ОҚО-да өткен мəжілісте өңір басшысы Жансейіт Түймебаев: «Оңтүстік Қазақстан облысында қазба байлықтары көп емес. Сондықтан жерді еміп, жұмыс істеуіміз қажет. Бізді жер асырап отыр. Тағы да қайталап айтамын, бүкіл дүниедегі үлкен мемлекеттердің жерінің бəрі тозып бітті. Дүниенің көзі – Ресей мен Қазақстанда. Біздің жеріміз құнарлы. Сол себепті Қазақстанның кең байтақ, ұлан-асыр жеріне бүкіл əлем елдері көз тігіп отыр. Əсіресе, көршілес Қытай елінің біздің жерімізге деген назары ерекше»,— дей келіп, облыстағы ауылшаруашылық жерлерінің игерілуіне көңілі толмайтынын айттты. Одан әрі әкім: «Ауылдардағы үйіргелік жерлерде жылыжай ісін дамытып, тамшылатып, жаңбырлатып суғару əдісін енгізу шарт. Осылайша тек өзімізді ғана емес, өзгені де асыраймыз. Бұдан кейін мұндай салақтыққа баруға болмайды. Аудан-қала əкімдеріне халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын»,— деп, «Жылыжай ісін дамытуға инвесторлардың келуін күтіп отырмыз» деген уәж айтқан аудан әкімдеріне облыс басшысы: «Оңтүстікте 3 млн халық тұрамыз. Бірақ, сіздер басқа жақтан инвестор күтіп отырсыздар. Субсидияны біз береміз. Мақсатымыз – жергілікті халық жұмыс істеуі қажет. Сонда халық пайдасын көреді. Енді мұндай  шаруаға қатысты ондай сөзді естімейтін болайын. Инвестор керек дейсіздер, ол аспаннан түсе ме? Бұл не деген масқара?!»— деп, ұрсып тастады.  Бұған дейін облыста «Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында негізгі жеті міндет анықталған. Облыстық табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Иляс Құрамысов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековтың есептерін тыңдаған əкім сол жеті міндеттің ешқайсысы толық орындалмағанына қынжылыс білдіріп: «Жұмыстарыңда еш нəтиже жоқ, сондықтан атқарылған жұмыстарды «қанағаттанарлықсыз» деп бағалап, есепті қабылдамаймын»,— деді. Ж.Түймебаев мұның алдында Шымкенттегі зауытта 3 мың қытайлықтың жұмыс істейтінін естіген кезде шошып кеткен болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз