Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқының денсаулығын нығайту, спорттың бұқаралылығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, осы арқылы дені сау ұлт қалыптастыру мәселесіне үзбей көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаны да белгілі. Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінен туындайтын жаңа адамды тәрбиелеуде де дені сау ұлт болашағына қамқорлық айқын сезіліп тұрады.
Осыған орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де дені сау ұрпақ қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқу орнында жақында ғана өткен «Денсаулық күні» спартакиадасы осы сөзіміздің дәлелі. Бұл күні әр алуан жалаулармен, жас ұрпақты спортты серік етуге шақырған ұлағатты сөздер жазылған көрнекті банерлермен безендірілген «Спартак» спорт кешеніне жиналған студенттер мен оқытушыларда, жалпы көрерменде есеп жоқ. Әскери оркестр салтанатты маршты дабылдата шырқауда. Спартакиада жалауы көтерілген соң университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев жиналғандарды «Денсаулық күні» мерекесімен құттықтады.
Бұдан кейін біркелкі жарасымды спорттық форма киген студенттер командалары стадион алаңында салтанатты сап түзеп, музыка сазымен әр алуан спорттық көріністер көрсетті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әскери кафедрасы Алматыдағы барлық әскери жоғары оқу орындарымен тұрақты байланыста жұмыс істейтіндіктен, бұл мерекеге сол оқу орындарының курсанттары да қатысып, жауынгерлік өнерлерін көрсетті.
Ресми бөлім спорттық жарыстарға жалғасып, институт жанынан құралған командалар футбол, волейбол, қазақ күресі, жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат,тоғызқұмалақ, қол күресі ойындар түрінен бақ сынасты. Университет бойынша 35 команда, 750 спортшы қатысты.
Командалық есеп бойынша профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында ұйымдастырылған спорттық жарыстар нәтижесінде 3 орынды Математика, физика және информатика институты иеленсе, Жаратылыстану және география институты 2 орынның жеңімпазы атанды, ал жүлделі 1 орын Өнер, мәдениет және спорт институтының еншісіне бұйырды.
Командалық есеп бойынша студенттер арасында ұйымдастырылған спорттық жарыстар нәтижесінде Өнер, мәдениет және спорт институты 3 орын жүлдегері, Математика, физика және информатика институты 2 орын жүлдегері, ал Филология және көптілді білім беру институты 1 жүлделі орынның жеңімпазы атанды. Барлық жеңімпаздар университет ректорының грамотасы және арнайы кубогымен марапатталды.
Спартакиада барысында жоғары белсенділік танытқан бірқатар қызметкерлер мен профессор-оқытушылар құрамы ректордың алғыс хатымен марапатталды.
Мырзахан Ахмет,
Абай атындағы ҚазҰПУ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз