«Астана» арнасы: «Биылғы күзде жалпы республика бойынша азық-түлікпен қатар жеміс-жидек пен көкөніс те жаппай қымбаттады. Energyprom.kz. ақпараттық порталы осындай құны шарықтап кеткен бірқатар өнімдердің тізімін шығарды»,— деп хабарлайды.  Бағаның қымбаттауы, негізінен, алыпсатарлар мен арадағы делдалдардың көптігіне байланысты орын алған көрінеді. Мәселен, былтыр орамжапырақтың келісі оңтүстік өңірде 17 теңге болса, ол өзге аймақтарға жеткенше 71 теңгеге жеткен. Қиярдың бағасы соңғы бірер айда 26,7 пайызға қымбаттап шыға келді. Қыркүйекте оның келісі 293 теңгеге жуықтаған. Картоп бағасы 20,3 пайызға қымбаттап, 119,5 теңгеге жетті. Қызанақ 18,7 пайызға қымбаттап, құны 306 теңгеден асқан. Ет өнімдері де айтарлықтай қымбаттағаны байқалыпты. Мәселен, сиыр етінің көтерме бағасы келісіне 1100 теңге болса, жекелей саудада 1500 теңгеден асып жығылады. Қазан айының қорытындысы бойынша жұмыртқаның 10 данасы 230 теңгеге жеткен. Ал сүттің 1 литрі 188,4 теңгені құраған. Қазақ ұлты үшін жеңсік ас саналатын жал-жая, қазы мен қарта сынды азық-түліктер бағасы да жалынан ұстатпай тұрса керек. Олардың бағасы 2 мың теңгеге жуықтапты. Әупірімдеп әзер күнін көріп отырғандардың қалтасына салмақ түсіргендерге монополияға қарсы агенттіктен де, билік тарапынан да ешқандай шектеу шараларының қолданылмай отырғаны қалың жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Шынында да, қаншаға дейін шыдауға болады? Әлде билікке елдің хал-ахуалынан гөрі өздерінің орынтағын сақтап қалу қымбатырақ па?

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз