Үкiмет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша есеп берген ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек: «Маңызды мiндеттердiң бiрi – республикалық маңызды автожолдарда ақылы жүйенiң енгiзiлуi. 2020 жылға қарай барлығы 6,5 мың шақырым автожолды ақылы ету жоспарланып отыр. 2018 жылғы бiрiншi тоқсанның соңында Алматы-Қорғас (295 км) учаскесiн iске қосуды көздеп отырмыз. Жол толығымен екiншi тоқсанның соңында iске қосылады. Қалған 5,5 мың км жолда ақылы жүйенiң енгiзiлуi бойынша айтсақ, биылғы жылдың желтоқсанында бiрқатар жобаны әзiрлеу аяқталмақ. Атап айтсақ, Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Қапшағай – Талдықорған, Астана – Қостанай – Ресей Федерациясының шекарасы, Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы, Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжiгiт – Өзбекстан шекарасы, Щучье – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы, Астана – Павлодар – Омбы, Ақтау – Бейнеу учаскелерi. Ал 2018 жылдан бастап монтаж жұмыстарын жасау көзделiп отыр»,— деп мәлімдеді. Министрдiң айтуынша, 2020 жылға қарай ақылы жолдан жыл сайын 30 млрд теңге қаржы түседi деп жоспарланып отыр. Ал 2023 жылға қарай ақылы жолдардың ұзындығы 10,4 мың шақырымға жетiп, жиналатын қаржы 45 млрд теңгеге дейiн артпақ. Бұл өз кезегiнде республикалық маңызды автожолдардың барлығын (23,5 мың км) бюджеттен қаржы бөлмей-ақ күтiп ұстауға мүмкiндiк бермек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз