Маңғыстау — экономикалық жағынан да, демографиялық жағынан да қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мұнда мемлекеттік бағдарламалардың барлығы сәтті жүргізіліп келеді. Облысқа жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді. Ол мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына көз жеткізу мақсатында теңіз суын тұшытатын бірегей зауыттың жұмысын көріп, нан комбинатының ұжымымен кездесті. Сондай-ақ, дуальді оқыту жүйесі бойынша жоғары білікті мамандар даярлайтын политехникалық колледждің тыныс-тіршілігімен танысты.

Мұхтар Құл Мұхаммед алдымен “Каспий су тұшыту” зауытының жұмысымен танысты. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген кәсіпорын “Нұрлы жол” бағдарламасы арқылы 3 млрд теңге алып, неміс қондырғыларын сатып алған. Жаңғыртудың нәтижесінде зауыттың өндірістік қуаты 3 есеге артқан.
— Біз теңіздің суын ТОО «Маяк» КазАтомПром» мекемесінен алып отырамыз, сатып алып отырамыз. Суды залалсыздандырып, яғни санитарлық ережеге сәйкес келтіріп, суды әрі қарай Мұнайлы, Қарақия аудандарының тұрғындарына жіберіп отырамыз. Қазіргі таңда бізде шамамен 6 мың 7 мың текше метр тәулігіне жіберіп отырмыз. Біздің зауытта барлық жүйе автоматтандырылған, — дейді «КАСПИЙ» су тұщыту зауыты бас инженерінің пайдалану жөніндегі орынбасары Жанна Баетова.
Бүгінде еңбек етіп, өндіріс орнын ашуға мүмкіндік мол. Тек ынта болса болғаны. Істің ебін тапсаң, мемлекет те қолдайды. Осы тұрғыда “Бизнестің жол картасы —2020” бағдарламасының берері көп. Мүмкіндікті мүлт жібермей, тиімді пайдаланған мекеменің бірі — нан комбинаты. Өндіріс орны ұннан жасалатын өнімнің 150-ден аса түрін шығарады.
— Біздің Қазақстанда мұндай наубайхана жоқ.Тек қана бізде. Барлығы Германиядан әкелген, түгелдей. Біздер шикізатты Қостанайдан, Ақтөбеден, кейде Шығыс Қазақстаннан аламыз. Әр уақытта әртүрлі. Президенттің қолдауымен бізге көптеген көмектер беріліп жатыр. Әсіресе «Даму» қоры біз 6 пайыз кредитпен осы құралдарды алдық. Сосын «Дорожная картамен» бізге көптеген көмек болды. Газофикация, электричество, соған көмектесті. Елбасының қолдауымен мемлекет тарапынан сондай үлкен көмектер берілді, — дейді «МАҒАШ НАН» ЖШС бас директоры Айтжан Сауғабаев.
Өндіріс орындарының жұмысын көргеннен кейін “Нұр Отан” партиясының бірінші орынбасары политехникалық колледждің тыныс-тіршілігімен танысты. Студенттермен кездесіп, еліміздің кемел келешегі жалындаған жастардың қолында екендігін айтып, олардың тәрбиесі мен біліміне жіті мән берілуі керектігін алға тартты. Оқу орны сұранысқа сай маман дайындауда көш басында.
— Мен қазір дуальді бағдарламамен осы колледжде білім алып жатырмын. Дуальді бағдарлама дегеніміз ол 40 пайыз теориялық білім алсақ, 60 пайыз практикалық білім аламыз. Біздер практикалық білімге «ӨзенМұнайГаз», «ЖетібайМұнайГаз», «ҚаражамбасМұнайГаз» сондай кен орындарына бардық. Осындай біздер сияқты жастарға білім алу үшін жағдай жасаған Елбасымызға алғысымыз шексіз, — дейді Маңғыстау политехникалық колледжінің студенті Айбек Жаңбырбайұлы.
Елбасының Қазақстанды Үшінші жаңғыртуға арналған тапсырмаларын орындауда жастардың рөлі зор. Әсіресе, қоғамдық сананы жаңғыртуда өскелең ұрпақ алдыңғы легте жүру керектігін айтты Мұхтар Құл-Мұхаммед.
— Маңғыстау облысы демографиялық жағынан да, экономикалық жағынан да қарқынды дамып келе жатқан өңір. Сондықтан бұл өңірге білікті мамандар көптеп қажет. Қазір мына біз тұрған колледжде екі мыңнан аса талапкер дуальді жүе бойынша мамандық игеруде. Солардың ішінде Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан “Сәтті қадам” бағдарламасымен келгендер аз емес. Өңірде көбінесе табысты болашақ дәл осындай сәтті қадамнан басталады, — дейді«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Мұхтар Құл-Мұхаммед жастарға қашанда қолдау білдіретіндігін айтып, өңірде атқарылар бірқатар жұмыстарды тізбеледі. Облыс орталығынан шалғай жатқан Маңғыстау вокзалын қала маңына көшірудің маңызын түсіндірді. Сондай-ақ, Қошқар ата қалдық қоймасын қалпына келтірудің қоршаған ортаға тигізер пайдасын айтты.

КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдегі орта және жоғары оқу орындарының оқытушыларымен және студенттерімен кездесті. Жиында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында жастарға бағытталған мақсат-міндеттерді талқылап, маңыздылығына тоқталды.
Елбасымыз әрдайым жастарға ерекше көңіл бөліп келеді. Таяуда өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы жастарға зор сенім артып, олардың қоғамдық сананы жаңғыртудың алдыңғы легінде жүруі керектігін айтқан болатын. Өз сөзінде Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы алдымызға қойып отырған міндеттердің, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызы мен мәніне назар аударды. Кездесу барысында облыстағы талантты, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген, өз істерінің нағыз майталман мамандары саналатын он жас азамат партия қатарына қабылданып, оларға партиялық билеттері салтанатты жағдайда тапсырылды.
Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов кездесу кезінде «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының аймақ белсенділері екенін атап өтті.
— Олар жаңа форматтағы жобалардың бастаушысы; мемлекеттік органдарда жаңа формацияда жұмыс істеушілердің резерві; «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына өзгерту еңгізудің қозғаушы күші; республикалық және аймақтық іс-шараларды ұйымдастырушы; «Нұр Отан» партиясының саясатын белсенді жалғастырушы нағыз қанаты. Еліміздің бұдан арғы дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Біз сіздерге осындай үлкен үміт артамыз. Ел болашағы үшін білім алып, еңбек етеді деген сенім білдіремін, — деді облыс әкімі.
Облысымыздағы ең ірі оқу орны — Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ұстаздары да жиында сөз алды. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы — 350-ден аса адам, соның ішінде: 16 ғылым докторы және 169 ғылым кандидаты қызмет етеді. Жоғары оқу орнының 3 мыңнан аса студенттеріне арналған үш оқу ғимараты, үш жатақханасы, үш оқу полигоны, бассейнді спорт кешені бар. Бүгінде университет жастары облыстың білім жүйесінің дамуына үлес қосушы бірден-бір күш.
Сонымен қатар Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық активімен кездесті. Онда партия Төрағасының Бірінші орынбасары мемлекет басшысының Саяси кеңес отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде партияның алдында тұрған нақты міндеттерді атап өтті. Осыған орай, маңғыстаулық партия мүшелері алдағы уақытта кадрлардың біліктілігін арттыру, жастармен жұмысты одан әрі жандандыру, партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыру және халықты алаңдатқан өзекті мәселелердің шешілуін әрдайым назарда ұстау жолында жұмыс істейтін болады.
Айман Нұрмағанбет

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз