Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан жазушыларының халықаралық форумы өтті – Ташкент декларациясы қабылданды

Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан жазушыларының халықаралық форумы өтті – Ташкент декларациясы қабылданды

2026 жылғы 2–3 қыркүйекте Ташкент қаласы мен Ташкент облысында Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, Бірінші Баку Түркологиялық Құрылтайының 100 жылдығына, сондай-ақ ұлы өзбек ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаидың 585 жылдығына және әзербайжанның ұлы ақыны әрі ойшылы Низами Гәнжауидің 885 жылдығына арналған әдеби және мәдени-гуманитарлық іс-шаралар кешені өтті. Іс-шараларды Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігі, Ташкент облысының әкімдігі, Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтары ұйымдастырды.

3 қыркүйекте Өзбекстан Республикасының Президенті, Мәртебелі Шавкат Миромонович Мирзиёевтің Әлішер Науаи мен Низами Гәнжауидің мерейтойларына орай халықаралық іс-шаралар өткізу туралы бастамасы аясында ұйымдастырылған «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» атты Өзбекстан және Қазақстан жазушыларының форумы өтті. Форум ортақ әдеби және мәдени мұраны ілгерілетуге, түркі елдері арасындағы байланыстарды нығайтуға және шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды. Форумға Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрі Эъзозхон Каримова, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Саййид, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің (ӨзА) бас директоры Абдусаид Кучимов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, белгілі жазушылар, ақындар, ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Форум бағдарламасы Ташкент қаласындағы ұлы Әлішер Науаи ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Одан кейін Өзбекстан Жазушылар одағында Бірінші Баку Түркологиялық Құрылтайының 100 жылдығына арналған архивтік құжаттардың фотокөрмесі, сондай-ақ Өзбекстан, Қазақстан және Түркі мәдениеті және мұрасы қорының баспа жобалары таныстырылды.

Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Минхожиддин Ходжиматов модераторлық еткен пленарлық отырыс барысында Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы Президенттерінің құттықтаулары жеткізілді. Екі елдің мемлекеттік органдары мен әдеби қауымдастық өкілдері түркі әлеміндегі әдеби және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту үшін Форум мен қабылданатын Ташкент декларациясының айрықша маңызын атап өтті.

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова бауырлас Өзбекстан халқын Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтап, Форумның түркі халықтарының рухани мұрасын сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізудегі ерекше рөлін атап өтті. «Халықтың жарқын болашағы оның тілін, мәдениетін, тарихы мен дәстүрлерін сақтауға, сондай-ақ рухани құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге байланысты», – деп атап өтті профессор Ақтоты Райымқұлова. Қор президенті сондай-ақ соңғы екі жылда ұйым тарапынан түркі халықтарының бай мәдени мұрасын сақтауға, зерттеуге және насихаттауға бағытталған 200-ге жуық жоба мен бастама жүзеге асырылғанын айтты.

Форум аясында «Өзбекстан мен Қазақстанның әдеби диалогы: ортақ мұра, қазіргі заман және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты тақырыптық сессия өтті. Оның қатысушылары Әлішер Науаи мен Низами Гәнжауидің бай мұрасын, бауырлас халықтардың ғасырлар бойғы әдеби байланыстарын, ортақ тарихи-мәдени жадты сақтау мәселелерін және әдебиеттің түркі әлемі халықтарының рухани жақындасуындағы рөлін талқылады.

Бағдарлама «Түркі әлемі әдеби ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Оның аясында ортақ әдеби мұраны сақтау және халықаралық деңгейде ілгерілету, аударма ісін дамыту, жас авторларды қолдау, бірлескен баспа жобаларын жүзеге асыру және әдеби мұраны цифрландыру мәселелері назарға алынды.

Форумның тарихи қорытындысы Ташкент декларациясының қабылдануы болды. Құжатқа Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының төрағалары, сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті қол қойды. Ташкент декларациясы түркі әлемі кеңістігіндегі ұзақ мерзімді әдеби және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындайды. Құжат әдебиет өкілдері арасындағы шығармашылық байланыстарды одан әрі кеңейтуді, ортақ әдеби мұраны зерттеу, аудару және насихаттау жұмыстарын жандандыруды, бірлескен баспа және зерттеу бастамаларын жүзеге асыруды, жас авторларды қолдауды және түркі елдерінің әдеби және мәдени институттары арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуды көздейді. Декларацияның қабылдануы әдеби ынтымақтастықтың тұрақты платформасын қалыптастыру және түркі әлемінің ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістігін одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

Форум қарсаңында, 2026 жылғы 2 қыркүйекте Ташкент облысы Бостанлық ауданының Қараманас ауылында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен көрнекті қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі берілген №34 орта мектепте 2026–2027 оқу жылының басталуына арналған салтанатты рәсім өтті.

Рахметолла Райымқұлов – жазушы, драматург, аудармашы, Ұлы Отан соғысының ардагері және қоғам қайраткері. Оның әдеби мұрасы Қазақстан мәдениетінде лайықты орын алып, қазақ және өзбек халықтарының көпжылдық әдеби және рухани байланыстарын нығайтуға қызмет етеді.

Салтанатты рәсімге мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері, қоғам қайраткерлері, Қазақстан мен Өзбекстанның белгілі жазушылары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шара аясында Алғашқы қоңырау соғылып, «Рахметолла Райымқұлов: ұрпақтарды сабақтастырған мұра» атты ашық сабақ өтті. Қатысушыларға жаңартылған мектеп кітапханасы мен жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған мемориалдық бұрыш таныстырылды. Мектеп кітапханасының қоры қазақ және өзбек әдебиетінің жаңа басылымдарымен толықтырылды.

2–3 қыркүйекте өткен іс-шаралар түркі елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңызды алаңына айналып, тарихи жадты сақтауға, әдеби диалогты дамытуға және түркі әлемінің бай рухани мұрасын ілгерілетуге деген ортақ ұмтылысты айқындады.

05.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27460
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26965
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44297
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40051
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44633