Біздің газетімізге де биылғы жыл ерекше реңкпен, ерекше сынақпен келіп отырған сыңайлы. Өткен жылдың соңына таман бізбен үнемі бірге болып келе жатқан, көңіл көздері қарақты оқырман қауым газетімізде елең еткізер жаңалықтар болғанын байқаған, бағамдаған болар. Он жылға жуық үздіксіз еңбек етіп келе жатқан газетіміздің басшылық бұйдасы өткен жылдың аяғында маған бұйырды. Ұжымым жетпістен асқан шағымда бас директорлық қызметке ұсынғанда сасып қалғаным рас. Бірақ өзіңе шын жүректен үміт артып, сенім жүктеген ұжымның өтінішін жерге тастай алмадым. «Нартәуекел» деп таудай сенімді арқалаған мен аналық жүрекпен, қазақтың қайсар қыздарының дәстүрімен жаңа қызметіме қызу кірісуіме тура келді.
Өткен жылы газетіміздің 25 жылдық мерейтойы өтті. Басылымымызға 1992 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Тұрғыт Өзал болашақ түркі елдерінің алтын көпірі болғай деп баталарын берген болатын. Сол кезде «Халықаралық газет» деген айдар тағылды. Газетіміздің атын өзгертіп, «Qazaqstan zamany» (Қазақстан заманы) болып шығып, бүгін қолдарыңызға тиіп отыр. «Халықаралық газет» деген айдар қалды. Келешекте осы үдеден шығуға тырысамыз.

Тілекшіңіз, қорғаныңыз, сырласыңыз — «Qazaqstan zamany» әрқашанда сіздермен бірге

Қадірлі оқырман!

Біздің серіктестігімізде «Мөлдір бұлақ» атты балалар журналы шығады. Газетімізбен бірге балаларыңызға, немерелеріңізге жазылсаңыздар, өкінбейсіздер.
Газетіміз жылдағыдай биыл да сан алуан тақырыптарды қамтиды. Елбасымыздың саясатын қолдай отырып, әрқилы айдарлар аясында елдің тыныс-тіршілігін кеңінен жариялап, сондай-ақ көкейтесті мәселелерді, бұқараның мұң-мұқтажын көбірек қаузаймыз ба деп отырмыз. Мәселен, ауру адамға дұрыс диагноз қоймасаң, ол ерте ме, кеш пе өледі. Біздің қоғам да, мемлекет те солай. Мысалы, экономикамызды бір орнынан жылжытпай, алға бастырмай отырған қарау күш не деп ойлайсыз? Ойланыңыз. Меніңше, ол — жемқорлық. Жап-жақсы реформа бастаймыз. Бірақ оны орта жолда жемқорлықтың айбалтасы шауып түсіреді. Осы үдеді «Қамшыбасар-тұжырым» айдарын одан сайын ұштасақ деп отырмыз.
Билік әрқашанда халықпен ақылдасып отырса, қателеспейді. Біздің «Әкіміңіз қандай адам?» атты айдарымыз осыған негізделген. Жер мәселесін билік әдемі шешті. Енді тіл мәселесін де осылай дәйекті шешсек, жақсы болар еді. «Тіл майданы: оян, қазақ!» айдары аясында тіл жанашырларымен ақылдаса отырып, осы ел назарындағы мәселенің түйінін шешсек дейміз. Дәстүрлі «Отбасы», «Астана ажары», «Ақпарат-сарап», «Дүбірлі дүние — саясат», «Шемпион», «Әдебиет айдыны» т. б. беттеріміз оқырманымызды әсте жалықтырмайтынына сенімдіміз. Ең басты мақсатымыз — ұлттық мүддені көтеріп, елдің рухын түсірмеу.
«Мөлдір бұлақ» республикамыздағы балалар басылымдарының ішіндегі шоқтығы биік журнал екені анық. Көркемдік жағынан да, мазмұны жағынан да тартымды журналды балалар сүйіп оқиды. Жыл сайын балалар арасында арнайы тақырып бойынша бәйге де өтеді.
Жалпы газетіміздің де, журналымыздың да биылғы жылы оқырмандарына берер шығармашылық тартулары, сыйлары жетерлік. Мына алмағайып заманда қаншама әлеуметтік жағынан қиналсақ та, Рухани жаңғыру ауадай қажет. Ендеше, барша оқырмандарды белсенді болуға шақырамын. Биыл еліміз төрткүл дүниенің төріне шығып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төрелік ете бастады. Елбасымыздың Рухани жаңғыруға шақырған бағдарламалық мақаласы 2018 жылы да әрбіріміздің көкейімізде жүрген зор мәселе болатыны сөзсіз. Бұл еліміздегі көңілдерімізге дақ, кірбің түсіретін сан түрлі азғындықты тыятын ұлы күш — осы Рухани жаңғыру. Тек оны қалай жүзеге асырамыз? Осыны ойланайық, толғанайық.

Қадірлі оқырманым!

Өзіңнің қорғаның, сырласың, досың, тілекшің ««Qazaqstan zamany» сіздермен әрдайым бірге. Айтпақшы, біздің ұжым және оқырмандарымыз әрбір жылға «ресми жыл» деп қана баға береді. Ит жылы, яғни өзіміздің төл жаңа жылымыз Наурызда келетінін ұмытпайық, ағайын! Сонымен ресми жаңа жыл құтты болсын! Мемлекетіміз гүлденсін! Бәріміз бай болайық, отбасыларыңызға амандық-есендік тілейміз. Жаңа жылдың шуақты күндері көп болсын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз