Биыл Маңғыстау облысындағы Түпқараған ауданының құрылғанына 25 жыл. Аудан орталығы — Форт-Шевченко қаласы. Аудан құрамында Форт-Шевченко қаласы, Баутин, Қызылөзен, Таушық, Ақшұқыр ауылдары және Сайын Шапағатов ауылдық округтері кіреді.
Соңғы 10 жылда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жылдан-жылға жоғарылап келеді. Барлық елді мекендер көгілдір отынмен қамтылған. Бүгінгі таңда ауызсу және кәріз су құбыры құрылыстары жүргізілуде. Барлық елді мекенде мектеп, балабақша, мәдениет үйлері жұмыс істейді.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аудан халқын мерейлі мерекемен құттықтады. Өңір басшысы алдымен Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласындағы «Мәдениет үйі» мемлекеттік кәсіпорнына барып, жұмысымен танысты. Орталықтың сыйымдылығы 255 адам. Мұнда 37 адам жұмыс істейді. Ауданның 25 жылдығына арналған салтанатты жиын осы мәдениет үйінде өтті. Өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы Түпқараған ауданының әлеуметтік, экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды алғыс хатпен марапаттады.
— Жалпы ауданның өсу қарқыны жаман емес. Соңғы бір жылдың ішінде 70-ке жуық арнайы шағын және орта бизнес орындары ашылып, 100-ден аса жаңа жұмыс орыны ашылды. Бұл бір аудан үшін аз көрсеткіш емес. Мұның барлығы облысымызға тікелей әсерін тигізеді. Орта және шағын бизнестің айналасында көптеген жаңа жұмыс орындарын ашуымыз керек. Осыған байланысты аудан әкіміне де тиісті тапсырма берілді. Ол менің тапсырмам емес, ол Елбасының алдымызға қойып отырған тапсырмалары.
Құрметті ағайын, әрқашанда көк туымыз көгімізде желбіреп, еліміз тыныш болып, облысымыз қарыштап алға дами берсін! Мерекесі мен берекесі ұштасқан түлеген түбек Түпқараған ауданының 25 жылдық мерекесі тағы да құтты болсын! — деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Салтанатты жиыннан кейін өңір басшысы «Дарын» аудандық қосымша білім орталығына барды. Білім беру мекемесі 2011 жылы ашылған. Қазір мұнда 45 қызметші еңбек етеді. Орталықтың сыйымдылығы 62 орындық. Білім ордасының мақсаты — оқушылар мен жасөспірімдердің сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану. 2017-2018 жылдарға дейін 600 баланы қосымша біліммен қамту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, облыс әкімі Ералы Тоғжановқа «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Түпқараған аудандық жобалық офисі таныстырылды. Қазір ауданда 4 кіші бағдарламадан тұратын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша аудандық жұмыс тобы, Жобалық топ пен хатшылық құрамы бекітілді. Аталған топқа өңірдің зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік орган басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, БАҚ өкілдері енгізілді. Сондай-ақ, Түпқараған ауданы бойынша «Рухани жаңғыру» аудандық жобалық офисі құрылып, бүгінгі күні аталған бағыттағы жұмыстарды жүргізуде.
Аудан орталығында мерекеге арналған шеру ұйымдастырылды. Оған аудан ардагерлері, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, құқық қорғау саласында ұлттық қауіпсіздік комитеті, аудандық прокуратура, аудандық сот, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, аурухана, білім бөлімінің қызметкерлері, ауданның қуатын бейнелейтін өндірістік мекемелер, спортшылар, аудандық «Тұлпар» әскери-патриоттық клубы, ауданның белсенді жастары және мектеп оқушылары қатысты. Шеру соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.
Мерекелік концерттен кейін ат шабыс алаңында «Аламан бәйге» ұйымдастырылды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз