Тамыз айы Ақтөбе облысының бірнеше шалғай ауылы үшін айтулы оқиғалармен есте қалды – елді мекендерге көгілдір отын барып, тұрғындар от жағып, күл шығарудан босайтын болды.
Мәселен Байғанин ауданы Қораши ауылындағы 61 үй, мектеп, амбулатория, кітапхана және клуб ғимараты газ желісіне қосылды. Жобаның жалпы құны – 216,6 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «КазПромСтройГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды.
Ауыл тұрғындарын құттықтаған Байғанин ауданы әкімі Айбек Көпенов аудан халқының дені көгілдір отынмен қамтылғанын атап өтті:
– Газ – тек қолайлы өмірдің белгісі ғана емес, денсаулық, қауіпсіздік және уақыт үнемі. Қазір аудан халқының 75,7%-ы газбен қамтылған. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 83,5%-ға жетеді, – деді.
Іс-шараға жиналған ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар ауылдың әл-ауқатын арттырарлық игіліктер атқарыла берсін деген тілегін жеткізді.
Ырғыз ауданындағы Жарма ауылының тұрғындары да көгілдір отынның келуін көп күткен еді. Енді 52 түтін, 336 тұрғын тұратын Жармада енді табиғи газ бар.
Тарихы жарты ғасырдан асатын Жарма ауылы Ырғыз ауданының орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан. Қыста көмір тасып, отын жағып келген елді мекен тұрғындары газ құбырының іске қосылуын салтанатты түрде атап өтті. Жармалықтардың қуанышымен аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев бөлісті. Ақсақалдар баталарын беріп, әжелер тәттіден шашу шашты.
– Тілегіміз орындалып келе жатыр – суымыз бар, газымыз бар, жарығымыз бар. Барша ағайынға алғысымыз шексіз. Бақытты болыңыздар, ғұмыр жастарыңыз ұзақ болсын. Ең бастысы – халқымыз аман, деніміз сау болсын. Ынтымағымыз артып, әр күніміз шаттыққа толы болғай! – деп, 88 жастағы ауыл ақсақалы Кеңес Дауылбаев ізгі тілегін жеткізді.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, бүгінде аудан тұрғындарының 81,1%-ы табиғи газбен қамтылған. Бұл – мемлекет қолдауының, ауыл өмірін жақсартуға деген нақты қадамның нәтижесі. Келешекте аудан бойынша газдандыру жұмыстары жалғаса бермек.
2024 жылы Ақтөбе облысында бес ауыл газдандырылды, сондай-ақ Ақтөбе қаласында магистральды газ құбырының 3-тізбегін салу жұмыстары аяқталды. Қазір облыс бойынша 172 ауылда табиғи газ отыны бар. Бұл – 887,2 мың адамды немесе халықтың 95,6 пайызын қамтиды.
2025 жылы 9,8 млрд теңгеге 18 жобаны жүзеге асырып, 28 ауылға газ жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, биыл Ақтөбе облысында 28 ауылға газ құбыры тартылмақ. 14 елді мекен көгілдір отын желісіне тамыз айының соңына дейін қосылуы тиіс. Нәтижесінде өңір тұрғындарының 97% немесе облыстағы 319 елді мекеннің 200-і қамтылады. Келер жылы тағы 9 ауылға көгілдір отын құбырын салу жоспарланып отыр.
– 9 елді мекенді газбен қамтамасыз ету бойынша сегіз сметалық құжаттамамыз дайын. Сонымен қатар биыл 19 елді мекенді газдандыру жұмыстарын жүргізуге он төрт сметалық құжаттама дайындалып жатыр, – дейді облыстық Энергетика ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Серік Дәулетов.
М.ТАБЫН,
Ақтөбе облысы