Еліміз Тынық мұхиты мен Азия өңірінде жоғары білім туралы біліктіліктерді мойындау жөніндегі өңірлік конвенцияны (Токио конвенциясын) ратификациялап, жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам жасады. Бұл шешімді ЮНЕСКО құптап, Қазақстанның әділ әрі ашық біліктіліктерді тану ісіндегі көшбасшылығын атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Конвенцияны ратификациялау Қазақстанның жоғары білім жүйесін халықаралық стандарттарға жақындату, дипломдар мен біліктіліктерді танудың ашық, сенімді және әділ тетіктерін қалыптастыру жолындағы жүйелі саясатының жалғасы. Токио конвенциясына қосылу жоғары оқу орындары арасындағы өзара сенімді арттырып, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейтеді әрі Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты өңірінде ықпалдасқан білім кеңістігін қалыптастыруға жол ашады.
Қазақстанның бұл шешімі елді Орталық Азиядағы білім беру хабына айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатпен тығыз байланысты. Бұл басымдық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында айқындалған. Конвенцияны ратификациялау ұлттық біліктілік жүйесіне және оны тану тетіктеріне деген халықаралық сенімді күшейтеді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл қадамның практикалық мәні зор.
«Конвенция дипломдар мен біліктіліктерді өзара тануды жеңілдетіп, түлектеріміздің Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі білім беру және кәсіби мүмкіндіктерге қол жеткізуін кеңейтеді. Сондай-ақ отандық университеттерге шетелдік студенттерді тартуға ықпал етеді. Бұл жоғары білім жүйеміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елді тартымды өңірлік білім орталығы ретінде танытады», деді министр.
2011 жылы қабылданып, 2018 жылы күшіне енген Токио конвенциясы біліктіліктерді танудың өңірлік архитектурасын жаңғыртып, ашықтық, сапаны қамтамасыз ету, ақпарат алмасу және әділдік қағидаттарын бекітті. Құжат біліктіліктерді бағалауда әкімшілік кедергілерге емес, оқу нәтижелеріне сүйенуді міндеттейді.
ЮНЕСКО Қазақстанмен біліктіліктерді тану саласында ұлттық әлеуетті нығайту мақсатында көп жылдан бері тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Бұл бағыттағы белсенді қатысу өңірлік диалогты күшейтіп, озық тәжірибелерді дамытуға мүмкіндік берді.
Алматыдағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің директоры Әмір Пирич Қазақстанды Орталық Азияда Токио конвенциясын ратификациялаған алғашқы мемлекет ретінде құттықтады.
«Бұл шешім Қазақстанның инклюзивті әрі әділ біліктіліктерді тану қағидаттарына, жоғары білімдегі халықаралық стандарттарға адалдығын көрсетеді және елді өңірлік білім хабына айналдыру стратегиясына елеулі үлес қосады», деді ол.
Қазақстан ратификациялық грамотаны ЮНЕСКО-ға тапсырғаннан кейін үш ай өткен соң Токио конвенциясының толыққанды қатысушысына айналады. Құжатты іске асыру жоғары білімді басқару жүйесін нығайтып, Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты өңірінде өзара байланысқан әрі орнықты білім кеңістігін қалыптастыруға, сондай-ақ Орнықты даму мақсаттарының 4-тармағын жүзеге асыруға серпін береді.














