Хромтаулық Селенов Мұрат Саматұлы көп уақыттан бері ауыл шаруашылығының егін, мал өсіру салаларымен айналысады екен, жетістіктері де мол. Отандық өнім өндіруге өзіндік еңбегімен атсалысып жүрген кәсіпкердің шаруашылығымен таныса жүріп, сұхбатымызды былай өрбітіп едік:

— Мұрат аға, кәсібіңіз жайлы айтып өтсеңіз.
— Негізгі айналысатын кәсібіміз — егін. 2000 жылы бастадық. Қарамағымыздағы жер көлемі — 20000 гектар. Шаруашылығымыз екі ауданда. Бірі — Хромтау ауданында, ол — «Ақжар-Агро» ЖШС, екіншісі — Мартук ауданы территориясында, «Рада-Агро» ЖШС деп аталады. Жеріміздің 3000-7000 гектарына он үш жылдан бері күнбағыс егеміз. Биыл түсімі 10 центнерден болды. Күнбағыс өсіріп, мол өнім алудың технологиясын жан-жақты меңгердік.
Хромау ауданы территориясында орналасқан шаруашылығымыздағы алқабымызға 3300 га жұмсақ бидай (бұл — бидайдың ең көп тараған сорты, барлық жерде өсіріледі. — Б.К.) сеуіп, 13 центрден өнім алдық. 1800 га қатты бидай (бидайдың бір түрі, бірнеше сорттары бар, дәні бағалы, мемлекеттердің біразында өсіріледі. — Б.К.), 3000 га арпа өсірдік.
Мартук ауданындағы «Рада-Агро» аталатын шаруа-шылығымызда бағып жатқан малымыз да бар. «Қырдың қызыл сиыры» деген сүтті тұқым. 200 бас. Облыс бойынша бізде ғана. Өнімін алты жылдан бері Ақтөбе қаласындағы «Айс» деген компанияға өткізіп келеміз…
— Сиырдың бұл тұқымының ерекшелігі не сонда? Сәл тоқтала кетсеңіз…
— «Қырдың қызыл сиыры» о баста Запорожье өңірінің сұр сиырын остфрисландия бұқаларымен шағылыстыру арқылы 18 ғасырда пайда болған екен. Кейін 19 ғасырда Украина жерінде әлгі «қырдың қызыл сиырын» ангельн бұқаларына жұптап, көбейтіпті. Ал Қазақстандағы генетика мен селекциялық жетістіктерді өндіріске енгізетін, іске асыратын орталық мекеме ғалымдары жергілікті сиыр тұқымдарын «қырдың қызыл бұқаларымен» шағылыстырып, сүтті әрі етті түріне асылдандырған. Құрғақ континентті ауа-райына бейімді. Жаңа бұл тұқымның 200 басын бағымымызда ұстап отырмыз деп айттық. Күніне 2500 литр сүт сауылады, сонда әрқайсысы 12,5 литрден береді. Майлылығы 3,6-3,8%. Салмағы 360-500 кг, ал бұқалары 650-700 кг тартады. Орташа есеп бойынша айтып тұрмын мұны. Осы жылы 55 қашарды етке өткіздік…
— «Рада-Агро» ЖШС тек сүт өнімімен айналыса ма?
— Жоқ, өзім басшылық ететін «Рада-Агро» ЖШС егінмен де айналысады. Үстіміздегі жылы 1200 га алқапқа еккен арпаның түсімі 10 центнерден болды. 1000 га жерге күнбағыс өсіріп едік, 1000 тонна өнім алынды. Және 1000 гектарға жүгері ектік, түсімі 35 тонна. Малға көк балауса, пішен, сүрлем дайындау үшін 600 га өсірген судан шөбінен 350 тонна өнім алдық.
— Әрине, өнімдерді тұтынушыларға да өткізесіздер ғой, өтімі қалай?
— Иә. Биыл да астықтың түсімі жақсы болды. Сапасы жоғары. Шетелдерге өткізудеміз. Иран мемлекетіне 6 мың тоннасын саттық. Қазір 9 мың тоннасын Түркияға жөнелтіп жатырмыз. Әрине, нәтижелі табысымыз шаруашылығымыздың осы заманғы жетілдірілген сапалы техникалармен жабдықталуына да, ала жаздай төккен маңдай терге де тікелей байланысты…
— Алдағы күндерге жоспарлап отырған өзге де шаруалар бар шығар?
— Әрине. 150 жылқымыз, 600 бас қойымыз бар бағымда. Биыл тиімділігін байқау үшін бір ай саууға бие байладық. Енді келер жылы қымыз сатуды қолға алуды мақсат қылып отырмыз. Май зауытының (АКМЭЗ) құрылысы жүріп жатыр. Сәтін салса, келер жылдың мамыр айында аяқтап, іске қоспақпыз. Күніне 150 тонна күнбағыс дәні сығылып, 60 тонна май өндірілмек. Құрылысына 1 миллиард 450 миллион теңге қаржы жұмсалды. Оның 796 миллионын он жылға «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ-дан несиеге алдық.
«Ақжар-Агро» аталатын шаруашылығымыз Жазық аталатын теміржол бекетінде орналасқан. Логистикалық мәселемізді шешу үшін рельс тарту жөнінде тиісті орындарға өтініш түсірдік. Бұл өнім тасымалдауды тіпті жеңілдетпек.
— Сіз ашқан кәсіп — ауыл тұрғындарына жұмыс көзі… Онда қанша адам еңбек етеді?
— «Рада-Агро» ЖШС-те 26, ал «Ақжар-Агро» ЖШС-те 70 адам еңбек етеді. Еңбекақыларының орташасы 100 мың теңге. Егін ору, жинау маусымдарында 1 миллион теңгеге шейін сыйақы алады…
— Отандық өнім өндіріп, қазақ жұртын бай-бақуатты елге айналдыруға қосып жүрген үлесіңіз әркез өстіп жемісін бере берсін, күш-қуатыңыз ортаймасын, аға!

Бөрібай Кәртин

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз