Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады. Кездесуде Қайрат Қожамжаров мемлекет басшысына Агенттіктің биылғы 10 айда атқарған қызметінің нәтижелері жөнінде баяндады. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырудың маңыздылығын атап өткен Елбасы: «Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңды қабылдаған кезде кімде-кім сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, ешкімге де жеңілдік жасалмайтынын және жазадан құтылмайтынын ескерткен болатынмын. Соңғы жылдары бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Бюджет қаржысын тиімді әрі ашық пайдалану қажет, өйткені, ол халықтың қаражаты»,— деді. Агенттік төрағасы мемлекет басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүргізу барысында қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімдеді. Оның іске асырылуына халықаралық сарапшылар қауымдастығы тарапынан жоғары баға берілгеніне назар аударып: «Биылғы 10 айда 3400 қылмыстық іс қозғалып, оның бір мыңы сотқа берілді. 15 миллиард теңге көлемінде келтірілген шығынның 11 миллиарды мемлекетке қайтарылды. Құны 7 миллиард теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды», – деген ақпарларды келтірді. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қ.Қожамжаровқа бірқатар нақты тапсырма берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз