Баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биыл мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарына шағын реформа жүргізуді жоспарл ап отырғандығын айтқан ведомство вице-министрі Нұржан Әлтаев:  «Орталықтарға республикадан және облыстан бөлінетін тиісті бюджет көлемі бар. Соған сай қызметкерлер де белгіленген еңбекақыны алады. Ал олардың еңбекақысы жұмыс өнімділігіне байланысты емес, қанша адамды жұмысқа орналастырса да сол жалақыны алады. Біз мұны қайта қарастырамыз.

Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері қанша адамды жұмысқа орналастырды, яғни олардың жұмыс өнімділігіне байланысты еңбекақы беру жоспарланып отыр. Біздің дайындаған заңнамамыз Парламентте алғаш рет тыңдалады. Біз жұмыспен қамту мәселесіне аутсорсинг, жеке агенттіктерді тартуды көздеп отырмыз. Жеке агенттік жұмысқа орналастырған адамның алты айлық мәліметтерін қараймыз. Ол адамның зейнетақы жүйесіне ай сайын ақша аударылып отыратын болса, жұмыс тауып бергені үшін агенттікке ақша төлейтін боламыз. Оларға мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарынан артық емес ақы төленеді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлері бүгінде 28 мың мен 120 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Қызметкерлердің жұмыс өнімділігін есептеп, соған байланысты жалақы беру жоспарланып отыр. Қазір қызметкерлерге төленетін тарифті есептеп жатырмыз. Тариф анықталғанда мұны міндетті түрде жариялаймыз. Жоғарыда айтқан еңбекақыны олар жұмыс өнімділігіне қарамастан алады. Мұндай әдіс қызметкерлерді қатты ынталандыра қоймайтыны анық. Жұмыспен қамту жеке агенттерін тарту арқылы бәсекелестікті арттырып, олар да, мемлекеттік орталықтар да жұмыс өнімділігіне байланысты қаржыландырылады. Жұмысқа орналасқан әр адамды есептеу арқылы тарифтеу жүргізіледі деп отырмыз. Бұл қызметкерлерді ынталандыруы тиіс. Адамдар көптеп жұмысқа тұрса, қызметкерлер де жоғары жалақы алатын болады», — деді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз