Шығыстағы алып көрші Қытайдағы маңызды оқиғалардың бірі саналатын «Партияның XIX кезекті құрылтайы» соңына жетті. Қытай компартиясының жарғысында белгіленгендей, әр бес жылда бір рет өткізілетін бұл жиналыс, биыл 18-24 қазан аралығына белгіленді. Компартия басшылық етіп отырған Қытай елінің 1 миллиард 400 миллионнан астам халқының тағдырымен қатысы бар бұл құрылтай негізінен мемлекет басшысын сайлап, партияның жоғары дәрежелі басшылық құрамын жасақтайды. Қытайдың «күн көсемі Мао» қайтыс болғаннан кейінгі жерде партияның орталық атқарушы органында Орталық комитет саяси бюросынан жасақталып шығатын «Тұрақты комитет» аталатын топтың рөлі күшейтілген болатын. Осы тұрақты комитет мемлекеттің саяси бағдарын айқынушы топ ретінде жалғасып келеді. Партия төрағасы, мемлекет басшысы, армияның бас қолбасшысы дегендердің барлығы осы комитеттің шешімімен тағайындалады.

Ал заң жүзінде «құрылтай уәкілдерінің дауыс беріп сайлауы арқылы билік басына келеді» дегендердің барлығы қағаз жүзіндегі белгілемелер есептеледі. Бұл жұрттың барлығына түсінікті, сөйте тұра ашық айтылмайтын қалыптасқан саяси көрніс.
Әңгімеге арқау болған айтулы құрылтай 18 қазан күні Бейжіңдегі «Халық сарайында» ашылды. «ХIIX кезекті құрылтайдың шешімімен билік басына келген» ҚХР басшысы Си Цзиньпин осы реткі жиналыста бас-аяғы 3 сағат 20 минутқа созылған көлемді баяндама жасады. Залда отырған уәкілдердің қандай күйде болғаны белгісіз? Алайда сахна төріне құрметпен отырғызылған Қытайдың бұрынғы басшылары Циян Зымин мырза баяндама оқылып біткенше кем дегенде 10 мәрте сағатына қараса, Си Цзиньпинге орнын босатқан Ху цинтао баяндама аяқталып, төраға орнына келіп жайғасқанда, Си Цзиньпинге қарап қол сағатын нұсқапты. Жалынды құттықтауларды да есептеуді ұмытпаған Қытай БАҚ-тарының мәліметіне қарағанда, төрағаның 3 жарым сағатқа созылған баяндамасына 72 мәрте қол шапалақталған екен. (ең ұзағы 15 секунд)«Орташа дәулетті қоғам құрып шығуды жүзеге асырып, жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелікке ие социализмнің ұлы жеңісіне қол жеткізейік» атты баяндама, Қытайдың өткен 5 жылына шолу жасап, партияның алдағы бағыт-бағдары туралы жоба-жоспарларымен бөліскен екен. Осыған дейін шетел сарапшылары «XIX кезекті құрылтайда аса ауқымды саяси шешімдер қабылданады, Қытай демократиялық бағытқа бет алуы мүмкін» деген болжамдар айтып келген болатын. Алайда, компартия хатшысының баяндамасында «партия басшылығына жалғасты табанды болып, қытайлық ерекшелікке ие социализмді одан ары кемелдендіріп, «ұлттың ұлы гүлденуі» сынды қытай арманын жүзеге асыру жолында мәңгі табанды болатындығын» белгілі болды. Халықтың тұрмыс деңгейін көтеру, бейбіт қоғам орнату, терроризм және сепаратизммен күресуді жалғастыра беру, партия ішіндегі жемқорлықты ауыздықтау сынды ұстанымдар да баяндамадан тыс қалған жоқ. Бүкіл баяндамада, «барлық салада партия жетекші рөл атқару» бағытында жалғасты, табанды болатындығы баса айтылды. Мемлекеттің болашақта басты назарда ұстауға тиісті салаларының ішінде «әскери саланы құдіреттендіруге» де баса мән берілген. Баяндамада «Армияның ұйымдық формасының, әскери қызметкерлердің, қару-жарақтың заманауилануын жаппай ілгерлетіп, 2035 жылға барғанда қорғаныс пен армияның осы замандануын негізінен жүзеге асырып, осы ғасырдың орта шеніне барғанда, Қытай армиясын дүние жүзіндегі ең қуатты армия етіп құрып шығуға күш салу керек»- делінген. Бұл әскери сала туралы айтылған «маңызды жоспарлардың» ішіндегі бірнеше сөйлем ғана. Си Цзиньпин билікке келген 2012 жылдан бері қарай әскери саланы реформалауға айырықша көңіл бөлгені белгілі. Яғни, өткен 5 жыл ішінде құрлық, теңіз, әуе армиясына қосымша ракета армиясын құрылды. Әскери саланың басшы кадырлар қосынын дерліктей жаңадан жасақтап шығарды. Осы барыста «әскери шенді ақшаға сатқан» 60 генарал қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен.
Қазанның 24 күні құрылтайдың жалпы жұмысы аяқталды. Қабылданған шешімдер бойынша «Си Цзиньпиннің жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелікке ие социализм идеасы» партия жарғысына енгізілді. Орталық комитет саяси бюросы мен тұрақты комитеттің мүшелері сайланды. Қытай БАҚ-тары осыған ілесе, «Партияның XIX кезекті құрылтайы табыспен аяқталды» деп ұрандатуға көшті. Шетелдік БАҚ-тар, соның ішінде Қытай саясатын жіті назарда ұстап отыратын «bbc.com, voachinese.com» сайттары, сондай-ақ Гонконгтың еркін баспасөздері Қытайдың өткен 5 жылдағы сәтсіздіктеріне баса назар аударып, қазіргі мемлекет басшысының «партияның қалыптасқан қағидаларына сай келмейтін шешімдер жасап келгеніне» сын айтып жатыр. Олардың сараптамаларына жүгінсек, «Си Цзиньпин басқарған 5 жылда Қытай экономикасының даму қарқыны баяулаған. Оның есесіне саяси науқандардың екпіні күшейіп, Маоның 1966-1976 жылдары алып барған, бүкіл елді саяси дағдарысқа бастаған әйгілі «Мәдениет төңкерісінің жаңа түрі» жүріп жатыр». Шындығында, қазіргі Қытай қоғамы соңғы 5 жыл ішінде қатал тәртіп астында өмір сүріп келеді. «Мемлекетті заң арқылы басқару», «бұқараның еркіндігі» дегендер тек қана құрғақ ұран күйінде қалып қойды. «Араб көктемі» оларға сақтық сигналы болып сезілді. Осыдан кейін-ақ Қытайда ғаламторға деген бақылау өте жоғары деңгейге көтерілді. «Google.com, youtube, twitter, facebook» сияқты әлеуметтік желілер біртұтас бұғатталып, ең көп қолданыста тұрған wechat желісі қатаң бақылауда тұр. Осы желілерде «заңға қайшы сөздер мен жазбалар таратқан, видеолар жолдаған» неше он мыңдаған адамның қазіргі таңда түрмеде отырғаны белгілі. Яғни, халықтың сөз бостандығы шектеуге ұшырады. Осылардың барлығын қорытын-дылағанда, Си Циньпиннің өткен 5 жылына баға берушілер мәселені екі жағынан қарастырғанмен де соңғы қорытынды бір арнаға саятындығын байқауға болады. Оны жақтайтындар, елде қатты белең алып кеткен жемқорлықпен күресті күшейткеніне, босаңсып бара жатқан әкімшілік құрылымның бұрауын қатайтып, байлыққа белшесінен батып, шалқып жүрген шенеуніктердің есін жиғызғанына дән риза. Әрине, Қытай қоғамымен таныс адамдарға бұл жаңалық та емес. Парақорлық — олардың ежелден келе жатқан дерті есептеледі. Си Циньпин билікке келген соң қолға алғаны, жемқорлармен соңына дейін күресу болды. «Жолбарысты соғып, шыбынды да қағып тастау» ұранымен жүргізілген тазалу кезінде бүкіл ел бойынша, 5 жыл ішінде 1 милиион 340 мың мемлекеттік қызметкер сотталаған екен. Мұның арасында 170 министр немесе министр дәрежелі басшы, орталық комитеттің мүшелігіне үміткер кандидаттардан 35 адам жемқорлық фактлеріне байланысты түрме табалдырығын аттаған. Бейжіңдегі беделділермен қиырдағы қыстақ кадрларына дейін, «ішкенін қайта құстырған әділ патша» осылайша халық алдында белгілі беделге ие болды. Алайда, шетелдерде жүрген Қытайлық саясаттанушылар, «Си Циньпин жолдастың жемқорлыққа күресті, өз саяси қарсыластарына да тиімді пайдалана білгендігін» дәлелдеп жүр. Осының бір мысалы, 2012 жылға дейін «мемелекеттегі 3 адам» ретінде, елдің ішкі қауіпсіздігін қадағалап отырған Жоу Юнканның «пара алу, мемлекет құпиясын сыртқа шашу фактлері бойынша» сотталып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі еді. Си Циньпинді «сәтсіз реформатор» ретінде бағалайтын саясаттанушылар, қазіргі таңда Қытайда белең алған жеке басқа табынушылықтың соңы «Қытай қоғамын саяси дағдарыстарға бастауы мүмкін» деп отыр. Шынымен де қытайлық БАҚ-тардың басты ұрандары: «Си төрағаның көреген шешімдері», «Қытай халқын аршынды қадаммен алға бастап бара жатқан Си төрағаның кемел ақыл-ойы», «Си төрағаның қатаң тәртіп ұстанатындығы» сынды жаттанды сөздерге айналып кетті. Бейжіңнен тартып, шалғайдағы ауылдарға дейін «әр отбасы көрнекі жерлерге мемлекет байрағын ілу» белгіленді. Шыңжаң, Тибет, Ішкі монғол қатарлы аз ұлт автономиялы аймақтарында тәртіптің күшейгендігі соншалық, бұқараның әрбір сөздеріне дейін саяси астар қарастырылып, қылдан тайғандары түрмеге тоғытылып жатыр. Шыңжаңдағы әрбір ауылдың көшелерінде күзет күшейтіліп, бейне бақылау камералары әр он қадам сайын орнатылып шықты. «Жат діни ағымдардан сақтану», «Лаңкестікке қарсы тұру» ұраны астында дінге сенетін бұқарананың еркіндігі барынша шектеуге ұшырап жатыр. Қазір «заңсыз діни әрекеттерге соққы беру» қимылы бұрынғыдай ислам дінін ұстанушылармен ғана шектелмей, будда ғибадатханаларын да қиратып тастауға кіріскен. Ал Шыңжаңдағы мұсылман отбасыларындағы құран кітаптардан тартып жайнамаздарға дейін өртеліп жатыр. Осының барлығын сырттай бағып отырған саясаткерлер «Си Циньпиннің тым қатал саясат жүргізе бастауы оның жеке басына табынушылықты өршітіп, кезіндегі Маоның деңгейіне жетіп қалғандығына» алаңдаушылық білдіруде. Кейбіреулер «бір адам мемлекет төрағалығына екі кезектен артық сайланбауы тиіс» деген қағиданың ендігі жерде жалғасты сақталатындығына да күмән келтіріп отыр. Бұл алдағы 5 жыл ішінде белгілі болмақ…
Жалпы дүние жүзі жағдайынан алып қарағанда Қытайдың өткен 5 жылы табысты өтті деуге болатын секілді. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыстардың дауылы Қытайға пәлендей әсер еткен жоқ. Ішкі жалпы өндіріс жылдан-жылға артып, халық тұрмысы жақсарып келеді. Ғылым-техника, денсаулық сақтау саласында талай асуларды асқан Қытай елі бүгінде әлемдегі дамыған елдердің қатарында қосылды. Си Циньпин ортаға қойған «бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында шетелдерге қыруар қаржы ажыратылды. Алайда, Қытайдың сыртқы саясатына қашанда сақтықпен қарайтын саясаттанушылар осы «бір белдеу, бір жол» бағдарламасы, күндердің күнінде «жұтпа тұзаққа айнала ма?» деген күдіктерін жасырмай отыр.«Бас қолбасшы Си Циньпиннің жетекшілігінде, әлемдегі 3 әскери державаға айналып үлгердік» деп жалаулатып жатқан Қытай елі, бұл салаға да қаржыны аямай құйып жатқан сыңайлы. Әзірге ешбір елге мінез көрсете қоймаған Қытай, ендігі жерде шетелдерге қару-жарақ саудасының көлемін ұлғайтатындығын да мақтана жазып жатыр.
Халқымызда «Көршіні таңдай алмайсың» деген нақыл сөз бар. Іргеміздегі алып елдің тыныштығы мен орнықты дамуы, Қазақстан үшін де қолайлы болмақ. Алдағы болашақта, аймақтық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қатар ұстап келе жатқан қос елдің ынтымағы арта берсін дейміз…

 

Қазыбек Сейітов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз