«Естімеген елде көп» деп шошынбаңыз. Небір қиялға бергісіз дүниелер жүзеге асып жатқан заманда, интернеттің күші аспандап тұрғанда уақытта бәріне сенуге тура келіп тұр. Ақпарат және коммуникациялар министрі Үкімет сағатында Астанада операторлардың қатысуынсыз мемқызметтер көрсететін «ЦОН» ашылатыны туралы құлағдар етті.
Жаңадан ашылатын ХҚКО-да операторлар болмайды. Бұл енді құлаққа біртүрлі естілгенімен, келешекте жүзеге асатын нәрсе. «Жақын арада Астанада digital-ХҚКО-ны ашу жоспарланып отыр. Онда операторлардың қатысуынсыз мемлекеттік қызметтерді толықтай автоматтандырылған режімде алу қарастырылған. Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығын ашу мемлекеттік қызметтердің жаңа форматына көшудің кезеңі болады. Осы орайда азаматтар қоғамдық пункттер, өзіне қызмет көрсету секторлары мен арнайы стендтердегі планшеттер көмегімен электрондық өтінімдерді береді», — деп түсіндірді министр. Бүгінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету процестерін одан әрі дамыту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Ең алдымен, «электрондық үкіметтің» және «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметін үйлестіру мен дамыту шаралары ескерілген.
«Қазіргі кезде 746 мемлекеттік қызметтің 621-і немесе 83 пайыздан астамын азаматтар мемлекеттік корпорация арқылы алуға қауқарлы. Еліміз бойынша оның 349 фронт-кеңсесі бар. Оларда жұмыс істейтін 22 мыңға жуық қызметкер жыл сайын 34 миллионнан астам қызмет көрсетуде», — деп нақтылады Дәурен Абаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз