Дүмбілез сана шеруі

Дүмбілез сана шеруі

ЛГБТ  қатысқан шерудің 90%-ы жастар 

 
Әуелі «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты сөзді ту етіп, Республикалық қоғамдық бірлестігі  Қазақстандық  ата-аналар Одағының өкілі  Бағила Балтабаева шығып сөз сөйледі: «Бұл жиынымыздың мақсаты – елімізде ұрпаққа, ұлтқа, болашаққа балта шабатын ұйымдарға жол жоқ екенін көрсету. Ауа-райының жаңбырлы болғанына байланысты ма, жоқ әлде, ата-аналардың ұрпақтың болашағына немқұрайлы қарағанынан ба, мүмкін жарнама аз болғанынан ба,  алаңда жиналған адамдар өте аз. Осындай өзекті тақырыпқа жаны күйіп, бүкіл Алматыдағы ата-аналар келсе де жарасатын еді.Тіпті қар жауып тұрса да, ұлт болашағы үшін екі сағат уақытын Құрбан етсе де болар еді, күніге бұлай шеруге шығып, шақырып жатқан жоқпыз. Соңғы уақыттарда бір жыныстылар бастаған жиындар өте жиілеп кетті. 2017 жылы 10-15 адам болып бастап көшеге рұқсат етілмеген митингке  шығып жүрген бұл ұйымдар, күні кеше 2021 жылы 5 шақырым шерумен 3000 адам болып жиналып,  жаяу жүріп келіп, дәл осы алаңға тоқтап,  митинг өткізгенін көрдік. Ол жерде айтылған сөздері, плакаттарға жазып шыққан ұран-сөздері,  рұқсат алған тақырыбына мүлдем келмей,  былайша айтқанда ауытқып кетті. Алданып қалған қала әкімшілігі ме,  халық па бұл жерде?  Біздің мемлекетте болашаққа балта шабар ұйымдардың бас көтеріп келе жатқандығын осыдан-ақ көруге болады. Ал енді биылғы 8-наурызда тағы сол  «Феминита.кз» атты бір жыныстылар басқарған ұйым бастаған шеруде алаң адамға лық толы болды. 90%-ы кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер. Сол жиынның астарын бір ауыз сөзбен айтсақ, «Әйелдің орны саясатта» дейді. «Революция»  деген сөзді жиі айтты  және де жазып та шықты сол сөзді,  бір ғана осы сөздің өзі қауіп төндіріп тұр мемлекетіміз үшін. Әсіресе қазіргі жан-жақта болып жатқан соғысқа қарасақ. Сондықтан  біз қазақтың «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөзімен оларға жауап беріп, өз білімі мен тәжірибесі мол әйел адамдар үлкен лауазымдарда отырғанын, белгілі бір салаларда жетістікке жетіп жатқанын айтқымыз келеді. Бір жыныстылар бастаған ұйымдар әйел құқығы мүлдем қорғалмайтындай етіп көрсеткісі келеді, осы ұранды желеу етіп ЛГБТ өкілдері өз ориентациясын үгіттеп жатыр. Санасы әлі қатаймаған жасөспірімдерді ауытқуға итермелеп жатыр. Ал қазір кішкентай балалардың пікірі ауытқыса, өсіп кеткеннен кейін өзгерту өте қиынның қиыны болады. «Әйелдер құқығы» деп басталған осы  жиындардың жылдар өте бір жыныстылардың сөздерін ұрандатып бастап, Батыс елдеріндегідей «гей-парад»  болып кетпеуіне кім кепіл?! Сондықтан біз, «Қазақстан ата-аналар Одағы»  Қазақстан халқына үндеу жолдамақпыз. Ұлт-қыздарыңыздың тәлім-тәрбиесіне, жүріс-тұрысына, ойлары мен қызығушылығына ерекше мән беріп қарауларыңызды сұраймыз. Өйткені не ата-анаға, не өз ұлтына, не қоғамға, не тіліне, не жеріне жаны ашымаған, ұрпақтан не үміт, не  қайыр?! «Өзім үшін ғана өмір сүрем» деген нарцистікке берілген қайырымсыз ұрпақ, қайдан шығады? Тәрбиесіне мән бермей, немқұрайлы,  бейжай қарап, өз еркімен жіберіп, осындай қоғамдағы балта шабар ұйымдардың ағымына еріп кеткеннен шығады. Ал енді сондай санасы уланған жастар, ертең ержетіп, мемлекеттің бір жағын тірейтін буын болғанда, не күтесіз сондай санасыз буыннан? Сондықтан, өтініш,  бұрын-соңды бөлмеген уақыттарыңызды, ішкен астарыңызды жерге қойып, үйдегі ұл-қыздарыңыздың, немере-шөберелеріңіздің тәлім-тәрбиесіне сақ болып, барынша қазақи тәрбиенің қазығына қайта оралыңыздар! Әйтпеген күнде, осылай бейғам болып күнделікті күйбелең тірлікпен  жүргендеріңізде, аз уақытта билік басына осындай балта шабар ұйымдардың бір өкілі топ етіп, қалай келгенін білмей, есеңгіреп қалмаңыздар, ағайын!».

Нұржан Ошанбеков, Шу өңірінің тумасы,  «Ел мен жер» қозғалысының белсендісі: Бабамыздан келе жатқан мұра – байтақ жерімізді сақтап келген салт-дәстүріміз және ауыз әдебиетіміздің негізі болып табылатын  ана тілімізге берік болуымыз керек. «Отан – отбасынан басталады» және басқа да халық нақылдарын плакатқа басып, шырылдаған «Қазақстан ата-аналар Одағы» РҚБ жетекшісі Бағила қарындасымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Youtube арнасынан көріп, ақпаратты 15 WhatsApp топтарына таратқанымнан небәрі 30 шақты адам осы жиынды қолдап-келіп тұрмыз. Ұйымдастырушылардың дайындығы жақсы, безендіруі жоғары деңгейде. Әншейінде сөзге жүйрік, «қазағым деп, ішкен асын жерге қояр» қала тұрғындары бейқамдық танытты. Оларды жетелеп, қоғамдағы түрлі тақырыптарды ұрандата күрескенде алдына жан салмайтын небір ұлтжанды белсенділер осындайда жан-жақты қолдаудың орнына, түрлі себеп-салдармен тоңмойындылық танытты. Іс-шараны қолдауға шақырғандарымның ішіндегі: Мұхтар Шаханов (орынбасары – Құдияр Біләл арқылы), Мұрат Әуезов (ФБ-достықтағы, мессенджер арқылы) ел арасына шықса болар еді. 

Бұл жиын соңында Б.Бағила қарындасымыздың төккен көзжасының бір тамшысына татымайтын  –  ұлт намысына тиер әлжуаздықтан озған берекесіздік. Қайта, өзіміздің қала әкімдігі мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз міндеттерін тиянақты атқарғанына куә болып, Е.Қасанғалиевтің «Атамекен» әні мен Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнұранына сап түзегендеріне тәнті болдым.

Ертай Айғалиұлы, жазушы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы: Көгілдірлер көлбеңдеп, азғындар алшаң басып, қазақтың қасиетті жерін былғап жүруіне кім кінәлі? Өзіміз, тек қана өзіміз кінәліміз. Әрине басты кінә билікте екені рас. Себебі біздің заңымыз әлсіз. Әншейінде ұлттық мүдде үшін шеруге шыққандарды таяқтап, ұрып, абақтыға тығатын заң орындары бұл азғындар шыққанда неге жалпақшешейлік танытады? Егер де намысын қайрап, көгілдірлерді жазалағысы келген рухты жігіттерімізді полицейлер аямайтыны анық. Билік үндемесе жігіттеріміз тісін қайраудан әрі бармаса, мына «жын-шайтандарды» кім ауыздықтайды? Бұл біздің сүйегімізге мысықтабандай енген талай жаманшылықтардың ең сорақысы. Бұларды есекке теріс мінгізіп, елден қуу керек. Әйтпесе онсызда маңдайының соры бес елі қазақтың тамырына балта шабатын осылар болады. 

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткер: Ата-баба аруағын сыйламаған, мәңгүрттенген, жетесіз ЛГБТ өкілдеріне қарсы өткізілген бейбіт шеруде адам санының көп болмауы – ата-аналардың бойкүйездігін, балалардың болашағына қалай болса солай қарайтындығын көрсетті. Біз бұл жерде  өзімізді кінәлайық. Мұндай өзекті мәселеде қарап жатпай, бәріміз де баруымыз керек еді. Бүкіл Қазақстан халқы болып өре түрегелетін жөніміз бар еді!

Осындай ұлт мәселесін көтерген шараны ұйымдастырып жүрген Бағила қызыма алғысым шексіз. Өкінішке қарай, жаһанданудың, ұлттық болмыстың маңызын ел кеш түсініп жатыр. Тіпті әлі де ұйықтап жатқан сияқты. Бұл жиынға жаны күйіп, елім деп, ұрпағым деп келген адамдарға қарап, әсіресе, Қытайдан келген Табиғат Әлібек атты азаматтың сөзіне және т.б. азаматтардың сөйлегеніне қарап бүкіл ата-аналардың жанайқайын естідік. Біз әлі де ұлт тағдырына келгенде немқұрайлымыз. Осыдан жапа шегетін тек өзіміз, сорлайтын да өзіміз. Осы немқұрайлықтан болар, бәлкім, еліміздің жетім қозыдай мөлтеңдеп қалғаны. Ұлт тағдырына қандай мәселе болсын, ел тізгінін ұстаған атқамінерлерден бастап, ерлеріміз де, әйелдеріміз де бей-жай қарамай, қарекетке баруы керек. Ұл-қызымыздың болашағы не болады? Ұрпақ үшін неге алаңдамаймыз? Жынысты ауыстыру туралы заң шықты. ЛГБТ шеруі мынау. Сондықтан «көп түкірсе көл» деп бас көтеруіміз керек. Көп болып әрекет қылсақ, үкімет бізді естиді. Кеш қалмайық, ағайын! Ертең кеш болады.

Мықты болсаң, дәлелде

Шерушілердің арасында «Әйелдер ұмытпаңдар! Феминистердің арқасында жұмыс істеп, дауыс беріп, білім алып жүрсіңдер!» деген жазуы бар плакат ұстаған жас қыз болды. Осы сияқты Қазақстандағы көптеген жасөспірімдер мен феминистерге, тағы да айтамыз, әйел құқығын қорғау жөнінде жиындар өткізіп жүргендерге айтарымыз бар. 

Әуелі феминизмнің өзіне тоқтала кетейік. Феминизм – әйелдің құқығын қорғап, экономикалық жағынан да, саяси жағынан да шектеуге қарсы шыққан қозғалыс. Дүниежүзіне даңқы тараған атақты феминист-ғалымдар жетерлік. Бірақ дәл сондай деңгейде Қазақстанда әйел құқығы жайлы радикалды ұрандарға берілмей, беталды айқайға баспай, әйел құқығы жайлы сөйлей алатын білімді азаматтар аз. 

Толеранттылық деп өз ұлтыңның дәстүрін, болмысын түгелдей мансұқ ету – дүмбілез сана мен дүбәралыққа әкеледі. Әлем халықтары өз мәдениетімен, өз болмысымен, тарихымен, өркениетімен мақтанып, оны түрлі салаларда көрсетіп жатқанда біздің жаһандануға ілесіп, адасып қалуымыз келер ұрпақтың күретамырына балта шабу десек артық айтқандық емес. Бұл жерде нарцистікке салынбай, қоғам жайлы ойға тоқтау керек. Қоғам ер мен әйелден тұратындықтан, екеуінің де құқығын қорғау аса маңызды, өзекті мәселе. Бұны ұрандарға салдырмай, қоғам санасын уламай, өте сауатты түрде сақтай білу әрбір азаматтың міндеті. Қазіргі мемлекетіміздегі саяси ахуалға қарап, атап айтсақ, кешегі қаралы қаңтарда қырылып қалған халық пен жазықтысы бар, жазықсызы бар ұсталғандарға көрсетілген қорлықты көріп тұрып, тек әйелдің құқығы қорғалмай жатыр деу ағаттық емес пе? Ал ұлтымыздың болмысына жат ЛГБТ жайлы әңгіме мүлде бөлек. Бұл жерде сөзіміз әйел құқығы жайлы айтып жүрген азаматтарға бағытталып отыр. Бұл тақырыпта біздің басылымымыз көптеген мақалалар жазып, Президентімізге үндеулер жолдады. Шеруге шығар болсақ, сол зар жылаған ата-аналар мен қарақат көзін қан жапқан балалардың жағдайын айтып, шырылдап шығайық. Ал демократия, феминизм, расизм жайлы мұндай әділетсіз оқиғалар болып жатқан қоғамда сөз қозғау  – «жартасқа бардым, айқайды салдым» деген Абайдың қоғамындай, таскерең, соқыр адамға әлденені көрсетіп, әлденені түсіндірумен тең.

«Әрбір әйел маңызды». Бұл феминистердің плакаттарындағы ұранның бірі. Дәл солай «Жынысына қарамай, әрбір адам маңызды» деген ойды да айта отырып, бәсекеге қабілеттілік жайлы бірер сөз қозғағымыз келеді. Ғылымда, саясатта, кез келген салада ер де, әйел де бар. Харассменттің белгілі бір деңгейде орын алатыны рас. Бірақ кейбір салаларда әйел баласының саны аз болуына қарап, шеттету бар деп толық кесіп айту дұрыс емес. Ер мен әйел ашық бәсекеге түссін. Білімі озығы шығып, қызметті қолына алсын. Бұл жағдайда әйел құқығын желеу етіп «ойбайлаудың» қажеті жоқ. Ерге де, әйелге де айтқымыз келетіні: «мықты болсаң, дәлелде!». 

Әлемді мойындатқан ғылымдағы әйелдерді тізіп шықсам, «қазақтың дәстүрі, догмасы әйелдің өсуіне кедергі» деген ұранды тағы да көлденең тартар. Бірақ қыз баланы қалыңмалға сатып, оқу оқытпаған кезеңнің өзінде күрескер болған қайсар қыздарымыз болған. Елдік үшін күрескен кешегі Алаш ордашылардың арасында қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, педагог, этнограф, аудармашы Нәзипа Құлжанова деген азаматша өмір сүрді. Сондай кезеңнің өзінде тайталасқа түсіп, маман бола білген, қайраткер бола білген ару қазіргі қоғамның кез келген қызына үлгі дегім келеді. Феминизм қазаққа бүгін келген жоқ. Алаш ордашылардың бәрі де қыз балалардың білім алып, елдің болашағын ойлайтын қайраткер болғанын қалаған. Оған дәлел қазақ қыздарына мектеп ашқан ұлы ағартушы – Ыбырай Алтынсарин. Абай журналының 1918 жылғы 7-санына үңілсек былай дейді: «Мәдениетке аяқ басуға айналған жұрттың еркек, әйелі білімге бірдей ұмтылады. Өңкей ерлері ғана білімге ұмтылып, әйелдері жанды қуыршақ есебінде қалған ұлтты мәдениетке ұмтылған жұрт деп айтуға болмайды. Ондай ұлт қанша талпынғанмен түбірлі мәдениет жасай алмайды. Бір ұлт бір кісінің денесі сияқты, дененің жартысы әйел. Ерлері ғылымды болып, әйелі надан қалған ұлт бір жағын жын соққан денемен бірдей. Әр нәрсені білуге, үйренуге ұмтылу кісінің табиғатына біткен жан ләззаты. Өнер-ғылым – еркек-әйелдің ортақ сыбағасы» дейді. Бұл мәселеде біз осы сөзге тоқтап, ойымызды осымен қорытындыладық.

Гомосексуалдардың «мұрагерлері» көбейе ме?

Бұл ориентацияның қазіргі таңда жасөспірімдер мен балалар арасында ашық айтылып, тіпті үгіттеліп жүргені елді қатты алаңдатады. Бұл үрдістің ген арқылы берілуін ғалымдар тап басып айта алмай отыр. Мұндай ориентациядағы адам отбасын құрып жатса, ұрпағының қандай таңдау жасайтынын ойлай беріңіз. «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да – тартпай қоймас негізге» деген Бұқар бабамыз. 

Ал эволюциялық тұрғыдан алғанда гомосексуализм – көбеюге қабілетсіз құбылыс екенін бәріміз білеміз. Соған қарамастан гомосексуализм ғасырлар бойғы түрлі өркениеттердің еркектері мен әйелдері арасында, тіпті жануарлар арасында да кездесіп келеді. Айта кету керек, осы уақытқа дейін, 9-басылымы шыққанға дейін (ICD-9) Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының аурулардың халықаралық классификациясында гомосексуализм психосексуалдық ауытқуларға жататын ауру ретінде сипатталып келді. Түрлі препараттармен, түрлі әдістермен мұндай адамдарды емдеуге көптеген елдер тырысқанымен бұл әдістер өте сирек көмектесті. 1990 жылы гомосексуализм аурулар тізімінен шығарылды. Қазіргі таңда ICD-10-да «Эго-дистоникалық гомосексуализм» диагнозы бар, яғни гомосексуал өзін ауру деп санаған жағдайда ғана ауру болып саналады. Зерттеулер көрсеткендей, біздің ағзамызда бір жыныстық тартымдылық үшін жауап беретін әмбебап ген жоқ. Соңғы зерттеулерге қарасап, гетеро және гомосексуализм ұрпақтан-ұрпаққа берілуі мүмкін екендігін жоққа шығара алмаймыз. Мысалы туыс адамдар ұқсас келгені сияқты, сексуалдық ориентацияның, әйел мен ерге тән физиологиялық ерекшеліктердің берілмейтініне кім кепіл? 

Уақыт өте келе гомосексуалдардың саны өсе ме (салыстырмалы түрде) немесе азая ма, қазір оған болжам жасау қиын. Бұрын Еуропа елдерінде гомосексуалдар гетеросексуалдық отбасыларда өмір сүруге мәжбүр болған, Қазақстанда әлі де мәжбүр. Бұл қателік дер едім. Гомосексуализмді «мұрагерлік» етіп алатын балалардың саны осыдан да көбейеді. Сондықтан бұндай топ өкілдерін саналы түрде қыспаққа алып, отбасын құрғызу үлкен қателік екенін ескерейік. ЛГБТ өкілдеріне жұдырық ала жүгіруден проблема шешілмейді Кешегі шерушілер гомосексуалдар өздерінің өмірін ары қарай балаларға үгіт-насихат жүргізусіз-ақ жалғастыра бергені дұрыс дейді. Иә, адам физиологиясында, санасында қалыптасқан ориентацияны өзгерту өте қиын дүние екенін ескерсек, бұл өте орынды талап. 

«Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деген, репрессия жылдары атылып кеткен ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қасқайып тұрып Отан алдындағы парызын атқарып кеткенін тарихтан білеміз. Елінің елдігін мұрат еткен азаматтардың болмысы мен ұлы жолы неге ұрпаққа үлгі болмайды? Ұрпақтың болашағы бәрімізге ортақ мәселе болғандықтан, ойланайық...

 

Телғара
13.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

 ШАРДАРАЛЫҚ 9 ОҚУШЫ РОБОТОТЕХНИКА БОЙЫНША ИСПАНИЯДАҒЫ ЖАРЫСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.04.2024 14
СОЗАҚТА «ЖАСЫЛ АЙМАҚ» АПТАЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ӨТУДЕ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.04.2024 22
Бақылау шараларының нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілді
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 24.04.2024 46

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 986
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7037
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10880
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7105
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7247