Түркістанда шетел әншілері қазақ әнін шырқады

Түркістанда шетел әншілері қазақ әнін шырқады

Ән мен рухтың тоғысқан мекені – Тұран төрі тағы да жаһан жұртының назарында. Түркістанда халықаралық «Voice of Turan – 2025» қазақ әндері фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған өнер додасына әлемнің 17 елінен келген дарынды әншілер қатысып, қазақ ән өнерінің таңдаулы туындыларын шырқады. Фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан, Түркия, Тыва, Тунис, Португалия, Румыния, Куба, Италия, Оңтүстік Африка, Сан Марино, Эквадор, Индонезия, Болгария сияқты алыс-жақын шетелдерден келген өнерпаздар қатысты. Олар Ақан сері, Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Дүйсекеев, Нұрғиса Тілендиев сынды қазақ композиторларының туындыларын орындап, қазақтың бай музыкалық мұрасын жаһан жұртшылығына паш етті.

Алғашқы күні фестиваль қатысушылары еліміздің танымал өнер шеберлерімен бірге қазақ әндерін орындады. Түркістанның қолтаңбасына айналған фестивальге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Португалияның Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал және Түркия және Индонезия елінің өкілдері, шетелден келген өзге де меймандар қатысты. Конкурс қатысушыларын таныстырған бейнеролик көрсетілді. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба жаңа сипатта өрбіді. Ашық аспан астында әуезді ән шырқалып, рухани үндестік тоғысты. «Керуен сарай» кешенінде өткен шара қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Әлемнің әр қиырынан келген әншілер қазақ тілінде ән шырқады. Өңір таланттарының сахналық көрінісі, өнерпаздардың ән шашуы кешке сән берді. Фестивальдің бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров. Еліміздің мәдени беделін әлемге танытуға бағытталған маңызды жобаны облыстың жеті жылдығына орай Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған.

Шетелдік өнерпаздардың көзімен

 

Фестиваль алдында халықаралық қазақ әндері байқауының қатысушыларымен кездесу өтті. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен фестивальдің бас продюсері Мейіржан Алиакбаров шетелдік әншілерге сәт-сапар тіледі. Сонымен қатар қазылар алқасының мүшелері, талант иелері Бағлан Омаров пен Али Оқапов та қатысты. Фестивальдің қазақ өнеріне қосар үлесі зор екенін жеткізді. Шетелден келген әншілер байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылуын атап өтіп, алғысын білдірді. 

«Бүгін мен табиғаттың тылсым сырын, мына әлемнің ғажап сұлулығын жырлайтын ән орындаймын. Бұл шығарма жан-дүниені тербететін табиғатқа шексіз сүйіспеншілікпен қарайтын, сұлулықты жүрегімен сезіне білетін жанға арналған. Қазақ халқының жауһар әні «Назқоңырды» сіздерге арнаймын! Мен жалпы қазақ тілінде алғаш рет ән орындағалы тұрмын! Осы бір сәтті сіздермен бөлісу мен үшін үлкен бақыт. Дайындық барысы маған ерекше шабыт пен қуаныш сыйлады. Сол сезімді сіздердің де жүректеріңізге жеткіземін деп сенемін. Барлық қатысушылар бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық!» – деді эквадорлық қатысушы Паола.

Халықаралық фестивальге қатысушы шетелдік өнерпаздар Түркістан қаласына келіп, киелі шаһардың тарихи-мәдени мұрасымен жақын танысты. Олар ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, ғасырлар тынысы мен көне Түркістанның рухын сезінді. Кесене аумағын аралаған сәтте әрбір кірпіштен тарих пен тылсым үндестігін аңғарып, қазақ халқының рухани ізіне терең бойлады. Түркістан – тек өнердің емес, тарих пен руханияттың да ордасы екеніне шетелдік өнерпаздардың көздері жетті. Экскурсия барысында қатысушылар қазақ халқының дәстүрімен, тұрмысымен және ұлттық болмысымен кеңінен танысып, ерекше әсер алды. Сонымен қатар экскурсия соңында Этноауыл аймағына келіп, «Саялы Сарыағаш» этно-ансамблінің иммерсивті қойылымына қатысып, қазақтың көне күйлерді тыңдап, домбыра, қобыз, сыбызғы секілді ұлттық аспаптарды қолдарына ұстап көрді. Шетелдік өнерпаздар қазақтың бай өнері мен дәстүрлі музыкалық аспаптарына терең қызығушылық танытты. 

