ҚР Парламенті Мәжілісі отырысында мұғалім мәртебесін арттыру мәселесі талқыланды. Сонда сөз сөйлеген Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов: «Бұл мәселені шешуді ең алдымен олардың еңбекақысын көтеруден бастауды оң санаймын. Біз ұстаз мәртебесі басты мәселелердің бірі екенін жасырмаймыз және ведомства алдында бірқатар іс-шаралар барын айтқым келеді. Ең бірінші ол – жалақыны көтеру мәселесі. Биыл жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен барлық мұғалімнің жалақысын көтеруге шешім қабылданды.

1, 2, 5, 7 сынып мұғалімдері, 2018-2019 оқу жылы, яғни қыркүйекте 3, 6, 8 сынып жаңартылған мазмұнға көшеді, осы сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің еңбекақысы Елбасының тапсырмасымен 30 пайызға артады. Бүгінде Үкімет өзгерістер енгізді, ол жаңа жүйе бойынша санат алатын мұғалімдердің еңбекақысын 30-дан 50 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Елімізде орта білім беру мекемелерінде 285 996 педагог жұмыс істейді.

1991 жылмен салыстырғанда педагогтардың сапалық құрамы айтарлықтай жақсарған. Жылдан жылға жоғары білімі бар мұғалімдер санының өсу үрдісі байқалады. Мысалы, мұғалімдердің жалпы санынан жоғары білімді мұғалімдердің үлесі 1991 жылы 66 пайыз болса, бүгінде ол көрсеткіш 90 пайызды құрайды, соның ішінде жоғары санаттағы мұғалімдер үлесі — 51пайыз. Педагог-магистрлер саны 2014 жылы 1800 болса, бүгінде білім беру мекемелерінде 4 мыңға жуық магистрлер жұмыс істейді, яғни екі есе артқан. Жыл сайын орта есеппен 10 мыңнан астам жас маман келеді»,— деп, еліміздегі мұғалімдер статистикасына да тоқталып өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз