4-і қарашада Қырғызстанның бас прокуратурасы: «Жогорку Кеңеш депутаты, президенттік сайлаудан үміткер болған Өмірбек Бабанов пен басқа тұлғаларға қарсы Қырғызстан қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-тармағы (конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру) және 299-бабының 1-тармағы (ұлтаралық, нәсілдік және діни араздық қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды»,— деп мәлімдеді. Бұл іс Бабановтың 28 қыркүйекте сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде Ош қаласы, «Әмір Темір» шағын ауданы тұрғындары алдында сөйлеген сөздеріне байланысты қозғалған. Бұл іске қатысты жауап берген депутаттың өзі: «Біз бүгін құқық қорғау органдары тарапынан бассыздықты көріп отырмыз. Олар саяси қылмыстық іс қозғап отыр. Бұл бәрімізге белгілі. Елдегі жағдайға мені кінәлап, әзәзіл етіп көрсетудің қажеті жоқ. Билік проблеманың көзі Бабановта емес екенін түсінбейді. Олар мені саяси алаңнан алып тастағанымен, проблема шешілмейді. Елдің жағдайы жақсарып кетпейді. Шындық қашан болмасын бәрібір шығады»,— дейді. «Республика» партиясының өкілдері Өмірбек Бабановтың қазір Ресейде емделіп жатқанын айтады. Оның қашан елге оралатыны белгісіз. Естеріңізге сала кетсек, Қырғызстанда 15-і қазанда өткен президент сайлауы кезінде Өмірбек Бабанов жеңіске жеткен билік партиясы атынан түскен Сооронбай Жээнбековтің басты қарсыласы болған-ды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз