Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Үкіметтің жыл басынан бері атқарып жатқан жұмыстарының нәтижелеріне тоқталып, экономиканың түрлі секторындағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды одан әрі сапалы іске асырудың маңыздылығына назар аударған Елбасы: «Жыл аяқталып келеді. Осы уақыт ішінде көп жұмыс атқарылды. Біз ЭКСПО көрмесін, Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін өткіздік. Басқа да салалардағы жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Жалпы, экономикамыз тұрақты дамып келеді», – деді. Бақытжан Сағынтаев президентке биылғы жылы атқарылған әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары жөнінде баяндап, бірнеше көрсеткіштер мен индикаторлар бойынша оң өзгеріс бар екенін атап өтті. «Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 4 пайызға өсті. Барлық 6 сала бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикаторлардың оң өсімі байқалуда. Сондай-ақ, жыл соңына дейін еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамыз», – деді премьер-министр. Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысын жалпы капиталға салынған инвестиция көлемі 6,5 пайызға өскені жөнінде хабардар етіп, бұл индикатор бойынша негізгі өсім ел экономикасына тартылған жеке инвестициялар көлемінің артуы есебінен болып отырғанын айтты. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Бас уәзірге бірқатар нақты тапсырма берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз