Иә деп нақты айтпасақ та, сең қозғалды. Халықтың талап-тілегі биік мінберден көтерілді. Бұған да тәубе дейік!
Үкiмет сағатында мемлекеттiк қызметтер тақырыбы қозғалды. Бұған дейiн Мәжiлiстің вице-спикері Владимир Божко елiмiзде мемлекеттiк қызмет саны 5 есеге артқанын мәлiмдеген болатын. Сөйтсек, ол бекер тәрізді. Үкімет сағатында Ұлттық экономика вице-министрi Айбатыр Жұмағұлов депутаттардың сауалына орай елiмiзде мемлекеттiк қызметтер саны көп емес деген пікірін білдірді.
«Бүгiн бiзде барлығы 746 мемлекеттiк қызмет бар. Бiрақ бiз керiсiнше тiзiлiмдегi мемлекеттiк қызметтер санын арттыруды көздеп отырмыз. Басқа шетелдермен салыстырсақ, кейбiр мемлекеттерде тiзiлiмдегi қызмет саны 2 мыңға жуықтайды», — деді ол.
Үкімет сағатында депутаттар Ұлттық экономика вице-министрiне қағазбастылықтан халықтың әбден шаршағанын жеткізуге тырысты. Әсiресе, ауыл тұрғындарының бүгінгідей интернет заманында бiр құжат алу үшiн 100-200 шақырым жол жүрiп, шығындалып жатқандарына қынжылыстарын білдірді.
Әсіресе, Мәжiлiс депутаты Омархан Өксiкбаевтың тұжырымды ойлары мен сарабдал пікірлері көпшіліктің көңілінен шыққан секілді.
«Мемлекеттiк қызмет көрсету саласында жұмыстардың атқарылып жатқанын көрiп отырмыз. Осылай болуы да керек едi. Өйткенi бұл салаға Елбасымыздан бастап, жоғары көңiл бөлiндi. Дегенмен, сол Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қашан барсаң да адам толып отырады. Әрине, өмiрде керектi қызметтер көп, бiрақ халықтың сол жерде қаптап отыратыны сұрақ тудырады. Менiң ойымша, сұрақ таязда жатыр. Бұл мемлекеттiк қызметтiң көптігінен орын алып отыр. Барлығы 746 қызмет. Не деген таусылмайтын құжат? Неге оларды шектемеске? Елбасымыз оларды мүмкiндiгiнше азайтып, бәсекелестiк ортаға беру керек деп айтқан болатын», — дедi Омархан Өксiкбаев.
Шынын айтсақ, бұл — көптің қалауы. Таңның атысынан күннің батысына дейін құжат түгендеп жүрген халықтың жағдайы ауыр. Осылайша жүріп жұмысынан да қалып жатады. Әр құжатқа төленетін сома да қалтаға жеңіл тимейтіні белгілі. Бұл өзі кейде халықты білдірмей қанаудың бір түрі секілді көрінетіні бар. Қанша дегенмен заң шығарушы орган саналатын Мәжіліс депутаттарының жан айқайы Үкіметке жетеді деген ойдамыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз