ЖАРҚЫН ІСІ БАСПАНА МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ АЛСА ИГІ

Баспана мәселесі қазақ қоғамының ең бір жанды жері болып тұр. Өзгені қайдам, үмітін үкілеген жастарымыздың келешегі де осыған байланысты екенін кім жоққа шығарады? Қай заманда да «үйі жоқтың күйі болмаған». Дамуға бет алған елдердің бәрі дерлік ең алдымен жастардың болашағына алаңдап отырады. Өйткені мемлекеттің болашағы солардың қолында. Жастайынан тұрмыс тауқыметімен жағаласқан ұрпақтың келешегі бұлыңғыр. Ертеңі тас қараңғы. Демек, олардан еш қайыр болмайды. Көп жағдайда жастардың ажырасуы, өзге де жетіспеушіліктер әлеуметтік проблемадан туындайтынын әлем мойындап отыр.
Статистика бойынша елімізде 2 миллион 300 мың адам баспанаға мұқтаж. Астана тұрғындарының ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар 40 мыңнан асады. Ал жер кезегінде тұрған 1 миллион 300 мың адамның 100 мыңға жуығы Астана тұрғындары.
«Казжилстрой-Кооперация» кооперативінің анықтаған мәліметіне қарағанда, мектеп пен ауруханада қызмет істейтіндердің 65-70%-ы жалдамалы пәтерлерде күн кешуде. Бұл мұғалімдер мен дәрігерлердің 2/3-сі үйсіз-күйсіз жүр деген сөз. Олардың көбі бір жалақыға сүйеніп өмір сүруде. Мұндай жағдайда халықтың саны қайдан көбейсін?!
Демографиялық өсім кең байтақ Қазақстанның дамуы үшін басты стратегиялық мәселе екені айдан анық. Үйсіздіктің салдары ұлт дамуына кері әсер етеді. Жас отауларды үймен қамтамасыз ету — ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін іс. Қазіргі кезде бұл қоғам боп шешетін әлеуметтік мәселеге айналды. Мәселен, Астанада баспаналық тұрғын үй кешендері күн сайын бой көтеруде. Алайда жоспарланған көрсеткіштер үйге мұқтаж адамдардың сұраныстарын қамтамасыз ете алмай отыр. Бүгінде қалалық жерлерде баспана ала алмай, пәтер жалдап жүргендердің басым көпшілігі жастар. Өкінішке қарай, оларда пәтер алуға жетерліктей қаражат жоқ. Сол жастар елдің келешегі, демографиялық өсімнің кепілі емес пе? Қазіргі уақытта халықтың баспанаға қол жеткізуінің 2-3-ақ жолы бар: біріншісі — тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар мен кооперация болса, екіншісі — әкімдік арқылы пәтердің немесе жердің кезегінде тұру, ал үшіншісі — бастапқы жарна жинап, содан кейін ғана екінші деңгейдегі банктерден несие рәсімдеу.
Осы бір түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін 15 қараша күні сағат 15:00-де Астанадағы «Журналистер үйінде» Республикалық «Жас отау» қоғамдық қорының тұсаукесері өтті. Тақырыбы: «Үйсіздік пен күйсіздік ұлттың саны мен сапасын жояды» деп аталды.
Дөңгелек үстелде «Жас отау» қорының халық игілігі үшін атқаратын жұмыстары жайында сөз қозғалды. «Жас отау» қоғамдық қорының төрағасы Асхат Базарханұлы мен «Жас отау» қоғамдық қорының құрылтайшысы Айдын Ырысбекұлы көпшілік алдында өздерінің алға қойған мақсаттарын жан-жақты әңгімеледі. Көптеген көкейтесті сауалдарға нақты жауаптар алынды. Модератор қызметін «Қазақстан ZAMAN» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы тізгіндеді.
Аталмыш басқосуға қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, елдің ертеңін ойлайтын ұлтжанды азаматтар және бірнеше БАҚ өкілдері қатысты. Өкінішке орай, осындай ең маңызды шаруаға «Нұр Отан» партиясы тарапынан бір адамның келмеуі жиналғандардың ренішін туғызды. Заң шығарушы орган — Парламент сенатынан Сәрсенбай Еңсегенов қана белсенділік танытты. Өзге шақырылған депутаттар төбе көрсетуге де жарамады. Ұлттық мүдде сынға түскен келелі жиыннан асқан қандай тығыз жұмыс болуы мүмкін…
Жас отбасылар мен табысы аз адамдарды баспанамен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан Республикалық «Жас отау» қоры төмендегідей жұмыстарды атқаруға дайын екендерін анық аңғартты.
1. Қала сыртынан кооперативті үйлер салу үшін Үкіметтен тегін жер телімдерін сұрау.
2. Заманауи технологиялардың жетістігін пайдалана отырып, шағын және орташа көлемді 2-3 қабатты қолжетімді үйлер салу.
3. Инвесторлардан қайтарымды және қайтарымсыз қарыз алуға қол жеткізу. 90 % қайтарымды қарыз жұмыс істейтін отбасылардың кірісіне қарай үстеме пайызсыз 1 жылдан 5 жылға дейін беріледі. Ал 10 % қайтарымсыз қаражат жетім-жесірлер мен мүгедектерге қайырымдылық мақсатта жұмсалады.
4. «Жасыл экономика» бағдарламасына сай, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың жоба — инновациялық толық автономды термосүйлер салу (Бұл үйлер жарық пен жылуды күн мен желден алатындықтан, энергиясы мен суы толық автономды болады.

Республикалық «Жас отау» қоғамдық қоры ұйымдастырған дөңгелек үстелден кейін жиналған зиялы қауымды сөзге тарттық. Алуан түрлі пікірлер айтылды. Алайда барлығы да қоғамдық қордың бастамасын бірауыздан қолдайтындарын білдірді.
Ертай Айғалиұлы, «Қазақстан Zaman» газетінің Бас редакторы:
«ҚАЗАҚСТАН ZAMAN» ГАЗЕТІ АҚПАРАТТЫҚ ДЕМЕУШІ БОЛУҒА ДАЙЫН

— Бүгінгі басқосуға алтын уақыттарыңызды қиып, жиналысымызға қолдаушы болып қатысып отырғандарыңызға шын көңілден рақметімді айтамын. Газетіміздің алдыңғы аптадағы нөмірінде «Үйсіздік пен күйсіздік ұлттың саны мен сапасын жояды» деген мақала жарияланды. Авторы орталарыңызда отырған Айдын Ырысбекұлы деген азамат. Әрине, көтеріп отырғаны өзекті мәселе болғандықтан, газетімізден лайықты орын беріп, оқырман назарына ұсындық. Бүгін осы жігіттердің бастамаларына қолдау білдіру мақсатында жиналып отырған жайымыз бар. Қазіргі күннің күрделі проблемаларының бірі баспана мәселесі екені баршаңызға белгілі. Осылай жалғаса берсе, ұлтымыздың болашағы не болады деген қоқыныш та сананы билейтіні сөзсіз. Себебі осы үйсіздіктен туындаған сан-алуан мәселелер елімізден қоғамдық дамуына кері әсерін тигізумен келе жатыр. Осындай қиындықтарды жеңілдету мақсатында алдарыңызда отырған мына екі азамат тамаша бір жұмыс бастап жатыр екен. Қазірге дейін біраз шаруалар тындырыпты, жастарға арналған қолжетімді баспаналар салып, оны пайдалануға беріп те үлгеріпті. Нақты мән-жайды өздері де түсіндіріп, айтып береді деп ойлаймын. Алайда азаматтардың игі істеріне кедергілер де кездесіп жатқан көрінеді. Бүгін осы мәселе төңірегінде ой өрбітіп, талқыға тасталған тақырып төңірегінде сіздердің көзқарастарыңызды білсек, ашық пікірталас оздырсақ деген ниетіміз бар. «Қазақстан ZAMAN» ақпараттық демеуші ретінде «Жас отаудың» алдағы уақытта жылт еткен жаңалықтарын оқырман назарына ұсынып отырамыз.

Өмірзақ Озғанбай, ҚР Ардагерлер Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары:
Қазақстан ардагерлер қауымдастығы «Жас отауды» қолдайды

— Қазіргі таңда баспана мәселесі еліміз тұрғындары үшін, жас отбасылар үшін өте-мөте бас қатыратын мәселелердің біріне айналып кетті. Елімізде жастардың саны 4 миллионның төңірегінде деп айтылып жүр. Осылардың ішінде әлеуметтік жағдайлары жақсы делінетін адамдардың саны да көңіл көншітпейтіні белгілі. Жастар еліміздің болашағы десек, бұл мәселелердің біздің елдігімізге тікелей әсер ететінін де естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан жас отбасылардың баспана мәселесін шешу біраз дүниенің оңалуына әсер ететіні белгілі. Біздің демографиялық жағдайымыз да нашар. Ажырасу мөлшері де жоғары деңгейде сақталып отыр. Осы ажырасу дегенге талдау жасағанда басым бөлігінің ажырасуына себеп болып отырған дүние өздеріне тиеселі баспаналарының жоқтығы екен. Қазіргі таңда 500 мыңға жуық «кәрі қыздар» бар деген ақпарат бар. Жастар неге үйлене алмай жүр? Шынымен де ер мен әйелдің саны жағынан осыншама алшақтық пайда болды ма? Осының барлығына өз әсерін тигізіп жатқан себептердің бір осы баспана мәселесінің тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Себебі үйсіз отбасылардың өмірлері де тыныш болмайтыны белгілі. Үйсіз жүрген жұбайларды демографияға үлес қоса алады деп тағы айта алмайсың. Нарықтағы бағалардың удай қымбатқа түсуі де жас отбасылардың жүгін ауырлатып жіберді. Тізе берсек, кете береді. «Жас отау» қоғамдық бірлестігінің бастап жатқан игі жұмыстарына сәттілік тілейміз. Біз Қазақстан ардагерлер қауымдастығы сіздердің бастамаларыңызды шын ниетімізбен қолдаймыз!

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЕТІП, ҮКІМЕТКЕ ЖОЛДАЙМЫН

— Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бір баспана екені аян. Бірақ жас отбасылардың үйсіз жүргені мен демографиялық өсімнің баяулығын, қылмыстық әрекеттердің туындауының барлығын баспанаға әкеліп тіреп қоюға өз басым қосылмаймын. Әрине, белгілі деңгейде әсері бар. Мысалы, біздер бір-екі бөлмелі саман кірпіш үйде туып-өстік. Ата-әже, әке-шешелерімізбен қоса отбасында 6-7 ден бала болатын еді ол кезде. Яғни демографиялық ахуалымыз қазіргі кезбен салыстырғанда әлдеқайда жақсы еді. Қылмыстық әрекеттер мен қазіргі таңда орын алып жатқан келеңсіздіктер ол кезде өте аз ұшырасатын. Мен салыстырмалы түрде айтып отырмын. Заман басқа, заң басқа екендігін жақсы түсінемін. Себебі адамдар жақсылыққа ниет етсе, дұрыс жүріп-тұруға, адал еңбекке, өнегелі отбасы болуға талпынса, барлығы басқаша болар еді. Ал сіздер осы бастап отырған жұмыстарыңызда тап болып отырған кедергілер мен осы төңіректегі басқада мәселелер жайындағы ұсыныс-пікірлеріңіз болса, бізге жазып әкеліңіздер. Біз өзге де әріптестерімізбен ақылдаса отырып, үкіметке депутаттық сауал жолдайық. Сосын алдағы уақытта Астана маңынан салған үйлеріңізді көрсетіңіздер, арамызда құрылыс департаментінің адамдары бар, ол жұмыстарыңызды көзбен көрейік. Қаперге алатын жерлері болса, оны да ескереміз, ұнамайтын жерлері, қаланың жалпы жоспарына кедергі келтіретін жерлері болса, оны да ойластырып көрген жөн шығар. Ал қазірге «бастамаларыңды қолдаймын немесе қарсымын» деп айта алмаймын.

Үзбен Құрманбай, «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
ҚОЛЖЕТІМДІ ҮЙЛЕРДІ КӨБІРЕК САЛЫП, АЛЫС-ЖАҚЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫ АҚЫРСАҚ…

— Барлығын өкіметтің мойнына артып қоймай, өзіміз осылай бастама көтерейік деген «Жас отауды» қолдаймын. Өте жақсы бастама. Меніңше, нәтижесі жаман болмайды. Бұған шеттен келіп жатқан қандастарымыз да ілігеді деген ойдамын. Бұл — өте қажет нәрсе. Менің айтпағым: бұл жұмыс мемлекет саясатымен ұштасып отыр. Қазір біздің мемлекетіміз бойынша Петропавлда, Қостанайда, Павлодарда оңтүстік тұрғындарын апарып қоныстандыру саясаты жақсы ниеттен туғаны белгілі. Бұл — ірі шаруа. Бұған қосарым, Монғолиядан, Қытайдан т.б. шетелден келетін оралмандардың тізімін шығарып, сонда апарып орнықтыруға зор мүмкіндік тумақ. Ол үшін бірлестіктер бірігіп, ауызбіршілік танытуымыз керек. Ұлттық мүдде жолында бірікпесек, құрдымға кетеміз. Аз уақытта қолжетімді үйлерді салып алып, алыс-жақындағы қазақтарды шақырсақ, қанекей!

Өтен Ахмет, жазушы, сыншы-драматург:
ҚОЛҒА АЛЫП ЖАТҚАН БҰЛ ШАРА ТАМАША!

— Егер бүгінгі күні сіздер келтірген статистика бойынша 2 млн. бәленбай мың адам баспанасыз болса, жоғарыда айтқан идеялардың нәтижесі сопаң етіп көзге түсіп тұр емес пе? Сондықтан бүгінгі отырыста айтылып жатқан сөз бен қолға алынып жатқан шараларыңыз тамаша! Негізінде, осындай корпарация бар. Ресейде біраз уақыттан бері жұмыс істейді. Атауы «Геркулес» болуы керек, қателеспесем. Олар біздің Қазақстанда да жұмыс істейді. Мен солардың біраз шаруаларымен танысқанмын. Бірақ оларда, сіздер айтқандай, «бірден үйді сала қоямыз, шаршы метрі 60-70, әрі кетсе 120 мың, үй салу оп-оңай» деген бір ауыз сөз жоқ. Осыларды сараптай келе сіздердің сөздеріңіз маған жұмбақтай көрініп тұр. Аяқпен илеп, қалыпқа құйылатын саман кірпішпен салынған үйлердің өзін салу оңай шаруа емес. Менің күмәнданып отырған себебім осы. Бұл тұрғыда айта берсек, сөз көп. Мысалы, қаржыландыру қалай болады? Қаржы қайдан келеді? Табыстың тағы қандай көздері бар? Демеушілер кімдер болмақ? Әлде үкімет өзі қаржы бөле ме? Үй кезегіне қалай тіркеледі?
Бұл сұрақтарға төраға Асхат мырза сұхбатында жауап берді.

Сәдібек Түгел, жазушы, қоғам қайраткері:
ЕЛ БОЛЫП ҚАЛАМЫЗ ДЕСЕК, ЖАСТАРДЫ БАСПАНАМЕН ТЕЗ АРАДА ҚАМТУ КЕРЕК

— Баспана еліміздегі нөмірі бірінші проблема екені даусыз! Сол проблеманы жас жігіттер Асхат пен Айдынның көтеріп, бастамашы болып отырғаны, әспеттеп айтсақ, көзсіз ерлік! Бұл — үлкен, ұлы бастаманың бірі. Сондықтан жігіттерді Жаратушы иеміз қолдасын! Одан кейін мемлекетіміз демесін! Депутаттар қорған болсын! Шынтуайтына келсек, бұл бастама тек қана Үкіметтің қолдауымен, күшімен, ықпалымен, тегеурінімен, бағдарламасымен іске асатын жұмыс. Бұл — жалпыұлттық мәселе. Тіпті Парламентте қаралатын іс.
«Жас отау» бағдарламасы өмірмен қабысқан шынайы екен. Қазаққа керек дүние. Тұрғын үйдің жоқтығы жастарды күйзеліске түсіріп жатыр. Ұлт осылай жойылады. Оның ұшқындары көрініп жатыр. Соңғы үш жылда қазақтың тоғыз жарым мың қызы шетелдіктерге, әсіресе, негрлерге тұрмысқа шығып кетті. Бұдан өткен сұмдық бола ма? Бұл жағдайға біз қалай жетіп отырмыз? Біз осыны көріп, естіп тұрып, қалай жер басып жүрміз? Ел болып қаламыз десек, жастарды тұрғын үймен тез арада қамтуды қолға алу керек. Әйтпесе кешігеміз.

Р.S. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов: «Қазақстандағы ипотекалық несиелеудің қазіргі жағдайы несие алу үшін пәтер құнының 30 % мөлшерінде бастапқы жарна жинау қажет, ал несиенің жылдық ставкасы — 16-18. Осыны ескерсек, қазақстандықтардың басым көпшілігі үшін қазіргі жағдайда ипотекамен баспана алу қиын» дейді. Елімізде мемлекет тарапынан арнайы шығарылған табысы төмен адамдарға арналған бағдарламалар бар, бірақ ол бәріне бірдей жете бермейді. Сол үшін де халық кооперациясы арқылы бірігіп салынатын үйлер жастар мен жағдайы төмен отбасыларға ең қолайлы шығар жол болып отыр.
2015 жылғы 29 қазанда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Кооперативтер туралы» ҚР Заңына қол қойды. Бұл заң өкімет тарапынан халықтың хал-ахуалын түбегейлі жақсарту жөнінде жасалған кешенді шараға айналды. Жалпы Елбасымыз жергілікті басшыларға халықтық кооперацияларды қолдаудың экономикалық және әлеуметтік маңызын үнемі айтып, тапсырып жүреді. Қазіргі таңда ҚР Үкіметі кооперацияны қолдауға жағдай жасады. Оны дамытуға мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөлініп, осы уақытқа дейін біршама сәтті бағдарламалар қабылданды. Оны ешкім жоққа шығармайды. Алайда Республикалық «Жас отау» қорының бастамасы тұрғын үйге зәру жұрттың қолдауына ие боларына сенім зор. Жиын соңында «Жас отау» қоғамдық қоры мен «Қазақстан ZAMAN» газетінің және бір топ зиялы қауым өкілдері ҮНДЕУ қабылдады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз