Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры қаңтар айында әртүрлі жас санатындағы өнерсүйер қауымға арналған мазмұнды репертуар әзірледі. Айдың басты оқиғасы – ұлттық классиканың інжу-маржаны саналатын А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсының жаңартылған нұсқасы болмақ. Бұл шығарма 80 жылдан астам уақыт бойы театрдың визиттік картасына айналған.
«Абай» – ұлттық композиторлар жазған тұңғыш қазақ операсы әрі ұлттық өнер тарихында опера жанрының барлық канондарына сай жазылған алғашқы шығарма. Операда кәсіби опера өнеріне тән бай музыкалық формалар – ариялар, речитативтер мен ансамбльдер кеңінен қолданылған. Абайдың әндерімен қатар халық әндері мен күйлері, сондай-ақ опера авторларының төл туындылары пайдаланылған. Қойылым алғаш рет 1944 жылғы 24 желтоқсанда сахналанды. Басты партияларды Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Анварбек Үмбетбаев, Мүслім Абдуллин орындады. Абай партиясын алғаш сомдаған көрнекті опера баритоны Ришат Абдуллин бұл рөлді 1980-жылдардың ортасына дейін орындап келді. Опера либреттосының негізіне Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы алынып, жекелеген эпизодтар либреттоға жазушының өзі тарапынан енгізілген. Қойылым көрермен тарапынан зор табысқа ие болып, қазақ опера өнерінің классикасына айналды. 1945 жылы ұлы ағартушы Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай театрға оның есімі берілді. Әр жылдары бұл операда қазақ опера өнерінің аңыз тұлғалары – Шабал Бейсекова, Бибігүл Төлегенова, Сәуле Құрманғалиева, Ермек Серкебаев, Кәукен Кенжетаев, Байғали Досымжанов, Әлібек Днішев, Марат пен Мұрат Мүсабаевтар, Шахимардан Әбілов және басқа да көрнекті әншілер өнер көрсетті.
«Абай» операсы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры репертуарының інжу-маржаны. Ол ондаған жылдар бойы театр маусымын ашып келеді әрі жаңа дарынды орындаушылардың өнер жолын жалғастырып келеді. 1958 жылы спектакль Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Байғали Досымжановтың жетекшілігімен қайта жазылып, жаңғыртылды. 2014 жылғы 7 маусымда Ахмет Жұбановтың 100 жылдығына орай операның жаңа редакциясы көрерменге ұсынылды. Бұл мерейтой 2006 жылы ЮНЕСКО аясында кеңінен атап өтілген болатын. Қойылымға арнайы шақырылған шығармашылық топ құрамында дирижер Алан Бурибаев, химик Тұрар Жұбанов, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, сондай-ақ режиссер Андреа Чиньи мен халықаралық шығармашылық топ өкілдері болды.
«Абай» операсында ескілік пен жаңашылдықтың, адам бойындағы жақсылық пен жамандықтың күресі Ажар мен Айдардың арасындағы махаббат арқылы бейнеленеді. Абай мен оның шәкірті Айдар Дала заңдарының ескірген қағидаларына қарсы шығады. Қойылым махаббат тарихына негізделгенімен, сол дәуірдің рухы мен Абайдың ішкі жан дүниесі айқын көрініс табады.
2026 жылы 30 қаңтарда Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің бұл шедеврі тарих пен қазіргі заман тұрғысынан жаңа көзқараспен қайта жаңғырады.
Қоюшы топ:
Қоюшы бас дирижер – Нұржан Байбосынов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Қоюшы режиссер – Фархад Молдағали
Режиссердің ассистенті – Наталья Кагадий
Режиссердің музыка бойынша ассистенті – Серікжан Айтқали
Қоюшы суретші – Есенгелді Тұяқов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Костюмдер бойынша суретші – Рауан Қайруллаева
Бас хормейстер – Әлия Темірбекова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Қоюшы балетмейстер – Әсем Әлдибекова
Концертмейстер – Жанар Ахметова