«Бұл аспапты бұрын тек интернеттен көрген едім… Енді өз қолымда ұстап тұрмын. Бұл жай дыбыс емес, бұл – жердің тынысы», – деді Башқұртстаннан келген өнерпаз қыз. Түркістанның киелі атмосферасы мен қазақтың мейірімді көңілі шетелдік қонақтардың жүрегін баурап алды. Олардың қазақ мәдениетіне деген ықыласы мен қызығушылығы арнайы құрметпен ескерілді. Қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Олар қазақ мәдениетіне шынайы сүйіспеншілікпен қарап, тілімізді үйренуге, әнімізді айтуға, күйімізді сезінуге қызығушылық танытып отыр.

Қазақ әндері  – әлем назарында

 

Фестивальге дайындық қызу жүргізілді. Әр елден келген қатысушылар сахнаға шығуға бар күш-жігерін салып, күн-түн демей жаттықты. Олар қазақ әнін барынша шеберлікпен орындау үшін вокалдық, тілдік және сахналық шеберліктерін жетілдірді. Ән додасының шешуші кезеңінде әрбір әнші қазақ әндерін өз стилінде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында Мөлдір Әуелбекова мен Маржан Арапбаева, Сәкен Майғазиев өнер көрсетті. «Voice of Turan – 2025» фестивалі Түркістан аспанын әуезді әнге бөлеп қана қоймай, қазақ әнінің құдіретін әлемге тағы бір мәрте танытты. Бұл – өнердің, мәдениет пен руханияттың ұлт пен шекара таңдамайтынын дәлелдеген тағылымды шара.

Қазылар алқасының құрамында еліміздің белгілі өнер майталмандары мен композиторлар, эстрада жұлдыздары болды. Атап айтқанда, қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «МузАрт» ансамблінің солисі Сәкен Майғазиев, сондай-ақ Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Бағлан Омаров, Мархаба Сәби, Әли Оқапов, Мейіржан Алиакбаров қатысушылардың өнерін бағалады. Көп күттірмей халықаралық «Voice of Turan – 2025» қазақ әндері фестивалінің жеңімпаздары анықталды. Байқау қорытындысы бойынша Италия елінен келген талантты әнші Vincenzo Cantiello фестивальдің бас жүлдесіне ие болды. 24 жастағы әнші таңданысын жасырмады. 

«Қазақстанда, әсем Түркістан қаласында болу – мен үшін үлкен құрмет. Біз «Voice of Turan» фестиваліне қатысып жатырмыз, бұл – шынымен де менің шығармашылығым үшін ерекше тәжірибе. Осы мүмкіндік арқылы мен қазақ халқымен танысып жатырмын. Маған таңдауға берілген әндердің ішінен жүрегіме жақын бір әнді таңдадым.  Бұл әннің атауы – «Армандамын Адам боп жаралған соң». Бұл шығарма бір жағынан маған италиялық дәстүрлі музыканы қатты еске салады. Бұл әнді жақсы көремін! Оны Түркістан сахнасында орындауға асықпын – өте әсерлі, сезімге толы шығарма. Мен шын жүректен Қазақстан мәдениеті әлемде, әсіресе Италияда кеңірек танылса екен деп тілеймін. Дегенмен, осы қысқа күндердің өзінде мен қазақ халқының қаншалықты қонақжай, жылы жүзді, мейірімді екенін сезіндім. Бұл жер керемет, ал Түркістанның рухы – шын мәнінде ерекше», – деді ол. 

Кубалық Annys Batista І орын иегері атанса, Эквадор елінің әншісі Paola Condor ІІ орынға лайық деп танылды. Ал ІІІ орынды Сан-Маринодан келген Ilaria Ferrari мен индонезиялық Annisa Anastasia Ayu иеленді. Сондай-ақ үздік ән өңдеуі үшін Тунис елінен Gahbiche Aymen Түркістан облысы әкімінің арнайы жүлдесіне ие болды. Сайзана Сюрюн (Тыва), Thami Mbata (Оңтүстік Африка), Maria Joao (Португалия), Урмат Токамбаев (Қырғызстан), Алмас Хусаинов (Татарстан) байқаудың дипломанты атанды. Сонымен қатар барлық қатысушыға естелік сыйлықтар мен диплом табысталды.

Қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттауды мақсат еткен бұл фестиваль жоғары деңгейде өтті. Сонымен қатар Түркі әлемінің рухани астанасы саналған киелі Түркістанды таныта түскендей. Қазақ ән өнері әлемге таныла берсін!

 

Тұрсынай ШАМЕТОВА,

Түркістан қаласы

 

27.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14857
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14755
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29902
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28519
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32080