Көп Ананы бар еді, білетінім.
Келтіре алмай жырлауға ретінің…
Немере-шөберенің ортасында,
Ортасында шұбырған ауыл-үйдің –
Ақ шәлісі төгіліп жүретұғын.

Мәңгілік деп ұғушы-ек күйді мұндай,
Ел көшпейтін секілді, үй жығылмай.
Ағараңдап, бас қосып жүруші еді,
Ауылдың құт-береке, ризығындай.

«Жақсы-жаман» қай уақта айқаспаған?
Кезі болса еркектер ойқастаған.
Жалғыз сөзбен тоқтатып, кәрін басып,
Салиқалы, сабырлы ой тастаған.

Біз еркектер оңды-сол масайрадық.
Әйел ғана өмірді жасайды анық.
Төрт баланы — деп жүрміз «көп балалы»,
«Он төрт бала» дегенде бас айналып.

Шырын жиған әр гүлден бал арадай,
(Заман тұрған бір кезде алаламай)
Түгелмісің, бұл күнде, бармысыңдар,
Әлде тарап жан-жаққа кеттіңдер ме?
«Қызыл кітапқа» енген, алтынқұрсақ
Ақшағала — ақшаңқан Аналар-ай!

Қайыр Рахметуллин
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы
Егіндібұлақ ауылы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз