Әлемдегі барлық мемлекеттерде экономикалық тұрғыда өз мемлекетінің қаржылық жағдайының тұрақтылығын сақтап қалу мақсатында реформалар мен заңдағы өзгерістер үнемі жасалып отыруда. Бұл қазіргі заманға лайықты талап, оны ескермесе, экономиканың дамуына кері әсері тимек.
Экономиканың құлдырауы бір жағынан жұ-мысшылардың сұранысын азайтады, ал керісінше болса, яғни экономиканың жоғары дамуы жұмыс күшінің сұранысын көбейтеді, сол себептен бүгінгі дамыған мемлекеттерде жұмыс күшінің сұранысы да жоғары. Мысалы, Ресейде жұмыс күшінің басым бөлігі Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтарынан құралса, ал Германия, Ұлыбританияда шығыс Еуропа елдерінің азаматтарынан құралған. Аталған дамыған мемлекеттер өз кезегінде миграциялық заңнамаларын экономикалық жағдайдың өзгеруіне қарай өзгерістер енгізіп реттеп отыруда.
Біздің мемлекетімізде соңғы жылдары көрші-лес мемлекеттердің, әсіресе, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанның азаматтары жұмыс істеу мақсатында келуі көбейіп барады. Бұл үдеріс әлемдегі 2014-2016 жылдар аралығындағы экономикалық жағдайының күрт төмендеуі салдарынан болып отыр. Мемлекетімізде этникалық тепе-теңдікті сақтау мақсатында азаматтық алу мен тұруға рұқсатнама алудың ерекше күрделі процедурасы белгіленген. Жалпы ереже бойынша, заң шетел азаматтарына мемлекеттік қызметтермен айналысуға, сайлауға қатысуға, кейбір істермен айналысуға және т.б. тыйым салады. Ұлттық және мемлекеттік мүдделерді қорғаудың аталған шаралары кейбір адамдарға ұнамауы мүмкін, бірақ егер олар заң негізінде орындалатын болса, түсінікті әрі кең көлемде қолданылатын шаралар болып табылатыны даусыз. Жағдайлардың осылайша орын алуын Қазақстандағы шетелдіктерге берілетін құқықтар мен бостандықтарды талдау негізінде де байқауға болады.
Мемлекетіміз халықаралық құқықтық нормаларға сүйенетіні сөзсіз, сондықтан да халықаралық құқық нормаларының шетел азаматтарының құқықтық жағдайын реттеуге бағытталған кез келген ішкі заңнама нормаларынан басым күшке ие болатыны белгілі. Бұл ереже Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағында көрініс тапқан: «Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде тікелей қолданылады». Сонда да қазіргі таңда заңсыз мигранттардың саны ұлғайып бара жатыр, бұл үлкен алаңдаушылық туғызады.
Қазақстанда пайдаланылатын шетелдік жұмыс күшінің басым бөлігі маусымдық жұмыстарда істейтін біліктілігі төмен адамдар. Осы тұрғыда елімізде заңсыз миграция шешімін таппай отырған мәселе болып табылады. Заңсыз миграция әлемнің барлық аймақтарына тән үрдіс және қазіргі кезде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірден-бір қауіп, кедергі ретінде саналады.
Бір жағынан қарасақ, Қазақстан азаматтары аталған мигранттардың мемлекетке келуіне өздері атсалысады, оның бір себебі арзан жұмыс қолы болып отыр.
Жуалы ауданы ұлы Жібек жолының бойында орналасқанына байланысты, аталған мәселе ауданды айналып өтпейді. Мигранттардың жұмыс істеуге рұқсаты болғанымен, оларға кәсіпкерлікпен және құрылыс жұмыстарымен айналысуға болмайды, тек үйге жалдамалы жұмысшы ретінде жұмыс істеуге болады, бірақ аталған талап жиі бұзылады. Шетел азаматтары мемлекетіміздің оңтүстік облыстарына көптеп келіп, құрылыс жұмыстарымен айналысуы көбеюде. Мысалы, 2017 жылдың 9 айында Жуалы аудандық сотында 40 шетел азаматына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодексінің 517 бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істер қозғалып, 34 азаматы Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылған. Оларға шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 517 бабы қолданылды. Бұл тек біздің ауданда ғана емес, Жамбыл облысының барлық аудандарында да байқалады және Республика бойынша болып жатқан мәселе.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыс-пен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 24 қарашадағы № 421-V заңымен ҚР Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабтың бесінші бөлігінің бірінші абзацына өзгеріс енгізілген, аталған өзгеріс 2017 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енгізілген. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада және тіркеу кезінде көші-қон карточкасында көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган берген өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберуге әкеп соғатыны туралы анық көрсетілген.
Шетелдік азаматтарының әкімшілік құқық-бұзушылықтары мемлекет тарапынан бақылауға алынып, шаралар жасалуда. Өйткені экономикалық тұрғыда бұл мемлекетке зиян келтіріп, мемлекет қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі, сонымен қатар мемлекетіміздің ішкі капиталы сыртқа кетуі экономикамызға жақсы жағынан әсер бермейді, бұған біз назар аударуымыз керек.

 

Дулат Досыбайлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз