Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесті. Иордания Королі ІІ Абдалламен екіжақты кездесулер жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өткен Елбасы: «Сіз дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың 25 жылдығы қарсаңында келіп отырсыз. Осы жылдар ішінде біз сенімді әрі достық ынтымақтастық орнаттық. Біз халықаралық ұйымдар аясында бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Иордания Қазақстанның жаһандық аренадағы бастамаларын қолдап отыр. Сіз әкеңіз Хусейннің рөлін жалғастырып, Таяу Шығыста бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуда бейбітшілік елшісіне айналып отырсыз. Қазақстан да өз өңірінде осындай рөлді атқаруға тырысуда. Біз – ядролық қаруға қарсы қозғалыс көшбасшыларының біріміз, – деген Мемлекет басшысы Иордания Королінің бітімгершілік қызметін жоғары бағалап, оған «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» халықаралық сыйлығын табыс етіп тұрып: «Бұл – Сіздің еңбегіңізге берілген баға. Сонымен қатар, Сіз қақтығыстар жағдайында халықтарды жақындататын бітімгерлік рөлді жалғастырады деп сенеміз. Сіздің еліңіз Астана процесіне белсенді түрде қатысып келеді. Иордания бір миллионнан астам сириялық босқынды қабылдады, сіздер Сирияға қаржылық және гуманитарлық көмек көрсетіп отырсыздар. Бүкіл әлем осыны бағалауға тиіс деп есептеймін», – деді. Иордания Королі ІІ Абдалла Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға шақырғанына алғыс айтып, табысталған марапат үшін ризашылық білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз