Баяғыда бір жігіт өмір сүріпті. Оның үш түрлі арманы болған екен: жалақысы жақсы қызметім, сұлу да ақылды әйелім болса және атақты болсам деп армандаған екен.
Бір күні оның түйіндемесін көрген белді фирма әңгімелесуге шақырады. Қуанған жігіт сол бойда үйінен шығып, жаңағы фирмаға бет алады. Қыстың қақаған аязды күні екен. Жігіт асығып келе жатса, дәл сол сәтте артында келе жатқан ер адам шалқасынан оңбай құлайды. «Мас па, ішкіш пе, көзіне қарап жүрмей ме екен? Көмектессем жұмысқа кешігіп қалармын», — деп, бұл көмектеспей жүре береді.
Алайда кездесуге бәрібір кешігіп, күні сәтсіз өтіп, жігіт жұмысқа қабылданбайды. Сол күні кешке бұл жігіт кішкентай қарындасын ертіп, театрға барады. Спектакль аяқталған соң, театр дәлізінде қарындасын киіндіріп тұрса, қасына басты рөл — мыстан кемпірді сомдаған актриса келіп, спектакльдің қалай өткенін сұрап, әңгімелескісі келеді. Бірақ жігіттің онымен сөйлесуге зауқы соқпай, жақтырмаған күйі теріс бұрылып жүре береді. Жігіт ақыры жұмыс та таппайды, сүйіктісін де кездестірмейді. Күндер зулап өте береді. Бірде достарымен кештетіп қыдырып, шаршап үйіне келе жатса, далада жылап отырған келіншекті көреді. Жауын сіркіреп тұр, ал келіншек жұқа көйлек киіп алыпты. Екі бүктеліп өксіп жылап отыр. Тоңған сияқты, қалш-қалш етеді. Жігітке қарап: «Бес минутыңызды қия аласыз ба?» — дейді. «Айдаладағы біреуде нем бар? Оданда жылы төсегіме барып ұйықтағаным артық емес пе?» — деп, бұл кетіп қалады. Сол жігіт не жұмыс таппайды, не үйленбей жалғыздықта өмірден өтіпті. О дүниеге барғанда жігіттің алдынан періште шығады, сонда жігіт:
— Өмірім текке өтті. Бақытсыз ғұмыр кештім. Үш қана арманым болып еді, ешқайсысы орындалмады, еееех! — деп күрсінген екен.
Сонда Періште жымиып:
— Енді мені тыңда, жігітім! Сенің арманың орындалуы үшін Құдай саған көп мүмкіндік берді. Ол үшін сенен тек үш қана нәрсе керек болды. Ол сенің «қолың, көзің және жүрегің».
Міне, қарашы, мына күн есіңде ме? — дейді жігіттің жұмысқа асығып бара жатқан күнін көрсетіп. — Сенің арт жағыңда оңбай құлады. Ал сен көмектеспедің, ол сол фирманың бас директоры еді, сен бар болғаны қолыңды бергенде, сол жерде жұмыс істеуің мүмкін еді.
Ал мына күн ше? Театрда кемпірдің рөлін сомдаған қыз қасыңа келгенде, әңгімелескің келмей кетіп қалған жоқсың ба? Ол ақылына көркі сай ару өмірлік жарың болар еді. Көп балаларың болып, бақытты күн кешер едің. Ол саған бір көргеннен ғашық болды. Бірақ сенің көзің оны көрмеді.
Мына күн есіңде шығар? Жаңбырлы күні далада жылап отырған әйел сенен көмек сұрады, ал сен қараған да жоқсың, яғни жүрегің жылымады. Оның отбасында қайғылы жағдай болып жылап отырған. Сен қолшатырыңды беріп, оны жұбатқың келмеді. Ол әйел атақты жазушы еді. Егер танысып, көмек көрсеткеніңде, сен еліңе танымал тұлғаға айналар едің!
Жігіт терең күрсініп, аһ ұрған екен. «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деген осыдан қалса керек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз