ТАМАҚҚА ТАЛАСУ – КЕДЕЙШІЛІК ПЕ, АРСЫЗДЫҚ ПА?

ТАМАҚҚА ТАЛАСУ –   КЕДЕЙШІЛІК ПЕ,   АРСЫЗДЫҚ ПА?

Кейде кейбір адамдарға қарның ашады. Тойымсыздығына, ашқарақтығына! Құдайға шүкір, елімізде аштық жоқ. Бәрі бар. Еңбек етсең, кез келген қалаған нәрсеңді алып жей аласың. Қалаған дүниеңді үйіңе әкеле аласың! Сөйте тұра кейбір адамдардың түк көрмегендей жалақтап, тегін тамақ іздеп, дайын асқа көзін сатып жүретіні кәдімгідей қынжылтады. Бұны арсыздық дейміз бе, тойымсыздық дейміз бе, бәлкім, ұятсыздық деген дұрыс шығар. Қалай десек те, қазақтың қанында жоқ, тамақ үшін барын да, жанын да салатын тойымсыздық әрекет тыйылмай тұр. Тіпті сөз етуге ұят. Тепсе темір үзетін кей азаматтардың сол жерлерде жүруі сүйекке таңба! Арға сын! Кейде тегін тамақтардың арты асқа таласып, төбелеске ұласып, әйелдердің бірін-бірі қарғап-сілеуімен аяқталып жататыны да ешкімге жасырын емес.

«Бәлен жерде тегін палау таратады екен, түген жерде тегін ас беріледі екен» деген сияқты жарнамаларға елітіп, сол жерге елден бұрын жетіп, тамаққа таласып, маңайымен ұрысып, керісіп жүретін қазақтар Астана қаласында да баршылық екен.

Күні кеше Астанада қазақтың ұлттық тағамдарынан тегін дәм татуға арналған іс-шараның аяғы дүрбелең туғызды. Елді шулатты. Әлеуметтік желіні шарлап кетті.

Мән-жайдың анық-қанығына оқиға сәтінен түсірілген кадрларды көргенде көз жеткіздік. Дастарқанды ұйымдастырған «Жаным» кейтеринг компаниясы күйінгеннен видео жариялапты. Ойға алған істерінің берекесіз тірлікке айналғанына ашынған сыңай танытыпты. Видеода асқа таласқан қыран-топан халық. Дастарқан үстін жылан жайлағандай еткенімен қоймай, ыдыс-аяқтар сыныпты. Шашылған тамақ, төгілген сусындардан көз сүрінеді. Бұдан өткен бассыздық болмас. Компания өкілдері ұлттық тағамнан дәм татуға мұншалық көп адам келеді деп күтпегендерін айтып, ақталғандай сыңайда танытыпты.

Асты аяқпен таптағандардың ісі нағыз жабайылық деуге тұрарлық. Бұл халыққа не болған? Шынымен аш па? Аш болса, Үкімет олардың жағдайларымен танысып, көмек көрсеткендері дұрыс-ау. Әйтпесе, әлемге күлкі болатын түріміз бар.

Асты ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, іс-шара бастапқыда арнайы шақырылған 50 адамға есептелген. Сол қонақтарға арнап алдын ала ас пісіріліп, ыдыс-аяқ және қызмет көрсету жағы мұқият дайындалған. Сондай-ақ шақырылған қонақтардан үстелге кезекпен келуі, тәртіп сақталуы ескертілген көрінеді. Өйткені тағам бәріне жететіндей мөлшерде әзірленген екен. Алайда іс-шара ашық алаңда өткендіктен, маңайда жүрген басқа адамдар да дайын асқа тап берген. Сөйтіп, бір сәтте дастарқан үстіндегі тағамдар зым-зия жоғалған. Талас-тартыс орын алған. Ақырында не болды дейсіз ғой, арнайы шақырылған қонақтар тағамсыз қалған.

Компания өкілдерінің айтуынша, асқа тап берген адамдардың салдарынан үстелге арнайы шақырылған қонақтар, оның ішінде шетелдіктер де бар екен, жақындай алмаған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тегін асқа адамдардың   көп   жиналғаны   сондай,   үстелдер  аударылып, ыдыс-аяқтар сынып, кейбір мүліктер қираған.

– Бізге бұл жағдай өте ауыр тиіп отыр. Өйткені бәрін әдемі, рет-ретімен ұйымдастыруға барынша тырысып едік, – дейді компания өкілдері қынжылып.

Еске салсақ, биыл көктемде осындай жаппай акция Өскеменде де дүрбелеңмен аяқталған еді. 11 сәуірде аяқ киім дүкенінің ашылуына орай тегін палау мен жеңілдіктер туралы жарнамадан кейін өте көп адам жиналып, оларды бақылауда ұстау мүмкін болмай қалған еді. Ақырында, асқа таластың арты қоғамдық ортаның берекесін алып, арыз-шағым түсіп, осы бір жайсыз оқиғадан кейін шараны ұйымдастырған кәсіпкерге айыппұл салынған болатын.

Мәдени күннің мәдениетсіздігі де есімізде. Тәжік халқынан ұят болған сәтті қалай ұмытармыз. Олардың жеміс-жидегіне таласқан Астаналықтардың әрекеті де тарих бетінде қаттаулы. Наурыз мерекесіндегі Астанадағы тамаққа талас көпшіліктің жағасын ұстатқаны да жадымызда.

 

Бұл жағдай енді қаншаға дейін жалғаса бермек!

Айтпақшы, 2024 жылы 11 қаңтар күні сол кездегі сенат депутаты Нұртөре Жүсіп тегін тамаққа таласатындарды сынға алып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап еді. Сол сауалға Үкімет жауап бергені, бермегені әлі күнге бізге беймәлім. Сол депутаттық сауалда жастар тәрбиесі мен халықтың мәдени деңгейін арттырудың маңыздылығы туралы айтылған еді-ау!

Сол кездегі Сенат депутатының сауалына тағы да бір көз жүгіртіп көрейікші, ағайын. «Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп, жағамызды ұстаған едік. Дәл Жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Бұл біздің ұлт ретіндегі абыройымызға үлкен нұқсан келтіреді. Таным-түсінікті кеңейтуге бағытталған бағдарламалардың нәтиже бермегенін де осыдан көруге болады», – деді сенатор Нұртөре Жүсіп қазақстандықтардың мәдени деңгейін көтеретін, ұлттық мінезді ұлықтайтын тұжырымдама қабылдау керек деген ұсыныс айтты.

Сол сауалда сенатор Нұртөре Жүсіп: «Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды. Жабайылық анайылыққа жол ашады. Сондықтан жалпы халықтың, әсіресе, жастардың құндылық бағдарларын тереңдетіп, жұртты еңбекқорлыққа, ізденіске, ілім-білімге бет бұруға, әсіресе, отбасы тәрбиесі мен мәдени тәрбиеге барынша күш салу керек деп пайымдаймын», – деді.

Бір-екі жыл бұрын Астанада Тәжікстанның мәдени күндері аясында өткізілген жәрмеңкеде халық тегін жеміс пен декорациядағы табаққа дейін талап алып кеткені қоғам наразылығын туғызған еді. Тамаққа талас біздің елде бұған дейін де болған. Әлі де жалғасып жатыр. Шымкентте тонналап палау пісіргенде де халық бірін-бірі таптап, аш адам секілді қазанға лап қойғаны бар. Ол кезде де «халықтың жағдайы тым нашар емес қой, адамдар мәдениетсіз» деген пікірлер жазылып, қоғамның бір бөлігі халықтың бұл әрекетін қатты сынға алғаны есімізде.

Бүгінгідей тоқшылық заманда ас аңдып, тамаққа таласу ұят нәрсе. Тіпті халқымыздың бетіне шіркеу! Бұлай жалғаса берсе, арты жақсылыққа апармасы белгілі. Қазақ атамыз «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен. Сол айтпақшы, тойымсыздар мен арсыздардың іс-әрекеті еліміздің абыройына селкеу түсіруін қояр емес. Бұларға да толып жатқан еліміздегі айыппұлдардың біреуін салып тоқтатпасақ болмайтын түрі бар. Үкімет бұл мәселеге де назар аударып, ниеттері жаман, аштық шақырып жүргендерді ауыздықтамаса, жаңа Қазақстанның жаман атын шығара беретіндері сөзсіз!

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
08.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28416
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27919
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45255
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40903
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45575