Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін «Медицина қызметкерлерінің күні» биыл 15 маусымға тұспа-тұс келді. Адам жанына шипа дарытып, өміріне араша түсетін батысқазақстандық ақ халаттылар өздерінің кәсіби мерекелерінде ерекше құрметке бөленді.
Аталған сала мамандарының кәсіби мейрамына орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ақ желеңді абзал жандардың еңбегі ерекше екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің құттықтауында медицина қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі зор екенін атап өтті. Президент «Дәрігер болу – жүректің ісі. Біз сіздердің ерліктеріңізді бағалаймыз» дей келе, ақ халатты абзал жандардың еңбегін ескеріп, мәртебесін жоғарылатты. Мен де сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! – деген өңір басшысы денсаулық сақтау саласының маңыздылығын атап өтіп, бүгінгі таңда облыста осы саланы қолдау мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Облыс әкімінің мәліметінше, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 50 медициналық нысан салу көзделсе, соның 38-і бүгінде қолданысқа берілген. Қалған нысандардың құрылысы маусым-шілде айларында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар 2023 жылдан бері 37 нысан күрделі жөндеуден өтіп, тағы бесеуінің жөндеу жұмыстары аяқталуға жақындаған. Оған қоса сегіз модульдік медициналық ғимарат сатып алынып, пайдалануға берілген. 2023-2024 жылдары облысымыздың денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мақсатында 131 жаңа санитарлық автокөлік пен 405 бірлік заманауи медициналық құрал-жабдық алынып, оған жергілікті қазынадан 3 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Жиын барысында сала үздіктеріне мемлекеттік марапаттар мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталып, еңбектері жоғары деңгейде лайықты бағаланды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы