінді. Тиісті мәліметтер бойынша жекешелендіруден Ұлттық қорға  7,5 млрд теңге қайтарылған. Үкіметтегі әріптестер, бүгінгі жұмыс күніміз ұзаққа созылатын түрі бар. Сондықтан сұрақтар бойынша нақты жұмыс істейік»,— деді. Ескертуден кейін Бақыт Сұлтанов сұраққа нақты жауап беруге тырысты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз