Президент Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлықтың жегі құрт екенін үнемі еске салып келеді. Қоғамның дамуының басты шарты билік басындағы тәртіп екені даусыз. Алайда халыққа берген антынан тайқып, мемлекет қаржысын әкесінен мұраға қалған байлықтай иеленіп, қара басының қажетіне жарататындар азаймай тұр.
Елбасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдап, атқарылып жатқан шаруалардың барысын нақтылады.
Әңгіме барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты ауыздықтаудың маңыздылығына тоқталды.
— Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңды қабылдаған кезде кімде-кім сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, ешкімге де жеңілдік жасалмайтынын және жазадан құтылмайтынын ескерткен болатынмын. Соңғы жылдары бұл бағытта көп жұмыс атқарылды, — деді Президент. Сонымен қатар Елбасы агенттік төрағасына бюджет қаржысын тиімді әрі ашық пайдалану қажеттігін қатаң ескертті.
Өз кезегінде Қ.Қожамжаров мемлекет басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүргізу барысында қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімдеп, оның іске асырылуына халықаралық сарапшылар қауымдастығы тарапынан жоғары баға берілгеніне назар аударды. Сонымен қатар Президентке агенттіктің биылғы 10 айда атқарған қызметінің нәтижелері жөнінде баяндады.
— Биылғы 10 айда 3400 қылмыстық іс қозғалып, оның бір мыңы сотқа берілді. 15 миллиард теңге көлемінде келтірілген шығынның 11 миллиарды мемлекетке қайтарылды. Құны 7 миллиард теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды, — деді Агенттік төрағасы.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қайрат Қожамжаровқа бірқатар нақты тапсырмалар берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз