Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізіп, ресми іссапары аясында өткен келіссөздерді қорытындылады. Берік әріптес саналатын екі ел арасындағы қарым-қатынастардың ашық әрі сенімді сипаты бар екенін айтқан Қазақстан Президенті: «Бүгінде біздің арамызда өзара оңтайлы шешімі табылмаған мәселе жоқ. Біз екіжақты күн тәртібінің кең ауқымды мәселелерін қарастырдық. Александр Лукашенко екіжақты қарым-қатынас және интеграциялық бірлестік тұрғысынан стратегиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән берілді. Биылғы 9 айда елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 60 пайыздан астамға артып, 441 миллион АҚШ долларын құрады. Екі ел үкіметтері еуразиялық интеграция әлеуетін ескеріп, өзара сауда-саттық жасау барысында пайдаланылмаған резервтерді тартуды жандандыруы қажет. Мен біздің сауда номенклатурамызды кеңейту бағытында жұмыс істеуді ұсындым. Өнеркәсіп кооперациясын нығайтуға және екіжақты сауда-саттық көлемін арттырудың нақты деректеріне айрықша мән берілді. Комбайн, трактор, сондай-ақ карьерлік, жүкті өзі аударатын, тіркемелі және басқа да техникалар шығару жөніндегі бірлескен кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру қажет. Екі ел географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, бұл көлік-транзиттік салада өзара іс-қимыл жасауға зор мүмкіндіктер береді. Оның аясын кеңейту орынды. Соңғы алты жыл ішінде Қазақстан мен Беларусь арқылы тасымалданатын Қытай мен Еуропа арасындағы жүк көлемі 100 есеге жуық артты. 2018 жылы бұл көлем екі есе өседі деп күтілуде. Біз осы саладағы Астана мен Минскінің ынтымақтастығы жөніндегі одан әрі іс-қимылдарын белгіледік»,— деп атап өтті. Өз кезегінде Беларусь Президенті: «Біз 25 жыл ішінде жай дос қана емес, сондай-ақ стратегиялық, экономикалық серіктеске айналдық. Қазақстан біз үшін екіжақты байланыстар тұрғысынан да, интеграциялық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдар аясында да маңызды әрі уақыт сынынан өткен одақтас. ІТ-технологиялар саласындағы екі ел ынтымақтастығының болашағы зор. Бұл сапар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады. Инновациялар мен жоғары технологияларға мән бере отырып, өзара капитал салу оның басты ерекшелігі болып табылады»,— деді. Брифинг соңында Нұрсұлтан Назарбаев өткен келіссөздер барлық ауқымды өзара іс-қимыл бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Қазақстан Президентінің Беларусь Республикасына ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы шарт және 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасы;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары;

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Беларусь Республикасының Спорт және туризм министрлігі арасындағы Дене шынықтыру және спорт саласындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Беларусь Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы Мәдени ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Беларусь Республикасының Ұлттық ғылым академиясы арасындағы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы шарт.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз