2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша Орал қаласындағы мектеп оқушыларының 97 пайызы жазғы демалыспен қамтылды. Бұл туралы қалалық білім беру бөлімінің басшысы Әлия Қайыржанова мәлімдеді.
Қаланың бас мұғалімінің айтуынша, биылғы жаз мезгілінде облыс орталығының білім беру ұйымдарында жазғы мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы кең ауқымда ұйымдастырылған.
– Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, денсаулығын нығайту, шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында әртүрлі бағыттағы тәрбиелік, танымдық, спорттық және экологиялық іс-шаралар өткізілді. Жалпы жазғы маусымда қаланың 50 мектебіндегі тамақтану ұйымдастырылған лагерьлерде – 18046, ал 53 мектептегі тамақтану ұйымдастырылмаған лагерьлерде 40978 бала демалыспен қамтылды. Лагерьлерде демалушылар үшін «Happy Camp», «Summer Skills», «Жас ұлан – жас көшбасшы» атты мазмұнды жобалар жүзеге асырылып, оқушылардың коммуникативтік қабілетін, шығармашылық ойлауын дамытуға жағдай жасалды. Әр аптада эко-күндер, спорттық сайыстар, интеллектуалды турнирлер, экскурсиялар мен мультимедиялық сабақтар өткізілді. Қалалық ювеналды полициямен бірлесіп, «Қауіпсіз жаз» акциясы аясында құқықтық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар қалалық орталық кітапханамен және музейлермен бірлескен танымдық кездесулер, шеберлік сабақтары өтті. Ата-аналармен ашық алаң форматында өткен «Бала және жазғы қауіпсіздік», «Интернеттегі қауіпсіздік» тақырыптарындағы кездесулер де қызығушылық туғызды. Сондай-ақ балалар облыстық «AGROFEST» фестиваліне белсенді қатысты. Бұл – жазғы демалысты тек сауықтырумен ғана емес, танымдық-шығармашылық бағытта тиімді ұйымдастырудың нәтижесі, – дейді Әлия Зұлқарнайқызы.
Бұлардан бөлек жыл сайын жазғы демалыс уақытында оралдық мектептердің жекеленген санаттағы оқушылары үшін республикалық қалаларға танымдық сапарлар ұйымдастырылады екен. Биыл қалалық білім беру бөлімі әлеуметтік осал санаттағы балалардың бос уақытын тиімді өткізуге және танымдық көкжиегін кеңейтуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға басымдық берген. Айталық, Бурабай курорттық аймағындағы «Лесная сказка», «Браво» лагерьлерінде өткен жазғы демалысқа жекелеген санаттағы отбасылардан шыққан 150 бала толық қамтылған. Олар табиғат аясында тынығып, таза ауада денсаулықтарын нығайтып, спорттық ойындар мен түрлі қызықты іс-шараларға қатысқан. Сонымен қатар оралдық 300-ден астам оқушы үшін еліміздің Астана, Шымкент, Түркістан, Алматы секілді ірі мәдени-тарихи шаһарларына танымдық экскурсиялар ұйымдастырылған. Бұл танымдық және сауықтыру шаралары балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге, олардың елге, тарихқа, мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға және әлеуметтік қолдау сезімін нығайтуға бағытталған.
Бөлім басшысы Ә.Қайыржанова жазғы уақытта Оралдағы 26 мектепте этнолагерьлер жұмыс жасағанын атап өтті.
– Этнолагерьлер мазмұнды да тәрбиелік мәні зор іс-шараларға толы болды. Басты мақсат – ұлттық салт-дәстүрді, мәдениет пен құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпаққа патриоттық сезім мен рухани тәрбие беру. Әр мектептің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақышта безендірілді. Бұл оқушыларға қазақ халқының өмір сүру салтымен жақынырақ танысуға, ата-бабалар мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Этнолагерь аясында ұлттық ойындар ойнату, шеберлік сағаттары, салт-дәстүр сабақтары, ұлттық аспаптарды таныстыру, рухани құндылықтарды насихаттау бағытында іс-шаралар өткізілді. Бұл лагерьлерде тек қана танымдық емес, тәрбиелік бағыттағы жұмыстар да жүргізілді. Ата-аналар мен ардагер ұстаздар кездесулерге шақырылып, балалармен ұлттық болмыс жайлы пікір алмасу ұйымдастырылды. Этнолагерьлердің жұмысы шәкірттердің туған елге, ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрге деген құрметі мен мақтаныш сезімін туындатуда үлкен рөл атқарды, – деді бөлім басшысы. Орал қалалық білім беру бөлімінің бұл бастамасы оқушылардың жазғы уақытын тиімді өткізумен қатар рухани-адамгершілік құндылықтарды олардың бойына сіңірудің жарқын үлгісі болды. Аталған тәжірибе оқу жылы бойына жалғастырылып, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыруда үлкен қолдау боларына сенім мол.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
БҚО Орал қаласы