Атырау облысының «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі шешендердің Қазақстанға жер аударылғанына орай жылдағыдай дәстүрлі қайырымдылық еске алу түскі асын берді.

Іс-шараға Атырау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының, мемлекеттік органдар өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Қиын-қыстау кезде барша ұлтқа қонақжайлылық танытқан елімізге ризашылығын білдірген «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев жалпы қазақ халқының қайырымдылығын жоғары бағалады. Оның айтуынша, қазақтар өз бастарынан ауыр жағдайды өткеріп отырғанына қарамастан, жер аударылғандарға барынша қамқорлық көрсеткен. Кімнің тірі қалуы белгісіз кезеңдегі азапты тірлікте көмегін аямаған халық туралы жылы лебізін бізге ол былайша білдірді. «Сол кездегі қайырымдылықты ешкім ұмытпайды. Әрқашан қазақтардың көрсеткен көмегін есімізде сақтап, оларға алғыс білдіруді абзал борышымыз деп білеміз», – деді өз сөзінде.

Іс-шараға қатысушылар, орыс, славян, казактар бірлестігі қауымдастығының Атырау облыстық филиалдарының жетекшілері, грузин этномәдени бірлестігінің басшысы, сондай-ақ жер аударылған шешендердің ұрпақтары сол кездің ауыр зардаптарын әңгімеледі. Әрі олар жер аударылғандарға қазақтардың тарапынан жасалған үлкен көмекті жылы ілтипатпен айтты.

Іс-шара барысында «Аманат» қысқаметражды фильмі көрсетілді. Фильм Атырау облысы Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша түсірілген. Фильмде шешен ұлтының Аманат есімді ақсақалы өзінің балалық шағы, яғни қиын –қыстау кезеңдері өзін қазақ отбасы асырап алып, адам қатарына қосқаны туралы есіне алғандығы бейнеленген.

Атырау облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз