Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында Сенатор Әли Бектаев: «Кеше ғана «Сарыағаш» шипажайы ұжымынан хат келіп түсті. Олар шипажайды 2018 жылы енгізілген жекешелендіру тізімінен шығаруды өтініп отыр. Уақытында Қазақстанның Кәсіподақтар ұйымына қараған атақты емдеу орталығы 2013 жылдан бері коммуналдық меншік иелігінде. Бұрын да, кейінгі уақыттарда да «Сарыағаш» шипажайы өзін-өзі толық қаржыландырып, мемлекетке тиісті салықтарын төлеп, тапқан табысына жаңа ғимараттар салып, тиісті емдеу құрылғыларын алып, халыққа сапалы қызмет етіп келе жатқан бірден-бір емдеу-сауықтыру мекемесі. Мемлекет есебінен қаржы сұрап отырған жоқ.

2017 жылдың қорытындысы бойынша шипажайда 1,5 млрд теңгенің қызметі көрсетілген, мемлекетке 108 млн теңгеден астам салық төлеген. Демалушылар тарапынан шипажай туралы арыз-шағым, наразылық болған емес. Басқа емдеу-сауықтыру орталықтарына қарағанда «Сарыағаш» шипажайы жолдамасының бағасы екі есе төмен, күніне шаққанда 8-16 мың теңге көлемінде. Ал көршілес орналасқан «Ақжайық», «Арай-Deluxe», «Ақбұлақ» шипажайларының бағасы 17-34 мың теңгеден асып жығылады. «Сарыағаш» шипажайының қолжетімділігіне байланысты еліміздің түкпір-түкпірінен ардагерлер, көп балалы аналар, бюджеттік мекемелер қызметкерлері, яғни әлеуметтік деңгейі орта буындағы азаматтар демалады. 2017 жылдың өзінде 20 мыңға жуық астам адам «Сарыағаш» шипажайында демалып, сауығып қайтқан. Біздің ойымызша, қаржылық жағдайына, әлеуметтік мәртебесіне қарамай кәсіпорындар мен мекемелердің барлығын жекешелендіре беру өзіндік мақсат болмауы керек. Сондықтан, «Сарыағаш» шипажайы сияқты өзін-өзі қаржыландырып, мемлекетке салықтарды дер кезінде төлеп, қарапайым халыққа қызмет етіп жатқан кәсіпорындарды жекешелендірудің қажеті жоқ қой деп есептейміз. Осыны ескере отырып, бұл шипажайды жекешелендіру тізімінен шығару жөніндегі ұжымның өтінішіне байланысты тиісті шараларды қабылдауды өтінемін», — деді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.