Биылғы жылы Атырау қаласындағы Жангелдин-Құлманов көшелерінің қиылысында тутұғыр салынады. Сондай-ақ Исатай-Махамбет алаңын қайта жаңғырту жұмысы басталады. Бұл туралы халыққа есеп беру жиынында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты.

Болашақ тутұғыр нысанының көлемі ауқымды болмақ. Тутұғыр кешенінің аумағы  57 шаршы метрді, тутұғыр биіктігі 91 метрді қамтиды.  Жаңа алаңның жалпы көлемі 112 шаршы метр жерге орналасады.  Тутұғырға орнатылған 91 метр биіктіктегі мемлекеттік туымыз облыс орталығының кез келген нүктесінен анық көрінетін болады. Кешен жобасында  құрылыстың екі жағында орналасатын екі субұрқақ қарастырылған. Бұл жаңа алаң  қаладағы ең биік құрылыс болады.

Нұрлан Ноғаев 2018 жылы Исатай-Махамбет алаңын қайта жаңғырту басталатынын да айтты.

Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес белгіленген аумаққа екі көлемді сәулет композициясы, үлкен және кіші субұрқақтар, бассейн, орындықтары бар перголалар орнатылады. Алаңның басты әшекейі көбікті субұрқақ қондырылған бассейні бар мәрмәр домбыра түріндегі сәулет композициясы болады деп жоспарланды.

Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін Атырау қаласының басты алаңы жарықтана, жасылдана түседі. Осы жерде гүлзарлар, жасыл шөпті көгалдар, көптеген жасыл желектер болады. Қала тұрғындары мен қонақтары төрт сәндік шатыр астында көлеңкелеп, демала алады.

Бұл екі жоба да жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен қаржыландырылып, жүзеге асырылады.

Жангелдин мен Құлманов көшелерінің қиылысындағы бос жатқан жер учаскесі кезінде сатылып кетіп, бірақ ұзақ мерзім пайдаланылмағандықтан кері мемлекетке қайтарылған болатын. Енді мұнда Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін айшықтайтын тутұғыры бар жаңа алаң салынады. Алаң құрылысы аяқталған соң, сәнді көрініс мұнайлы астананың келбетіне көрік қосып, көркейіп, гүлденген Атыраудың салтанатты айбынын асқақтата түседі.

      Светлана Муньянова

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз