ОҚО-да ашынған ұстаздар басшының сорақы әрекеті мектеп атына кір келтірді деп намыстануда. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды. Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылындағы 50 жылдық мектептің ұстаздары екі топқа бөлініп, бір-біріне жауға айналған. Мұғалімдердің бір тобы мектеп директорын қолдаса, екіншісі басшыларының әрекетіне наразы. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғазиза Пралиева: «Білім ордасының директоры Сара Қыстаубаева мұғалімдерді бір-біріне айдап салады. Басшылыққа жағу үшін ұжымдағы қызметкерлер әріптестеріне қарсы айғақты дәлел жинап жүреді. Сол себепті, оқытушылар жұмыста жүргенде қорқып, үркіп жүреді. Көбінде сыртымыздан суретке түсіріп, өзімізге қарсы қолдана ма деген үреймен жүреміз. Жиналыстарда намысымызға тиеді. Ашықтан ашық «жөзекше» деп айтатын сөздері бар. Мектепке Мұстафа деген азамат үнемі келеді. Сара Өктемқызы екеуінің арасында байланыс бар деп барлығы айтады. Бұл жағдайды ауыл тұрғындары, оқушылар, мұғалімдер, аудан басшылары да біледі. Ал біз екеуінің үстінен ұстап алмағандықтан, факт келтіре алмаймыз. Бірақ, бұл жағдай біздің мектепке зиянын тигізді»,— дейді Ал қоластындағылардың назына пікір білдірген мектеп директоры болса: «Қызметкерлердің айтқанының бәрі жалған. Орынбасарларым маған әдейі жала жауып, өздерінің заңсыз әрекеттерін ақтап алғысы келеді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі екі орынбасарының үстінен ата-аналар баламызды ұрды деп арыз жазған. Екі орынбасарым оқу кезінде оқушыларды сабаған. Олардың соққысынан кейін, балалардың үстінде із қалған. Бірақ өкініштісі — медициналық сараптама жоқ. Арызды құзырлы орган өкілдеріне жібердім. Мен олардың айтқан сөздерімен келіспеймін»,— дейді. Қапланбек ауылындағы 50 жылдық мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары балаларымды ұрды деп арыз жазған ата-аналармен қазір ортақ келісімге келген. Тіпті, оқушылардың әке-шешелері жазған арыздарынан бас тартыпты. Мектеп ішіндегі кәсіподақ төрағасы екі тарапты бір келісімге келтіріп, татуластыру оңай шару емес дейді. Өйткені директор өз сөзінен тайынбай, орынбасарларын қудалай бермекші екен. Ал Сарыағаш аудандық білім бөлімінің мамандары мектеп басшылығынан қорлық көрген мұғалімдерге көмек көрсетуге дәрменсіз көрінеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз