Жамбылда болашақта тағы 100 жоба жанданады

Бүгінде Жамбыл облысы сырттан ағылған инвесторлар үшін «жер жұмағына» айналып отырғаны жасырын емес. Әсіресе, минералды тыңайтқыш пен аграрлық салаға қаржы құямын деушілердің қатары күн санап артуда. Мәселен, инвестициялық жобаларға жүргізілген мониторингтің соңғы нәтижесі алдағы уақытта өңірде жүзеге асырылуы тиіс 100 жобаны анықтап отыр. Сондай-ақ, инвесторларға қызмет көрсету орталығы құны 1 миллион АҚШ долларына тең 15 жаңа жобаны қаржыландыруға ниет білдіруде. Міне, осындай жағымды жаңалықтан жуырда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев инвесторларды тарту мен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңесте хабардар етті.
Жалпы, болашақ 100 жобаның құны екі триллионнан астам теңгені құрайды екен. Облыстың инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша өңірлік кеңес отырысының алғашқы хаттамасындағы негізгі тармақтардың орындалу барысын баяндаған облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова өңіріміздің экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында индустриалды-инновациялық аймақ құру ісін жандандыру бойынша тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын айтты.
— Бүгінде индустриалды-инновациялық аймақ құру ісін жандандыру мақсатта атқарылып жатқан тірліктер нәтижесі салада ілкімді істердің тындырылып жатқанын көрсетеді. Мәселен, облыста индустриалды аймақ құру үшін қолайлы деген аймақтар таңдап алынып, қазіргі таңда төрт бірдей индустриалды аймақ құру жобасы қолға алынды. Соның бірі Тараз қаласында болса, қалғаны Талас, Сарысу, Шу аудандарында. Сонымен қатар, жер телімін іздестіру және бөлу бойынша инвесторларға қызмет көрсету орталығына түскен 11 өтініштің жетеуі қанағаттандырылып, қалғаны зерделену үстінде, — дейді Қарлығаш Әмірқызы.
Жиынға қатысқан жауапты сала басшылары мен бірқатар инвесторлар да облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен алда атқарылуы тиіс шаруалар жайынан хабардар етті. Соның бірі «Aurum Deutschlаnd» ЖШС өкілі Юрий Токкулиев Қордай ауданындағы Гагаринское, Шоқпар, Қаратас-Майбұлақ кеніштерінің базасындағы тау-кен металлургиялық комбинаттың құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды. Оның айтуынша, комбинат жылына 6 тонна алтын мен 100 тонна күміс өндіруге қауқарлы көрінеді.
— Комбинат 2020 жылы іске қосылады. Жоба құны — 250 миллион еуро. Алтын мен күміс жылына 1 жарым миллион тонна кен өңдеу арқылы алынады. Жобаның іске асырылуы барысында шешімін таппай отырған мәселенің бірі — Гагаринское, Шоқпар кеніштеріне жер қойнауын пайдалану құқығын сатып алу, — деді ол.
Өңір басшысы Кәрім Нәсбекұлы осы мәселеге ерекше назар аударып, тиісті орындарға арнайы тапсырма берді. Сонымен қоса, әртүрлі химиялық және агрохимиялық өнімдер шығару мақсатында бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қолға алған «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймағы» басқарушы компаниясының атқарушы директоры Досан Анасовтың баяндамасын тыңдап, ондағы жұмыстардың орындалу деңгейі көңіл көншітпейтінін алға тартты. Облыс бойынша химияның орталығы саналатын индустриалды аймақтың сыртқы инфрақұрылымдық жұмыстары 65 пайызға ғана орындалғанын сынға алып, Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевқа «Тараз химия паркінің» басқарушы компаниясымен бірлесіп, арнайы экономикалық аймаққа инвесторлар тарту мен сыртқы инфрақұрылым жұмыстарын жедел қолға алуды тапсырды.
Сонымен қатар, кеңес отырысында облыс әкімдігі бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов ұзындығы 5 шақырымға жуық «Жаңатас — Шымкент» айналмалы тас жолын салу «ЕуроХим Қаратау» ЖШС арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырғалы отырғанын, жобаның құны 1 092,665 миллион теңгені құрайтынын жеткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жобаның жүзеге асырылуына қатысы бар тараптар арасында болатын заңға сәйкес ережелер мен келісімдердің жай-жапсарын сөз етті. Ал «Kazyna Zher LTD» ЖШС басшысы Алымжан Ахметовтың баяндамасы Шу ауданында «Ірі агроөнеркәсіп кешенін дамыту» тұрғысында болды. Жиын барысында облыс әкімі Талас, Сарысу, Шу ауданы әкімдерінен инвесторлармен арадағы жұмыс қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатқанын сұрап білді. Қайрат Досаев Шу ауданында күздік бидай мен майлы дақылдар егуді және ет бағытына инвестиция салуды мақсат еткен «Kazyna Zher LTD» ЖШС үшін 4 мыңға жуық жер телімі бөлінгенінен хабардар етті.
Жиын соңында Кәрім Нәсбекұлы индустриалды аймақ құру ісі бойынша жауапты сала басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар беріп, жуырда өңірімізде инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында өтуі тиіс форумның артықшылығы мен оның айрықша жауапкершілік жүктейтінін еске салып, осыған дайындықты бастауды құзырлы мамандарға міндеттеді.
Саятхан Сатылғанов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз