Тәуелсіздігіміз бізге не берді? Пайдаға шықтық па, зиянға ұшырадық па? Осыны сараптайықшы. Рас, бостандық бар. Бұрынғыдай 3 ай жұмыс істемеген әлділерді емес, күнін көре алмай жүрген қайыршыларды қудалау қойылды. Жанұя асыраған ол жұмыс істегісі келмеді дейсің бе, өзінің туа біткен бейіміне, мамандығына қарай жұмыс таппай жүрген еді. Бостандық осы екен деп, бейбастақ істер мен жөнсіздік көбейіп кетті емес пе?
Елді керек-жарағымен жабдықтап отырған сауда жүйесі бейберекет жүгенсіз кетті. «Тауар көп болса, бәсекелестік орнайды. Арзаншылық болады» деген бұрынғы алып Кеңес Одағының алғашқы президенті Михайл Сергеевич Горбачевтің данышпандық сөзі жайына қалғанын көрдік емес пе?

Өздері өндірген тауарлары жоқ бұл алып-сатар мен делдалдар мемлекеттің зауыт-фабрикалары шығарған тауар бағасын өздері ойдан қойып, күннен-күнге қымбаттатып барады. Бұлай қай жерге барып тірелетінін ешкім де әзірге білмейді. Бағаны олар өздері белгілейді. Алсаң сол, алмасаң қой. Бұл — саудагердің сөзі. Мұндайды тәртіпке шақыратын қазіргі заманда ешқандай күш жоқ. Бұған Монополия комитетінің де әлі келмейді. Ол мемлекет билігіндегі іске ғана қожа. Мысал келтірейін, біреу семіз жылқысын өте қымбатқа бағалап саудалады. Оған біреу «халықтың қалтасы жұқа, оны қинама» деп ақыл айтты делік. Иесі өз жылқысын сойып алып, қарап отыр. Енді оған не істер едің? Ол меншіктің иесі. Бұл нарықтың заңы деп, оны заңдастырдық емес пе? Бүгінді бастықтардың бос сөзі мен дәрменсіз қаулысы көп, нақты іс жоқ болып тұр. Көлігі жоқ, қолы қысқа кедейлер алып-сатарлар мен делдалдардың бұл істеріне амалсыз көнеді. Өйтпеске лажы жоқ.
Ал өзі еңбегімен өндірген тауарын қалай бағаласа да өз еркі дер едік. Қытайдан арзанға алған тауарларын қымбатқа сатқан алып-сатар мен делдалдардың жолын кесу маңызды іс дер едім. Осыған қандай кілт табу керек?
Осы жүгенсіз кеткен істі, алып-сатарлар аспандатқан асау бағаны икемге келтіріп, қалай ауыздықтау керек дегенге халықтың пікірін, ұсынысын білу үшін конкурс жарияласа, мен оған мынандай ақыл-кеңес қосар едім:
Біз жамандап зорға құтылған, орыс билігіндегі алып Кеңес Одағында да ел игілігі үшін жақсы істері көп болған екен. Оны да мойындаған жөн болар. Қазір соны жұрттың көбі сағынып, көксеп жүр. Шындықты мойындаған дұрыс қой. Шынымды айтайын, бұрынғы заманды жамандағанның біреуі мен едім. Бұлай болатынын қайдан білейін? Қазір сол өмірді сағынып жүрміз. Онда арзан әрі тұрақты баға мен тәртіп бар еді. Қазір барлық баға мен билік қулықты мейлінше дамытқандардың қолында кетті емес пе?
Мәселен, бұрын:
1. Халық денсаулығын сақтауы үшін медициналық қызметтің барлық түрі де адамдарға бірдей тегін болды. Қазір қалтасы қалыңдар тірі қалуы керек те, қалтасы тайыздар өле беруі керек пе? Квотаға бәрінің қолы жете бермейді. Квота берушілер де адамдарды шен-шекпеніне, беделі мен қызмет дәрежесіне қарай талғап таңдайды. Пара осындай жерде жүрмесіне кім кепілдік береді? Бүкіл Қазақстанда үлкен бір ғана Лос-Анжелес, Лондон, Нью-Йорк, Мәскеу сияқты бір қаланың халқы бар екен. Соны асырай алмай отырған мемлекетке не дейін?
2. Кеңес Одағында бұрын жоғары оқу орындарына оқу тегін болды. Сол оқу бітірген адам мамандардың орналасатын жұмыс орны дайын еді. Қазір үй ішіндегі көп боқмұрындардың ырыздық несібесін аузынан жырып, өз үйін ақ сирақ етіп, жалаңаштап сатып алған дипломын қалтасына басып, жұмыс таба алмай жүргендердің санына жете алмайсың. Ақ сирақ болып жалаңашталып қалған оның үйін тағы есепке алғайсың. Ондай сапасы да, пайдасы да жоқ дипломның керегі не? Сонда да жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алсаң, қатарыңнан қалмайсың деген түсінік көпшіліктің ұғымына мықтап орныққан.
Қолынан жұмыс келмесе де, оны сүйрейтін мықты сенімді «крышасы» бар адамдардың дәурені жүріп тұрғанын несіне жасырамыз?
3. Бұрын тұрғын үй қазіргідей бюджетте отырғандарға ғана емес, бәріне бірдей тегін берілетін. Қазір ол жоқ. Үй бағасы тіпті шарықтап кетті. Мұны қалай ауыздықтауға болады?
4. Баспасөздегі газеттердегі фельетондар мен өткір мақалалар ел ішіне жақсы жарияланып, ол бүкіл халықтың да, бастықтардың да талқысына түсетін. Билік басындағы бастықтар да осы арқылы өз кемшіліктері мен айыптарын мойындайтын. Қазір ол жоқ. Бұл ерсіліктің, жөнсіздіктің сыбайлас жемқорлықтың жақсы дамуына жол ашты.
5. Ертеде сауда жүйесінде қатаң тәртіп болды. Халықтың өзі өндірген тауары мен өнімдерін ашық базарда сатқандарға шектеу қойылмады. Ал мемлекеттің зауыт пен фабрикаларынан шығарылған өнім мен тауарлары тұрақты бағалары бақыланып, Тұтынушылар Одағының дүкендері арқылы сатылды. Өзі өнім өндірмей, мол табыс тапқысы келген делдалдар мен алып-сатарлар заңмен қатты ауланды. Олар халықты сүліктей сорып қанаушылар деп есептелді. Расында солай еді. Тұтынушылар Одағы мемлекеттік банкіден мол кредит алып, соған әртүрлі мол тауар жинап әкеліп, оны халыққа қолжетімді бағаға сататын. Артық бағаға сатып, баюды көксемейтін. Бұл тауарларын халыққа қолжетімді бағаға сатып, қызметін көрсететін еді. Сол үшін автобазадан жалдап көп жүк машинасын алатын. Оның сыртында «Кооптрансс» деген арнаулы жасақталған олардың өз автобазасы да болды. Бұл сауда жүйесі мемлекеттен ешқандай көмек алмайтын. Мемлекетке де, басқаға да масыл болмай, осылай өз тапқанымен өздері ғана күндерін көретін. Көп адамдарға жұмыс тауып берді.
Егер осы Тұтынушылар Одағын қайта жандандырып қайта ашса, бұрынғыдай бағаны бір орталықтан бақылап ұстап тұруға мүмкіндік болар еді. Жеңіл пайда іздеп, жұмыртқадан жүн қырыққандарға тоқтау болар ма? Ал өзің өндірген тауар мен өнімді нарық базар бағасымен сата бер. Мұны тәжірибеге енгізіп көрсе, бұдан ешкім ұтылмас еді.
Билік басындалар өз тұрмысын жақсарту үшін емес, осындай жұмыстарды реттеу үшін отырған жоқ па? Олардың жауапкершілігін арттыру үшін Президентіміз ел алдында жыл сайын өзі істеген жұмысы туралы халыққа есеп беруді міндеттеген жоқ па? Бірақ «Бұл баяндамаңда айтқаныңның бәрі мемлекет ақша бөліп, соған өзі істетіп берген жұмыстары. Одан басқа өзің не істедің?» деген сұрақты оған бағынышты қарауындағылар айта алмайды. Оны қызметінен өзгерте алатын бастық сұрамай тұр. Сөйтіп ол осылай өз қызметінен кеткенше халықтың көзін бояп нанын жеп тұр. Мұндаймен ұзаққа шаппасымыз белгілі. Бостандығы мол болғанымен, жабайы капитализм мен орынсыз шектеуі көп Социалистік жүйенің де ел тұрмысын жақсарту үшін жақсы жақтарын іріктеп алып, соны іске асырғаны жөн болар. Капиталистік жүйенің де, социалистік жүйенің де ел тұрмысын тездетіп түзеуі үшін пайдалы істерін өмірге енгізгеннің несі ерсі дер едім.

Қабдысалық Бейсенбайұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз