Қазақ мемлекеттік қыздар педаго-гикалық университетінде «Білім мен ғылым дамуының химия, биология, экология және география бойынша заманауи бағыттары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты — мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы бастамаларды іске асыру аясында жастарға рухани тәрбие беретін игілікті шараларды ұйымдастыра отырып, отандық ғалымдардың ұлағатты істерін өскелең ұрпаққа насихаттау.
Химия ғылымдарының докторы, профессор Е. Меңліғазиевтің 75 жылдық, химия ғылымдарының докторы, профессор Б. Жиембаевтың 70 жылдық мерейтойына орайластырып ұйымдастырылған алқалы жиынға қоғам қайраткерлері, еліміздегі ғылыми мекемелердің басшылары, отандық және шетелдік танымал ғалым-зерттеушілер қатысты.
Қыздар университетінің Жаратылыстану факультетінің деканы Қажымұқан Кішібаев оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенованың шараға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқыды.
Конференция жұмысы 4 секция бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, жиынға қатысушылар «Қазіргі таңдағы химия және химиялық технологияның өзекті мәселелері», «Биология, өсімдіктер физиологиясы, биотехнология және экология салаларының инновациялық жетістіктері», «Географиялық ғылым және білім: қазіргі жағдайы, мәселелері және болашағы» және «Инновациялық білім беру — педагогикалық шеберлікті дамытудың негізі» бағыттары бойынша тың ойларымен бөлісіп, пайымды пікірлерін айтты. Баяндама жасағандар қатарында «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры, техника ғылымдарының докторы Жайлаубай Жұбатов, Түркияның Омер Халисдемир университетінің профессоры Торғай Дуген, Стамбул университетінің профессоры Мехмет Арслан сынды беделді ғалымдар бар.
Сондай-ақ, конференция аясында қазақстандық ізденушілердің ғылыми еңбектерінің көрмесі өткізіліп, ғалымдардың студенттерге арналған шеберлік сыныптары жүргізілді.
Жандар Асан,
ҚазМҚПУ-дың баспасөз және
қоғаммен байланыс
бөлімінің жетекшісі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз