«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына арналған жиында Семей қаласының Знаменка ауылындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны таратпау және Абыралы ауылдық ауруханасының мәртебесін сақтап қалуға қатысты мәселелерді көтерген Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Марат Құрманбай: «Семей қаласының Знаменка ауылы келешегі бар елді мекен ретінде тірек ауылдардың қатарына енгізілген. Осыған орай елді мекеннің дамуына елеулі қаржы да бөлінген. Бағдарлама аясында отбасылық-дәрігерлік амбулатория салуға 76 миллион теңге бөлініп, жаңа ғимарат 2016 жылдың 30 желтоқсанында пайдалуға берілгенімен, өз функцияларын орындауға толық дайын емес. Салдарынан емдеу мекемесі қазір жалдамалы ғимаратта отыр. Енді Знаменка отбасылық-дәрігерлік амбулаториясын таратып, тұрғындарды Семей қаласындағы №2 емханаға тіркеу туралы мәселе көтерілуде. Ауыл қаладан 60 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, тұрғындардың орталыққа барып-келуіне қиын. Оның үстіне, қыста жол жабылып қалатын  кездер де болады. Сол себепті ауыл тұрғындары маған отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны сақтап қалу жөнінде өтініштерін білдірді. Ал Абыралы ауылдық ауруханасына алты ауылдық округтің тұрғындары тіркелген.  Қараөлең, Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ және бұрынғы Таңат ауылдық округтерінде барлығы бес мыңдай адам тұрады. Қазір осы ауылдық аурухананы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға айналдыруға қатысты мәселе көтерілуде. Бұл өңір ядролық сынақтардың зардаптарын көп шеккен аймақ болып табылатындықтан, жергілікті тұрғындардың денсаулығына келген зиян шексіз. Мен депутат ретінде, сайлаушыларымның осы өзекті проблемалаларын оң шешуді сұраймын. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қолдауымен ядролық жарылыстар эпицентріне жақын елді мекендерді медициналық қызметпен қамтамасыз ету проблемаларын зерттеу үшін мүдделі құрылымдар өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылса деген өтінішім бар»,— деді. Жиынға қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов таяу күндері Абыралы ауданына іссапарға баратынын, сол кезде бұл мәселелермен тереңірек танысып, бір шешім шығаратындарын жеткізді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз