Мәжілістің жалпы отырысында Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері зияны кішігірім болатын құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдардың көлемін 30 пайызға төмендетуді ұсынды. Бірақ, халық қалаулылары бұл нормаға бірден қарсы шықты. Аталған сұрақтың маңыздылығын айтқан Нұрлан Нығматулин мұндай мәселемен азаматтар күнделікті өмірде бетпе-бет келіп отырғанын атап өтіп: «Әділет министрі айыппұлдарды төмендету негізінде нені бастамаға алып отыр? Ұлттық экономика министрлігіне де сұрақтар бар. Ол біздің тұтынушылардың құқығына жауап береді ғой»,— деп, екінші оқылымға дейін әкімшілік кодекске енгізілетін өзгерістерді қайтадан қарау қажеттігін айтты. «Керісінше кейбір құқық бұзушылық бойынша жазаны күшейту керек. Ізгілендіру – бұл жақсы іс. Бірақ біздің азаматтарымыздың есебінен мейірімді болудың қажеті жоқ»,— деп, аталған заң жобасының шикі екендігін алға тартып, оны сын тезіне алды.  Сондай-ақ, халық қалаулылары Әділет министрі Марат Бекетаев таныстырған «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасынан да кемшіліктер тауып, оған өз пікірлерін білдірді. Мәселен, депутат Анар Жайылғанова Әділет министріне берілетін жазаның жасалған құқық бұзушылыққа сай еместігін айтып шағымданып: «2015 жылға дейін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте 68 бабында норма болған. Онда азаматтық әрекетінен аз ғана шығын келсе, ол жауапкершіліктен босатылатын. Қазіргі қолданыстағы кодекс және біз бүгін қарап жатқан заңда аталған норманы енгізу қарастырылмаған. Бірақ бізде болған жағдайлар кодекске аталған институтты қайтару керектігін көрсетеді. Кәсіпкер жұмыс барысында арам ойсыз кішігірім құқық бұзушылыққа жол береді. Салдарынан ол осы әрекеті үшін қатаң түрде заң алдында жауап береді. Менің ойымша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте егер азаматтың әрекетінен аз ғана шығын келсе, оны жауапкершіліктен босату туралы норманы қайта қарау керек»,— деді. Депутаттың ұсынысының орынды екенін айтқан министр: «Мұндай мәселе күн тәртібінде тұр. Парламентке келмес бұрын біз бұл мәселені талқылағанбыз. Біз «азаматтың жасаған әрекетінен келетін аз ғана зиянның» крийтерийлерін анықтауға тырыстық. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдармен осы мәселе жөнінде келісе алмадық. Әрбір мемлекеттік орган әрбір әрекеттен келген зиянды маңызды деген пікірді ұстанды. Салдарынан біз нақты «азаматтың жасаған әрекетінен келетін аз ғана зиянның» қандай екенін анықтай алмадық. Бірақ мен депутаттардың осы бастамасын қолдаймын»,— деді. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин министр депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдеріне павлодарлық жеке кәсіпкердің жолдаған хатын оқып беріп: «Не болып жатқанын қараңыз. Мұндай жағдайлар бізде кездеседі. Адам арам ойсыз есептен қателеседі. Сондай-ақ оған мұндай есепті кім бергенін анықтау керек. Мұндай есепті көшедегі адамдар емес, мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері берген шығар. 100 теңге дұрыс көрсетілмеген. Ол қателесіп төлеген. Біз бизнеске тиімді жағдайлар жасалып жатыр деп айтамыз. Берілетін жаза жасалған құқық бұзушылыққа сай болуы керек», — деп түйіндеді сөзін.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз