Жаңа бағыт — жасампаздық бастама

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы елді ынтымаққа ұйыстырудың әрі жасампаздықтың жарқын жолы деуге болады. ҚР Президентінің бұл мақаласы мәңгілік ел болу идеясымен ұштасып жатқандығымен ерекше және оның кемел ойдан туған кемеңгерлік шешімі екендігінде дау жоқ. Рухани жаңғыру дегеніміз — сананың жаңғыруы. Сондықтан да тәуелсіздіктің құндылығын түсіндіру идеясын насихаттау бүгінгі таңда ерекше маңызды. Алашқа ана атанған Сыр бойы — рухани жаңғыруға негіз болатын өңірдің бірі. Өйткені мұнда сақтардың астанасы Шірікрабаттың, Оғыз империясының астанасы Жанкенттің, Қыпшақ империясының, қазақ хандығының астанасы Сығанақтың, қазақ республикасының астанасы болған, қазақ деген ұлт атауы ресми түрде қайтарылған Қызылорданың басқа емес, осы Сыр бойында орналасқанын атап өтуге болады.

30 млрд. теңгелік 99 жоба іске асады

Мемлекет басшысы әлем халқының көбейіп келе жатқанына байланысты аграрлық сала өнімдеріне ұдайы сұраныс болатынын, сондықтан да ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға өндіріске жаңа технологиялар енгізуге және озық халықаралық тәжірибелерді игеруге үнемі шақырып келеді.
Иә, елімізде ауылшаруашылық саласына мемлекет тарапынан лайықты қолдау жасалған. Соның бір ғана мысалы, биылғы жылы облыстық ауылшаруашылық секторының мемлекеттік қолдауға 9,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, өткен жылғы көрсеткіштен 2 пайыздан артып отыр.
Биыл Сырдың бас дақылы — күріш 9200 гектарға артты. Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 10 мың гектардан астам жерге артық егілді. Мұның басты себептерінің бірі Сырдария өзенінде су барынша мол болды. Жаңадан ашылған жерлерге Сыр маржаны күріш дақылы егілді.
Сыр өңірі егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытып келе жатқан аймақ. Жыл басынан бері облыс бойынша барлығы 18 мың тонна ет, 50 мың тоннаға жуық сүт өндірілді. Сыбаға бағдарламасына сәйкес үстіміздегі жылы 2100 бас аналық сиыр сатып алу жоспарланып, осыдан бүгінгі таңға 68 шаруашылық, 2500 бас сиыр сатып алынып, жоспар 118 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1000 бастың үстінде қой сатып алынып, мұнда жоспар 150 пайызға орындалды. Сондай-ақ, «Құлан» бағдарламасы 500 бас жылқы сатып алу жоспары 102 пайызға орындалып отыр. Биылғы жылы Қызылорда облысы әкімдігі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арасында келісілген үшжақты индикативті іс-шара жоспары бойынша 20-дан астам жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен — барлығы 19 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланған. Бүгінгі таңда облыста 1019 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен 40 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Жалпы облыста қазіргі уақытта 233 ауылшаруашылығы кооперативтері жұмыс істейді. Олардың жұмысын үйлестіретін облыстық штаб құрылған. Мемлекет сүт қабылдау пункттерін және мал бордақылау алаңдарын құрған кооперативтердің шығындарының 50 пайызын жабуға субсидия береді.
Облыс бойынша осы 3 жыл аралығында 30 млрд. теңге көлеміндегі 99 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Сонымен қатар ағымдағы жылы жалпы құны 3 млрд. астам теңгені құрайтын 5 ірі жоба, көлемі 2 гектар автоматтандырылған бір жылыжай, қуаттылығы жылына 1500 тонналық құс етін өндіретін құс фабрикасы, қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешен жылдық қуаттылығы 2000 тонна ет комбинатын және 200 гектар тамшылатып суару әдісімен қызанақ өсіру жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы жолданған Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауар экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырғаны белгілі. Сондықтан да жоғарыда аталған жобаларды Сыр бойына келген экспедиция мүшелеріне тігісін жатқызып жеткізген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы болды. Демек, мұның облыс бойынша бұл межелерге жасалып жатқан нақты қадамдар екені рас.
Сыр бойындағы жақсы жаңалықтың бірі бүгінгі таңда Қызылорда ет өнімдерін өзге елге шығару құқығына ие болды. Биылғы мамыр айында Париж қаласында өткен халықаралық эпизоотиялық бюросы бас ассамблеясының 85 сессиясында облысқа аусыл ауруы бойынша вакцина қолданатын таза аймақ мәртебесі берілді. Бұл халықаралық сауда кеңістігін кеңейтуге мүмкіндік деген сөз. Осы орайда, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі аймақтар алдына ет экспортын арттыру міндетін қойды. Соған сәйкес биыл Сыр өңірінен 25 тонна қой еті мен 100 тонна сиыр етін экспорттау жоспарланған. Дегенмен облыста халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинатының болмауы межені орындауға кедергі болып тұрғаны рас. Салқындатылған тоңазытылған етті экспорттау мүмкін болмай отыр. Алайда мәселені шешудің басқа да тиімді жолдары қарастырылды. Атап айтсақ, ең алдымен халықаралық талаптарға сәйкес келетін комбинаттың құрылысы қолға алыну үстінде. Оны «Сыр маржаны» ЖШС Иран үлкен ислам республикасының компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Сонымен қатар жоғарыда аталған өндіріс орны іске қосылғанға дейін индикативтік жоспарды мезгілінде орындау үшін Иран мемлекетіне қой мен ірі қара малын тірілей жөнелту межеленуде. Экспедиция мүшелерімен сұхбаттасқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов облыс көлемінде мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылған және қолға алынған жұмыстарды баяндап, нақты міндеттерге сәйкес деректер келтірді.

130 адамнан құралған 9 топ жол үстінде

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Хайруллаевтың қабылдауында болған экспедиция мүшелері біршама жұмыстарға қанықты. Айдын Бөгенбайұлының айтуынша, басқарма тарапынан аймақтағы қоғамдық саяси діни ахуал тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды істер атқарылып келеді. Жыл басынан бері «Ықтимал әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасына» 44 мәселе енгізіліп, ол түгелдей дерлік шешімін тапқан. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында 130 адамнан жасақталған 9 ақпараттық насихаттық топ құрылып, олар жыл басынан бері 1500-дей шараға қатысқан. Соның нәтижесінде 150 мыңнан астам облыс тұрғындары ақпарат алған. Оған қоса үстіміздегі жылы облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы үкіметтік емес ұйымдардың 150-ден аса жобалары жүзеге асырылу үстінде. Соңғы 2 жылда аймақта азаматтық қоғамды дамыту үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін қоғамның өзекті мәселелеріне жұмылдыру мақсатында «Әлеумет жобасы» жүзеге асуда.
Қоғамдық кеңес қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық консультациялық орталық ашылған. Сондай-ақ, биылға арналған қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбе жоспарларына сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізілген. Басқарма жанынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыратын жобалық кеңсе ашылып, бірқатар жобалар мен ақпараттық жұмыстар қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады деп сұхбатты түйіндеді басқарма басшысы А.Хайруллаев.

Қармақшылықтарда ерекше серпіліс бар

Ауыл экспедициясы Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Махашевпен сұхбаттасты. Әкімнің айтуынша, Жосалы кентінде 2000-ға жуық тұрғын үйге ауызсу құбыры кіргізілген. Жалпы ауданның басты жетістігі — барлық ірі елді мекендердің ауызсуымен толық қамтамасыз етілуі. Қармақшылықтар ғана емес, тұтас Сыр елі болашағынан үміт күтіп отырған жоба — «Ақтөбе и К» ЖШС құс фабрикасы. Бұл жоба өткен жылы өңірлік кәсіпкерлік даму картасына енген. Қазіргі уақытта құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылған. Құрылыс барысында 200 адам, ал іскерлік қосылған кезде 80 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жұмыстарды айта келіп, жастар мәселесіне де жіті назар аударылғанын жеткізді.
Аудан әкімі ауыл экпедициясына ауылшаруашылық өнімдерін өңдеудегі алғашқы жетістіктерінің бірі ауылдағы жеке кәсіпкердің күріштен жасалған қытырлақ тағамдар цехы өндірген өнімді көрсетті. Қазір дүкендерді жаулап алған чипсы өнімдерінің баламасын шығаруды қолға алғандар өнім күріш қалдығынан жасалғандықтан, оған «рипси» деген атау беріліпті. Жоба бизнестің жол картасы бағдарламасы аясында іске асырылған. Құны 8 млн. теңгені құрайды. Цехта 5 адам жұмыс істейді. Жалпы күріш қалдығынан 50-ден астам өнім өндіруге болады екен.
Қармақшы — тарихи ескерткіштерге бай аудан. Елбасының рухани жаңғыру мақаласында «Киелі жерлердің география» жобасын жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі. Қазақстанның киелі жерлері тізіміне мұндағы ежелгі Шірік-Рабат қалашығы, «Қорқыт Ата» ескерткіш кешені, «Бәбіш» мола қалашығы, «Марал Ишан» мазары мен «Қалқай Ишан» мазары кесенесі енгізілген. Биыл Шірік-Рабат пен Сортөбе қалашықтарына археологиялық зерттеуге облыс қазынасынан қаржы бөлініп, қазба жұмыстары жүргізілген.

Қорқыт Ата кешенінде

Жалпы, аймақтағы Қорқыт Ата мемориалды кешені шетелдік қонақтарда қызығушылық танытатын орындар қатарында. Өйткені түркі жұртының абызына арналған Қорқыт ата кешені туыс халықтарды жақындастыра түсетін киелі жер екені рас. Өйткені ЭКСПО — 2017 көрмесі аясында Қармақшы жеріндегі бұл кешенге келген туристер қазақтың бай мәдениеті мен салт-дәстүрімен танысты. Халқымыздың өнері, музыкасы, өмірі салты қандай болған деген сауалдарға шетелдіктер қасиетті мекеннен жауап алған. Көрме кезінде мұнда этноауыл ашылып, ашық аспан астында тігілген ақшаңқан киіз үйлерде Сыр бойының үздік қолөнершілер мен зергерлерінің таңғажайып туындыларымен танысып, олардың жүн, былғары, киіз, мүйіз және сүйектен жасалған бұйымдарын сатып алды. Экспедиция мүшелері кешен басына барған кезде ондағы қызметкерлермен сұхбаттасып, олардың көрме кезінде алған тамаша әсерлерімен бөлісті. Жалпы келген қонақтарға Қорқыт бабамыз туралы аңыз бен оның қобызы ерекше ұнаған.
— Этноауылдан көшпелі халықтың ұлттық ойындарынан бастап, ерте заманда тұтынған заттарын көрдім. Маған барлық салт-дәстүрлері мен зергерлер, қолөнершілер жасаған бұйымдар қатты ұнады. Менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Ал алайда Қармақшы ауданына алғаш рет аяқ басып отырмын. Осының алдында Арал қаласында болып, сол өңірдің қазіргі жағдайын өз көзіммен көріп келдім. Жалпы Қазақстан өзіме жақсы әсер қадырды, — деп жазады Бундестаг депутаты Филипп Ленгсфель.

Атына заты сай ауыл

Қармақшы ауданындағы ірі де іргелі шаруашылықтың бірі — «Жаңажол» ЖШС. Шаруашылықтың директоры Орынбасар Төлеповтың айтуы бойынша, биылғы жылы шаруашылыққа салынған инвестиция көлемі 300 млн. теңгенің үстінде. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мақсатында қызметкерлерге 40 млн. теңгенің үстінде қаражат жұмсалыпты. Серіктестік басшысы басты міндет күріш дақылынан мол өнім жинау екенін жеткізді. Серіктестік үстіміздегі жылы 3200 гектар жерге күріш дақылын орналастырып, оның әр гектарынан 76,1 центнерден өнім алды. Ал Балтабай Сәметов жетекшілік ететін бригада әр гектардан 81 центнердің үстінде, сондай-ақ Тілеужан Жарылқасынов және Данияр Нұрмағанбетов басқаратын бригадалар гектарына 68 центнерден өнім алды. Бұл ұжым мүшелерінің Сыр маржанын дұрыс күтіп баптап, агротехникалық шараларды тиімді жасағанын білдірсе керек. «Жаңажол» ЖШС-дағы тағы қуанарлық жағдай ондағы техникалар қатары жылда жаңаланып тұруы дер едік. Бұл орайда шаруашылық басшысы жаңашылдық қасиетін аңғартқан. Өйткені үстіміздегі жылы лизинг арқылы 1 жатка алынса, өз қаражатына 3 автокөлік алған. Шаруашылықтағы күрішші звено жетекшілері мен механизаторлары ынтымақты еңбек етіп жүр. Тәжірибелі механизаторлар: Ерболат Қалмұратов, Бағдат Берлібаев, Ербол Жұмағұлов, Нұрадин Бекеновтердің еңбек көрсеткіштері жоғары. Күріш дақылының күтімі оны орып, жинау ұжымдық ауызбірлікті бірлесе жұмыс істеуді талап етеді. Міне, осы бір жақсы үрдіс Жаңажол шаруашылығында өзіндік өміршеңдігін көрсетіп, жақсы қалыптасыпты. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейтініміз осы. Ауыл экспедициясы мұндағы наубайханада, тойханада, дүкенде болып, жақсы істерді көзбен көріп, ондағы еңбек адамдарымен пікірлесіп, әңгімелесті.

Қазалы қойнауын түлеткен тынымсыз еңбек

Ауыл экспедициясы мүшелері Қазалы ауданындағы ауыл шаруашылығы саласының тыныс-тіршілігімен танысты. Қазалы ауданына әкім болып енді тағайындалған Мұрат Ергешбаевпен сәл сұхбаттастық. Бірнеше аудандарда және Қызылорда қаласына әкім болған Мұрат Нәлқожаұлы, жасыратыны жоқ, шыныққан, шыңдалған, көппен тіл табыса алатын кадр. Өйткені біздің елімізде «іс тетігін кадр шешеді» деген қағиданың орны ерекше. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет барысындағы сатылап өсу ұстанымының көп көңілінен шығып, қара халықтың жүрегінен орын алып жүргенін ел ішінде естіп те жүрміз. Сондықтан да елдің тыныс-тіршілігін өзі қызмет жасайтын саланың қыр-сырын жете білудің маңызы қай кезде де зор. Дәл осындай көріністі басшылыққа Қазалы ауданына енді қадам басқан әкімнің жұмысының табысты болатындығына кәміл сендік. Өйткені ауданның проблемаларын жатқа білетін ол біздің тарапымыздан қойылған сұрақтарға тосылған жоқ. Әдеттегідей байсалды қалпымен сөзін жалғастырды. Біз соған бек риза болдық. Қазалыдағы «Ырза Агро» ЖШС елімізге танымал. Күріш өндіру саласында оның өзіндік орны және үлесі бар. Биыл бұл шаруашылықтың жұмысы нәтижелі. Мал азығы дақылдары да жеткілікті түрде дайындалған.
Экспедиция мүшелері «Сыр маржаны» ЖШС-нің мал бордақылау кешенінде болып, жұмыс барысымен танысты. Алғашқыда 500 басқа арналған ірі қара малын бордақылау алаңының қуаты қазіргі таңда ұлғайып, 3000 басқа жеткізілген. Мұнда ірі қара малы 3 ай бойы семіртіліп, бордақыланады. Жыл басынан бері 200-ден астам сиыр бордақыланып, оның тең жартысы сойылып сатылған. Алаң жанынан ет консервілеу зауытын ашу жоспарланып, ет кластерін жасау үшін дайындық жұмыстары басталыпты. Ресей федерациясы Астрахань қаласының әкімшілігімен 20 тонна ет өнімін экспортқа шығару жөнінде меморандум жасау бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Айдынды Аралдың ауқымды жұмыстары

Ауыл экспедициясы Арал ауданында «Аралтұз» зауытында, сондай-ақ Арал балық өңдеу зауыттарында болып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәдени жаңалықтарымен бөлісіп, ондағы жұмысшы қызметкерлермен әңгімелесті. Мұнан тура 12 жыл бұрын мемлекет басшысының Арал ауданына жұмыс сапарымен келгені баршаға белгілі. Сонан бергі жылдар ішінде теңіз төскейі өсу өркендеу кезеңін бастан кешіруде. Өйткені статистикалық мәлімет бойынша, ауданға тартылған инвестиция көлемі сонан бері 2,8 есеге артқан. Сондай-ақ «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінің, «Жезқазған — Сексеуіл теміржолының», «Бейнеу — Бозой — Шымкент» магистралды газ құбырының және «Кеңқияқ — Атасу» мұнай құбырының құрылыстары қарқынды жұмыстары жүріп, брендтік мегажобалардың нәтижелі іске асырылуы да көңілге қуаныш ұялатады.
Азық-түлік тағамдары өндірісінің балық өнеркәсібінің, бетон және платмасса өнімдерін, тұз және кварц топырағы өндірісінде еңбек еселі. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі де ауыз толтырып айтарлықтай. Атағы елімізден асып, шартарапқа танылған ас тұзын шығаруда ерекше қарқын алды. Кәсіпорында ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту жобасы жүзеге асырылып, 2,5 млрд. теңгенің үстінде инвестиция салынды. Дүниежүзі бойынша тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтың көшбасшысы — Испан елінің құрал-жабдықтары алынды. Бұған дейін зауыт өнімділігі 120 мың тонна болса, жаңа зауытты қосу арқылы өнімділік көлемі 1,7 есеге ұлғайтылған. Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың пайымдауынша, алда әлі атқарылатын жұмыстар көп. Оның сөзінен көңілге түйгеніміз — әлеуметтік салада да біршама жұмыс атқарылған. «Елдің тұрмыс деңгейін салынған құрылыстардан білуге болады» деген қағида бар. Бұл тұрғыда Аралда жақсы жаңалықтар көптеп кездеседі. Осы ретте Арал қаласының көгілдір отын желісіне қосылғанын айта кетпей болмас. Теңіз төскейіндегі тіршілік туралы айтылғанда ең алдымен балық шаруашылығы ойға оралады. Қазіргі кезде су маржанын сүзіп, тірлік қылған жұрттың тұрмысы түзелген. Жыл басынан бері айдыннан 4000 тоннаға жуық балық ауланған. Оның 70 пайызға жуығы өңделіп, нарыққа шығарылыпты. Нақты кезеңде балық өңдейтін 8 зауыт жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкердің ресейлік әріптестермен бірлесіп, Уляновск облысында балық өңдеу зауытын салғанын айту ләзім. Онда су маржаны терең өңделіп, экспортталады. Қазіргі уақытта көрші мемлекеттер мен Еуропа жұрты Аралдың балығын тұтыну үстінде. Атап айтқанда, Аралдағы ауқымды жобалардың бірі — «Арал сода» ЖШС-ның кальцийлендірілген сода өндірісін жыл соңына дейін бастау. Бұл тек облыс үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды бастама болғалы тұр.

Қалдықсыз өнім өндіретін балық зауыты

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауының арқасында «САРАТС-1» жобасы іске асырылып, кіші Арал теңізі суға тола бастады. Нәтижесінде аумағы 350 мың гектар шамасында су айдыны пайда болды. «Ақлақ» су реттегіші мен «Көкарал» су тоспасы салынды. Осы жұмыстардың нәтижесінде қазіргі кезде кіші Арал теңізінен 8 мың тоннаға жуық балық аулауға қол жетіп отыр. Осы ретте экспедиция мүшелері Қазалы ауданында орналасқан СПК «Қызылорда балық» ЖШС-нің балық зауытына барып, оның тыныс-тіршілігімен танысты.
Кешегі мен бүгінгіні салыстыру әсте қиын. Өйткені оның әуені өмір өріміне қарай өзгеріп отырады. Бұрынғы көп құндылықтарымыз арзанға айналатын шақтар да жоқ емес. Өйткені ол айналып келіп қаржыға тірелсе, таңданбайтынымыз да шындық. Алайда дүниені таба білумен қатар жомарттық танытып жататын қайырымды жандар Қазалы топырағында да аз емес. Солардың бірі — Қызылорда балық зауытының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Аманбай Ерхатов. Ауылда өскен қарапайым ғана жігіт. Талапты жанның талабы тасқа қашалмаса, қадамы биіктей беретіндігіне дау жоқ. Бұл күндері Аманбай Сыр бойындағы белгілі азамат, танымал тұлға. Сырттан келген қадірлі қонақтар да Қазалыға ат басын тіресе, Аманбайды сұрастыра бастайды. Бәрі де адал бейнеті мен Қыдыр дарыған пейілінің арқасы, табан ет, маңдай терімен келген абырой.
Балық зауытының цехы қазіргі заман талаптарына сай. Қолдарына пышақтарын ұстап, ақ халат киген қызметкерлерінің ісі тиянақты. Балықты тазалау, өңдеу, оны тоңазытқышта сақтау тағы басқа жұмыс процестері қазіргі заманауи техникалармен атқарылып тұр. Бізбен әңгімелескен осы зауыттың атқарушы директоры Жанарыс Ерниязов, соңғы жылдары аймақта балық шаруашылығының жедел дамып, ол өңір экономикасының негізгі бөлігіне айнала бастағанын қуанышпен жеткізді. «Жазда ғана өздеріңіз куә болған Арал балықшыларының дәстүрлі үшінші слеті болып өтті», — деді ол. Жыл басынан бері 3370 тонна балық ауланып, 2280 тонна балық өңделіпті. Өңделген балықтар алыс-жақын шетелдерге және бірқатар Еуропа елдеріне жөнелтіліп жатыр екен.
Балық зауытын аралағандағы жұмысшылармен пікірлескенде ойға түйгеніміз аймақта шағын кәсіпкерлікті өрістетудің маңызы зор екен. Осы ретте Сыр бойында географиялық орналасу мен халқының қалыптасқан өмір сүру дағдысына сай тіршілік ету тәсілдері әсіресе балық өнеркәсібін меңгеру, дамыту барысында өзіндік ерекшеліктері бар екені ақиқат. Сондықтан да Сыр бойындағы экспедиция аралап, жұмысымен танысқан балық зауытының алар орны ерекше.
Бейбітбек Бүркітбайұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз