Тәжен Жолдас Таңатұлы, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, дәрігер-фтизиатр, әнші
-Жолдас Таңатұлы, өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз және дәрігерлік еңбек жолыңыз қалай басталып еді?
- Мен 1958 жылғы 15 қарашада Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келдім. 1966 жылы №42 орта мектептің табалдырығын аттап, 1976 жылы аталған мектепті тәмамдадым. Сол жылы өзім армандаған Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсіп, 1984 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары білім алып шықтым. Еңбек жолымды алғаш Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығында бастап, бір жыл фтизиатрия мамандығы бойынша интернатурадан өттім. Кейін учаскелік фтизиатр дәрігері болып қызмет атқардым.
1994 жылдан бастап қабылдау бөлімінің фтизиатр дәрігері әрі бөлім меңгерушісі қызметін жалғастырдым. Осы кезеңде ОДБК (Орталық дәрігерлік бақылау комиссиясы) жұмысына белсенді қатысып, оның мүшесі болдым. Кәсіби білімімді үздіксіз жетілдіріп, әр бес жыл сайын біліктілігімді арттырып отырдым. 1997–2000 жылдары бірінші санатты фтизиатр дәрежесін қорғап, ОДБК төрағасы болып тағайындалдым. Облыс көлемінде ДОТС бағдарламасын алғаш рет енгізуге және жүзеге асыруға атсалыстым.
2002 жылы ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі әрі бас дәрігердің осы сала бойынша орынбасары қызметіне тағайындалдым. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау мекемесінің штаттан тыс бас фтизиатры міндетін атқардым. 2004 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясының дипломнан кейінгі білім беру институтында, бұрынғы Кеңес Одағының фтизиатрия орталығы – Рабухин кафедрасында біліктілігімді жетілдірдім. Сол жерде академик М.И. Перельман мен кафедра меңгерушісі Н.К. Борисованың дәрістерін тыңдап, қорытынды тестілеуден 98 пайыз нәтижемен өттім. Осы жылы жоғары санатты фтизиатр дәрежесін қорғадым.
- Қазіргі таңда өкпе ауруларының қауіпті түрі туберкулезбен күрес ең өзекті мәселе болып тұр. Онымен қалай жұмыс жүргізіп жатырсыздар?
- Рас, бұл жас талғамайтын дерт. Аурудың белгісі білінісімен уақытында емделмесе асқынып кетуі мүмкін. Сол үшін жыл сайын өкпені флюрографияға түсіріп, дәрігерге қаралып тұрған дұрыс. Мен қызмет барысында облыстың барлық аудандарында болып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге бар күшімді жұмсадым. Облыстық медицина орталығының ауыр және күрделі науқастарына кеңес беретін консультант ретінде жұмыс істеп, туберкулез ауруын ерте анықтау, әсіресе жүкті әйелдер мен босанғаннан кейінгі кезеңдегі туберкулез менингитінің диагностикасына елеулі үлес қостым. 2004 жылдан бастап облыстық фтизиопульмонология орталығының мультитөзімді туберкулез бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалып, өңірде ДОТС-плюс бағдарламасын енгіздім. Көп дәріге төзімді туберкулез түрлерін резервтік препараттармен емдеу нәтижесінде сауығу көрсеткіші 85,5 пайызға жетіп, республикадағы үздік көрсеткіштердің бірі болды.
2018 жылы облыста алғаш рет жаңа буындағы резервтік препараттарды тәжірибеге енгізуге жетекшілік еттім. Атап айтқанда, бедаквилин, клофазимин, линезолид, деламанид препараттары қолданылып, олардың жанама әсерлері зерттеліп, қажетті симптомдық ем жүргізілді. Бұл жұмыстар науқастардың толық сауығуына оң ықпалын тигізді. Фтизиатрия саласы бойынша ондаған ғылыми мақалалар жазылып, республикалық ғылыми-тәжірибелік журналдарда жарияланды.

- Осы салада жетістікке жеткен білікті дәрігерлер, ұстаздарыңыз, шәкірттеріңіз бар ма? Білікті дәрігер – ол қандай болу керек?
- Ұстаздарым профессор Мәскеев Қуаныш Мүбәракұлы, профессор Ильина Тамара Яковлевна, профессор Борисова Нина Константиновна. КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғарғы санатты әріптесім дәрігер-рентгенолог Хан Арина Аркадьевнаны білікті дәрігер қатарына жатқызар едім. Білікті дәрігер болу үшін ұжымда басы артық әңгіме айтпау, әріптесіңді сыйлау мен субординация сақтау, жел сөзден аулақ болған жөн. Сондай-ақ әркім өз ісін таза, ұқыпты атқару, өтірік айтпау, науқасқа өз туғанындай жаны ашып, ықыласпен қарау, диагнозын дұрыс қойып емдеу қажет.
-Сіздің өмірбаяныңызға қарап отырып, қызық дерек тауып алдық. Жігітке жеті өнер де аз дегендей, дәрігерлікпен қоса әншілік қасиетіңіз де бар екен?
- Иә, медицина саласымен қатар ұлттық өнерді насихаттауға да үлес қосып жүргенім рас. Мен табиғатымнан ән салғанды жақсы көретінмін. 1994 жылдан бастап Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында әнші ретінде қызмет атқардым. 1998 жылы Қызылорда облысының Астана қаласындағы мәдени онкүндігіне қатысып, қазақтың халық және классикалық әндерін орындап, ұлттық өнерді кеңінен таныттым. Осы еңбегім үшін ҚР Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталдым.
- Сіз болашақ фтизиатрларды дайындайтын ұстаз да болып қызмет атқарыпсыз. Еңбек жолыңызда қандай жетістіктерге жеттіңіз? Сондай-ақ зейнетке шықсаңыз да әлі дәрігерлік мамандықтан қол үзбей келеді екенсіз. Отбасыңыз туралы да айтып өтсеңіз.
- Иә, мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің медицина кафедрасында фтизиатрия бағыты бойынша аға оқытушы (доцент) қызметін қоса атқарып, болашақ санитарлық дәрігерлерді даярлауға үлес қостым. Студенттерге дәрістер оқып, практикалық сабақтар жүргіздім. Жалпы еңбек жолымның басым бөлігі Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығында өтті. Бар ғұмырымды халық денсаулығын қорғауға, әсіресе туберкулезбен күрес ісіне арнадым. Еңбегімнің нәтижесінде кәсіби ортада білікті фтизиатр дәрігер ретінде танылдым. Еңбегім ескеріліп, 2018 жылы ҚР атақтар беру комиссиясының шешімімен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалімен және 2021 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен марапатталдым. Қазіргі таңда 2021 жылдан бері зейнеткерлікке шықсам да, «Нью-Мед» медицина орталығында фтизиатр дәрігері ретінде еңбек етіп келемін.
Ал отбасым жайлы айтар болсам, жұбайым Балатай Ләззат - Мәскеуде білім алған, тарихшы. Ұлдарымыз Мирас Сәтбаев университетін бітіріп, инженер программист болып істейді. Манас -Энергетика институтын, Киевтің мемлекеттік университетін тәмамдаған, байланыс саласының инженері. Ал Мерей қызымыз Қорқыт Ата университетін, Жүргенов академиясын бітіріп, қазіргі уақытта дизайн-интерьер болып қызмет атқарады. Құдай берген Самар, Самал, Самир, Мүслим, Данияр атты немерелерім бар.
- Жолдас аға, пайдалы сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Науқастарыңыз жазылып, емдеріңіз шипасын берсін!
Сұхбаттасқан – Шаргүл Қасымханқызы














