Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне Маңғыстау облыстық қарттар мен мүгедектер үйінің тұрғын-дары қонаққа келді. Оларға мектеп оқушыларының өзін-өзі басқару ұйымы және «Мейірім өскіні» қайырымдылық ұйымының еріктілері құрмет көрсетті.

Кездесу барысында ата-аналар дастархан жайып, өнерпаз шәкірттер концерт қойды. Оқушылар қариялар құрметіне әдемі әндер мен билер орындап, олармен дастархан басында әңгіме-дүкен құрды.
Айта кетейік, 2016 жылдың қазан айында білім ордасында зияткерлік мектептің 10-сынып оқушыларының бастамасымен «Мейірім өскіні» қайырымдылық ұйымы құрылған еді. Жас қамқоршылар облыстық қарттар үйіне, мүжәлсіз отбасыларға және т.б көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетумен айналысып келеді.
— Ақсақалдарды білім ордасына қонақ қылумыздың өз мәні бар. Алдымен, оларды зияткерлік мектеппен таныстырып, қазіргі таңда білім берудегі жетістіктерді көрсету. Ал екінші жағынан, басқа да оқушылардың қариялармен танысқанын, тілдескенін қаладық, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.
Салиқалы кездесуде ақсақалдар оқушыларға өздерінің өмір жолын баяндады:
— Менің отбасым бар, олар елге қайтып кетті. Мен қазақ халқының пейілі мен қонақжайлығын қимай, осында қалып қойдым. Әлемнің біршама елін көрдім, бірақ қазақтың дастарханындай қонақжайлықты еш жерден кездестірмедім. Қазақ бала тәрбиелеуде де көп елге үлгі бола алады. Сендерден тамаша ел басқарушылар өсіп шығады, мен оған сенімдімін, – дейді қарттар үйінің тұрғыны Эдуард Багирян.
Кездесу соңында ата-аналар мен оқушылар келген қарияларға естелік сыйлықтар табыс етті.
— Жыл сайын бұл кісілерге мерекелерде концерт қойып көңілдерін көтеру мектеп оқушыларының басты мақсатына айналған. «Мейірім өскіні» ұйымының жыл сайынғы бастамаларына өзін-өзі басқару ұйымының оқушылары белсенді қатысады. Ақсақалдарымызбен жүздескен сайын, көптеген өнеге аламыз. Өзімізге-өзіміздің сеніміміз артады. Көріскен сайын қуанамыз. Бүгін де керемет кездесу болды. Енді оларды сағынатын боламыз, — дейді мектептегі өзін-өзі басқару ұйымының президенті Райымбек Ақкөлұлы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз